Мемлекет басшысының VIII Азаматтық форумда сөйлеген сөзі биылғы 5 қазандағы халыққа Жолдауының заңды жалғасы іспетті болды. Жолдауда азаматтық қоғамға деген месседждер – қазақстандықтардың жүргізіліп жатқан өзгерістерге қатыстылығы, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы ҮЕҰ рөлін арттыру, кері байланысты нығайту, жаңғыртудың жобалық офисін ашу туралы кеңінен қамтылған еді. Форумда қазақстандықтардың өмір сүру сапасы туралы салиқалы сөз қозғалды.
Біз үшін қоғамдық даму моделін жаңадан сараптайтын уақыт келді. Алдымыздағы сын-тәуекелдерді еңсеру үшін мемлекеттің күші жеткіліксіз. Оған барлық азаматтар тартылуы қажет. Қоғамдық даму министрлігінің құрылуы – осы саланы қайта жандандыру, жаңғырту үшін билік тарапынан жасалған нақты қадам десе де болады.
Ішкі саясат сыртқы саяси жетістіктермен үнемі ұштасып, қанаттасып отыруы тиіс. Міне, осы тұрғыдан алғанда, VIII азаматтық форумның аясында мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы соңғы он бес жылда болмаған ең жоғары деңгейдегі диалог болды деп сеніммен айта аламыз.
Жалпы, бұған дейінгі өткен азаматтық форумдардың да тарихи мәнін түсінуіміз керек. 2003 және 2005 жылдардағы форум мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) арасындағы өзара іс-қимылдың тұтас институционалдық базасын орнатуға мүмкіндік берді. Саяси диалогтар сериясынан кейін азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада нақты бағыттар белгіленіп, қоғамдық кеңестер жүйесін дамытуға, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың тиімділігін бағалауды қалыптастыруға қатысты шаралар қабылданды.
Солай бола тұра, «Мемлекет дамуының жаңа кезеңінде азаматтық қоғам, қоғамдық келісімнің шарты қандай болуы тиіс?» деген ауқымды сауалдарға жауап берілмеген соң, көзқарастардың уақытша алшақтығы пайда болды. Оның орнын әртүрлі идеологиялық қайшылықтар толтырғанымен, олар саяси жұмыстың нақты мазмұнын алмастыра алмады.
Бұл ретте Президенттің 2018 жылғы 28 қарашада форумда айтқан идеялары мен тапсырмалары Қазақстандағы азаматтық секторды жандандырып, дамытуға серпін беріп отыр.
Біріншіден, Мемлекет басшысы ҮЕҰ қаржыландыру үшін олардың өз мәртебесін растайтын жаңа цифрлы шешім әзірлеуді тапсырды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жетілдіру қажеттігі туындап отыр. Оның мемлекеттік сатып алудың тендерлік қағидаттарына негізделуі үкіметтік емес сектор құрылымының бұзылуына алып келді. Осының салдарынан ҮЕҰ-ның мемлекеттің қолына қарап отыратын, салық төлеушілердің ақшасына өмір сүретін және бір күндік тұтас конгломераты пайда болды.
Елді саяси жаңғырту процесіндегі жаңалық − енді верификацияланған ҮЕҰ электронды тізілімін қалыптастыру ерікті негізде жүргізілетін болады. Әрине, мемлекет іске асырылып жатқан жобалар жөніндегі мәліметтер туралы есеп беруді ол ұйымдардың жауапкершілігінде қалдырады.
Белгілі бір кезеңде осы екі аталған құрал параллель әрекет етеді. Ең бастысы, біз ҮЕҰ-ны есептілікті тапсыруға мәжбүрлейтін парадоксалды жағдайдан құтылатын боламыз. Бұл өз еркімен іске асырылуы керек. Бірақ тек ашық және аудиттелген есебі бар ҮЕҰ қаржыландыруға ұсынылуы тиіс.
Сонда секторлар арасында өзара сенім орнайды.
Бұл ретте ҮЕҰ электронды тізілімі бизнес пен донорлар үшін тірек болуы тиіс.
Блокчейндер мен смарт-келісімшарттардың қазіргі заманғы әдістері арқылы ҮЕҰ-ны қаржыландыруға арналған конкурстық рәсімдер жеңілдетіледі. Бюрократиялық кедергілер азаяды.
ҮЕҰ-ның статистикалық есептерін ретке келтіру және біріздендіру, ұйымдық-құқықтық жағынан жетілдіру қажет. Әрекетсіз ҮЕҰ үлесін қысқарту үшін банкроттық тәсілді қолдануға болады.
Екіншіден, Азаматтық форумның бастамасына сәйкес үкіметтік емес сектор экономиканың неғұрлым үйлесімді және синергиялық бөлігі болуы тиіс.
Азаматтық форум құрылған 15 жыл ішінде мемлекеттік- әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру 65 есеге өсті. Алайда біздегі ҮЕҰ секторында жұмыспен қамту еңбекке қабілетті халықтың кемінде бір пайызын құрайды, ал әлемдік тәжірибеде бұл көрсеткіш 15-20% - ға жетеді.
Сонымен қатар бізде еріктілікті дамыту бойынша үлкен әлеует бар. Оны ақысыз еңбек факторы ретінде қабылдағанмен, ол да салымдарды талап етеді. Қазақстанға волонтерлер бойынша тәжірибе де, әріптестік те қажет.
Қазақстан KPI деп аталатын стратегиялық жоспарларды қалыптастырудың әлемдік парадигмасына сүйенеді, алайда мұның бәрі тиісті азаматтық бақылауды талап етеді. Мысалы, 2010 жылдан бастап елімізде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау қолданылып келеді, алайда бізде оны мемлекеттік органдардың өздері жасайды. Әлемде мұны ҮЕҰ іске асырады. Немесе форумда айтылған ұсыныстардың бірі − жолдаулар мен стратегиялық жоспарларды насихаттауда дәстүрлі ақпаратты-насихаттық топтардың орнын ҮЕҰ басуы керек.
Іс жүзінде біз үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдарға кіруіне шектеу бар екенін білеміз. Оны азайту үшін жаңа тәжірибелер мен әлеуметтік технологияларды тарту қажет. Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан бастап, барлық мемлекеттік органдарға барудың кедергісіз үлгілерін жасау керек.
Қазір Бас прокуратура, Алматы, Астана әкімдіктері, Жоғарғы сот осы үлгіге көшті. Бірақ мұның бәрі тұрақты және стандартталған болуы тиіс. Біз мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіреміз, алайда бұл өзара іс-қимылға қажеттілікті аяғына дейін алып тастамайды. Халықпен кері байланыс болуы шарт.
Сондай-ақ ҮЕҰ-ның экономикаға неғұрлым тығыз кірігуі аясында қазақстандық бизнестің азаматтық қоғам мен әлеуметтік жауапкершілікке бет бұра бастағанын айтқан жөн. Бұл жолда, яғни қайырымдылық пен донор болғысы келетіндер үшін және оларды қолдауға мұқтаж адамдар бір-бірін табу үшін көптеген кедергілерді жою керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, бизнестің азаматтық қоғам институттарын дамытудағы үлесін кем дегенде төрт есе ұлғайту керек.
Үшіншіден, өткен Азаматтық форум мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы диалог үшін жаңа формат болды.
Біз мемлекет үшін не істеу керектігін күтпей-ақ, көп нәрсені өздері жасағысы келетін азаматтардың жоғары рухына және дайындығына куә болдық. Қазақстанда қолдаушыдан ынталандырушыға ауысудың қоғамдық трансформациясы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта біз әр азаматтың әлеуетін қалауынша іске асыруға мүмкіндік беретін мемлекет туралы айтуымыз керек.
Бұл тұрғыда біз үшін нақты ІЖӨ-нің қарапайым өлшеміне қарағанда жоғары болатын өмір сапасын бағалаудың инклюзивті әдіснамасын таңдау маңызды.
Сондықтан осы Азаматтық форумда БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттары басшылыққа алынды. 17 тұрақты даму мақсаты мен 169 индикаторды талқылау Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерінің қолдауымен бес алаңда өткізілді.
Төртіншіден, форумда Мемлекет басшысы 2025 жылға дейінгі қоғамдық даму тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Бұл міндет Үкіметтің 2025 жылға дейін қабылданған стратегиялық жоспарымен үйлесіп отыр.
Алдағы уақытта біз ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, өзгерістерге де дайын болуымыз керек.
2019 жылы Жастар жылы деп жарияланды және бұл кездейсоқтық емес. Екі-үш жылдан кейін халық санының өсуін күтіп отырмыз. Бұл 90-жылдардағы демографиялық құлдыраудан құтылу үшін серпіліс болмақ. Қоғам құрылымындағы жастар саны мен үлес салмағы өседі. Сол үшін де инфрақұрылым, мектептер, ең бастысы құндылықтар институттарын дайындауға тиіспіз. Енді ұлт инвестицияны жастарға салуы керек. Жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, сапалы креативті жұмыс орындарын ұсыну жөніндегі база қажет болады.
Осыған орай азаматтық сектор да топтасуы қажет. Мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы дамып келе жатқан диалогтың өзегі Қазақстанның Азаматтық альянсы болуға тиіс.
Біз оны қайта құрылымдауды аяқтауымыз керек және ең маңыздысы, үкіметтік емес сектордағы сананы өзгерткен абзал.
Бізге бұл саланы дамытып, соның ішінде жастар бастамаларын қолдаған дұрыс. Ауылдық ҮЕҰ-ны, жергілікті қоғамдастықтардың тұрақтылығына бағытталған жобаларды дамыту компоненті кеңейтілуі тиіс.
Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметтің 2019-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленуде, оған форумда азаматтық сектор өкілдері айтқан ұсыныстардың барлығы енгізіледі.
Қазір Қоғамдық даму министрлігі Қазақстанның азаматтық альянсымен бірлесе отырып, осы мәселені пысықтап жатыр. 90-ға жуық ұсыным 13 бағыт бойынша түсті. Оның ішінде заң жобаларын қарауда және саяси шешімдер қабылдауда ҮЕҰ рөлін күшейту, ҮЕҰ туралы заңнаманы жетілдіру, терминологиялық және ұғымдық жұмыс, ҮЕҰ-ның ұйымдық-құқықтық нысандарын қайта жасақтау мәселелері бар.
Сонымен қатар Үкіметтің ашықтығы мен айқындылығын арттыру, ол үшін ең үздік әлемдік тәжірибені алу.
Бюджет ашықтығы бастамасын қолдау;
Инклюзивті қоғам құру, даму ерекшеліктері бар балаларға қызмет көрсететін ҮЕҰ ынталандыру, патронаттық тәрбие нысандарын дамыту, жетім балалар санын азайту. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту;
Азаматтық белсенділікті дамытуға және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарымен жұмыс істеуге бағытталған ҮЕҰ жобаларын ақпараттық қолдау;
Ауылдық жерлердегі жобаларды қолдау. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудағы ҮЕҰ рөлін арттыру;
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты және үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру жүйесін, салық заңнамасын жетілдіру, ҮЕҰ жобаларына донорлардың қаражатын тарту. Медиация институтын дамытуға ҮЕҰ тарту;
БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын имплементациялау. Азаматтық қоғамдардың диалогы арқылы сыртқы байланыстар мен байланыстарды дамыту;
Сондай-ақ азаматтық бақылау, азаматтық мәдениетке баулу мен әлеуметтік инновациялар қамтылған.
Осы нақты ұсыныстар мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге келісуге жіберіледі. Азаматтық қоғам өкілдерімен талқыланады.
Бұл істі біз жақында, уәкілетті орган жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында бастап кетеміз.
Тұтастай алғанда, Үкімет бағдарламаның ауқымын анықтауы тиіс. Қолымыздан келетін немесе ойластыруды талап ететін мәселелерді объективті бағалау қажет.
Ең бастысы, форум бізге кері жолдың жоқ екенін көрсетті. Бір орында тұруға болмайды. Инерциялық модель бойынша да қозғалуға болмайды. Азаматтық қоғамды жаңартып, жаңғыртуда орасан серпіліс жасау керек. Себебі азаматтық қоғам қазіргі әлемдегі тәуекелдердің алдында мемлекеттің сенімді одақтасына айналады.
Барлық қиындықты ауызбірлікпен ғана жеңе аламыз.
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Қоғамдық даму министрі