Ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі емес пе, бұл күнде еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосып, Өспен ауылының мақтанышына айналып жүрген азаматтар көп. Солардың бірі – Қорғаныс министрлігінің кадрлар және білім департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Көпбаев. Бұл азамат туралы сөз қозғалар болса, Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қорғаныс саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету ісін кешенді түрде жүзеге асырып жүрген еңбегі өз алдына, ең алдымен оның туған ауылына түйірдей болса да жақсылық жасағысы келіп тұратын ерекше қасиетін айтқан жөн болар еді.
Осыдан үш жыл бұрын ба екен, Қайрат Рашидұлының бастамасымен Өспенде Аманжол Әлтаев бастаған елімізге танымал ақындар арасында айтыс ұйымдастырылды. Сондағы мақсат – жерлестері елге сыйлы ақындардың жүзін көріп, жырын тыңдап, рухани тұрғыда жан сарайын байытса деген тілектен туған еді. Шынында да, ауыл халқы түрлерін көгілдір экраннан ғана көріп жүрген Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Дидар Қамиев және басқа да есімдері елімізге мәшһүр айтыс ақындарының өнерін тамашалап, бір жырғап қалған еді-ау, сонда.
* * *
Генерал Көпбаевтың туған ауылына деген көшелі істері туралы Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов, ұстазы Жұмағали Мағзиев майын тамызып, сүйсіне отырып айтады.
– Мен Жезқазған педагогикалық институтын тәмамдап, жолдамамен Өспен аулындағы орта мектепке келгенде, Қайраттар 10-сыныпты оқиды екен, – дейді генералдың ұстазы, қазіргі уақытта Қарағанды технология және қызмет көрсету техникумының директоры болып істейтін Жұмағали Мағзиев. – Қайрат сол кездің өзінде айналасына жақсылық жасауға әзір тұратын көркем мінезімен көзге түсетін. Мектепте қандай қоғамдық жұмыс болса, соның бел ортасында білекті түріп тастап Қайрат жүруші еді.
Иә, Қайрекең жасынан көпшіл болып өсті. Қолынан келгенінше кісі баласына көмек көрсетуге бейіл тұру – бала жасынан қанына сіңген ғадет-тұғын. «Елдің батасын, ризалығын ал», деуші еді әкесі Рашид. «Жақсылық жаса. Адамнан қайтпаса да, Алладан қайтады», деп отыратын Бүркітбай атасы.
Ауылға келіп-кетіп жүргенінде жастардың шаң-шаң болып, борпылдаған топырақ үстінде футбол ойнап жүргенін талай көрген. Қайтсем стадион салып беремін деп көп ойланушы еді. Сөйтіп жүргенінде бұл істің де орайы келе қалған. Бірде «Астана Арена» стадионына футбол ойнауға барғанында, сыртта таудай болып үйіліп жатқан жасанды көгалды көзі шалды. Сұрастыра келсе, стадионның бұл төсеніші УЕФА талаптарына сай болмағандықтан сыртқа шығарылып, орнына жаңадан көгал төселген екен. Ешкімге керексіз, енді болмаса қоқысқа тасталмақшы. «Сабақты ине сәтімен» деген осы емес пе?! Қайрекең көп ойланып жатпады, шапшаң қимылдаған...
Астанадағы ауылдастары ұйымшылдық танытты. Бірі жүк тиегіш техника тапса, енді бірі жүк көлігін көлденең тартып, әп-сәттің ішінде әлгі жасанды көгалды сыйғанынша тиеп алып, Өспен қайдасың деп тартып отырған. Басында төсенішті жерге жая салып, сыртын қоршап тастаймыз деп ойлаған. Сөйтсе, мұның жұмысы көп екен. Әуелі болашақ стадионның табаны қырылып, тегістелді. Содан кейін барып ұсақ тас төселіп, үстіне құм, топырақ жайылды, ауыр машинамен тапталды. Осы жұмысқа ондаған техника жұмылдырылды. Жұмысқа бүкіл ауыл жабылып кеткен еді. Нәтижесінде, қарапайым инженерлік талаптарға жауап беретін, сырты қоршалған, төрт бұрышынан арнайы шамдар орнатылған шап-шағын стадион бой көтерді. «Ең бастысы, алаңға «Астана Аренада» талай футбол жұлдыздарының табаны тиген жасанды көгал төселді», деп күледі Қайрат Рашидұлы.
Қазір Өспеннің жастары түннің бір уағына дейін осы жерде футбол ойнайды. Кейде ауылдағы достарының түн ішінде телефон соғатыны бар. «Әй, Қайреке, міне сағат түнгі 12 болды. Балам әлі жоқ. Сенің стадионыңда доп қуалап жүр», деп бұған «өкпе» айтады.
Қайрат Рашидұлының алдағы уақытта қолға алмақшы шаруасының бірі – туған ауылында саябақ салу. Қазіргі уақытта оған арналған жер телімі жөніндегі мәселе жергілікті әкімдікте шешіліп жатыр. Ал Қайрат Рашидұлы болса, саябақтың суарылған темірден істелінген шарбақтарын дайындап қойған. Өскемендегі жолдастарымен хабарласып, олардың сирек кездесетін тал-терек жағынан көмектесеміз деген уәдесін де алған.
– Бұл саябақтың ұзындығы 40 метр, ені 30 метр болады. Демалыс орнының орта тұсында субұрқақ болады. Саябақтың төріне шағын сахна қоймақшымыз. Мереке күндері ұйымдастырылатын түрлі шаралар үшін қажеті болады. Қала берді кешқұрым ауыл жастары жиыла қалғанда, ән салып, көңіл көтеруіне де мол мүмкіндік туар еді. Сонан кейін бұл жерде жас жұбайлар ағаш отырғызуды дәстүрге айналдыратын болады, – дейді Қайрат Рашидұлы.
Әкесі Рашид Бүркітбайұлы оншақты жыл Өспен кеңшарын басқарып, туған өлкенің түлеуіне сүбелі үлес қосқан жан еді. «Бұл кісінің еңбегі Өспен өңіріне бір кісідей сіңді. Саябақ сәтімен салынып біткен соң, біз ауыл тұрғындары атынан бұл демалыс орнына Рашид Бүркітбайұылының есімін беру туралы ұсыныспен шықпақшымыз», дейді аудан әкімі Марат Жандәулетов.
* * *
«Жалпы, – деп сыр ақтарады Қайрат Рашидұлы, – асып-тасып бара жатқан байлығымыз жоқ. Осы жұмыстардың барлығын ауылдастарымның қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз. Бюджеттің бір тиынына жармасқан емеспіз, тіпті өз қалтамыздан шығын да шығып жатқан жоқ. Бәрі де істің қиюын таба білуде. Жұмылдыра білсең, жабылып кетсең – алынбайтын қамал жоқ. «Көп тілеуі – көл» деген рас екен».
Туған ауылынан үй салу генерал Көпбаевтың ойында көптен бері жүретін. Тіпті болашақ үйдің орнын белгілеп, қазығын қағып та қойған. Сөйтіп жүргенінде сол маңда тұратын бір ауылдасының үй сатайын деп жүргенін кездейсоқ естіп қалған. Көктен тілегені жерден табылғандай қуанды. Көп ойланып жатпастан, әлгі үйді сатып алды да, іші-сыртына жөндеу жасап, құстың ұясындай қылып қойды. Туған ауылына келгенінде түсетін үй таба алмай қиналған жері жоқ-тын. Десе де, «Өз үйім, кең сарайдай боз үйім» демекші, аяқты созып жіберіп, емін-еркін жататын өз үйіңнің болғанына не жетсін?!
– Әскери қызметкер болған соң, генерал шенін алсам дегенді армандадық. Құдайға шүкір, бұл арманға да жеттік. Енді ерте ме, кеш пе, түбі еңбек демалысына шығатынымыз анық. Міне, сол күн туа қалса, туған ауылыма барып тұрсам ба деген ой да бар, – деп сыр ашады Қайрат Рашидұлы.
Міне, Өспен ауылының тұңғыш әскери генералы Қайрат Көпбаев өзінің туған жеріне туды осылайша тікті. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты әйгілі мақаласында былай деп жазған еді: «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады». Рас сөз. Қайрат Рашидұлы сияқты әрбір азамат кіндік қаны тамған топырақты жан-тәнімен сүйе білсе, қанатымен су сепкен қарлығаштай қолынан келген жақсылығын істей алса, онда туған ауылдың ажары қайтіп кірмесін. Ал ажарлы ауыл әл-ауқаты арта түскен Қазақ елінің бет-бейнесі ғана емес, құт-берекесі емес пе?!
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы