Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2018

Ел мен елді жалғаған жол

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Н.Назарбае­втың қатысуы­мен болған жалпыұлт­тық телекөпір барысында Орал – Тасқала – Ресей шекарасы бағытындағы күре жол толық пайдалануға берілді. 

Ел мен елді жалғаған жол

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен халықаралық күре жолдың ұзындығы − 100 шақырым. Страте­гия­­лық маңызға ие автожолдың ел эконо­ми­ка­­сын жандандыруға тигізер пайдасы зор. Әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халық­ара­лық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүм­­кіндік береді. 2018 жылдың өзінде 1,2 млн транзиттік көлік, 4 млн адам Орал қала­сы арқылы өткен екен. Алдағы жылдары көлік тасқыны бұдан да көбейеді дейді мамандар.

ІІ техникалық санат бойынша жөнделген күре жол жобасының тапсырыс берушісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ болса, «Uniserv» ЖШС бұл істі екі жыл ішінде атқарып шығыпты. Құрылысқа барлығы 1500 адам тартылған. Асфальтбетонды жол табанының жалпақтығы 9 метр, сапасы дөңгелек негізіне түскен 13 тонна салмақты көтере алады. Тәулігіне 4403 көлік өткізе алатын күре жолды ел мен елді жалғап, мемлекет экономикасына нәр беретін күретамыр десе болғандай.

− Ресейге Ақтөбе арқылы, Орал арқылы шы­ға­тын жолдар жаңарып жатыр. Енді Ресей де өз тарап­ынан осы бастаманы жалғайды деп ой­лай­мыз.

Сонда Еуропамен біздің қарым-қа­ты­на­­сымыз жақындай түседі. Табыс­ты болың­­дар! Құттықтаймын. Кірісейік жұмыс­қа! – деді Елбасы жалпыхалықтық телекөпір кезінде жаңа жолдағы қозғалысты бастап беріп. 

– Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде жыл сайын 500 шақырым жол жөнделіп жатыр. Соның ішінде биыл республикалық маңызы бар 285 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Жол салуға бөлінген қаржы көлемі де 7-8 млрд теңгеге жетіп, көбеюде. Міне, соның игілігін ел көріп, «Орал – Тасқала – Озинки РФ» жолы пайдалануға берілді, − дейді облыс әкімі А.Көлгінов.

Өңірде Орал қаласы арқылы өтетін халық­ара­лық жол түйіндері, оны оңтайлан­дыру ісі қар­қынды жүруде. Мәселен, Атыраудан келе­тін күре жолды Оралдың айналма жолы арқы­лы Саратов күре жолына қосатын 32 шақы­рым­дық жол бөлігі келесі жылы іске қосылмақ. Оның 20 шақырымы қазірдің өзін­де әзір. Бұдан бөлек Саратов пен Сама­ра қалаларына шығатын күре жолдар да Орал қаласының айналма жолы арқылы жалғанады.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы