Италияның премьер-министрі Джузеппе Контеге жолданған ресми хатта оның үкіметінің жаңа фискалдық шаралары(парламент мұны жыл соңына қарай қабылдаған жағдайда Брюссельдің рәсімді іске қосу туралы ұсыныстан бас тартуына мүмкіндік туады) Еурокомиссия назарында екендігі айтылған.
«Шындықты айтар болсақ: шешім мінсіз емес. Бірақ ол шамадан тыс тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай шешім итальяндық бюджеттің ЕО Тұрақтылығы мен Даму пактісіне сәйкес емес тұстарын түзетеді», деді еуро және әлеуметтік диалог мәселелері жөніндегі еурокомиссар Валдис Домбровскис.
Қазіргі Үкімет ұсынған Италия бюджетінің бастапқы нұсқасы Брюссельмен ұйғарылған 1,8%-дың орнына ЖІӨ-нің 2,4% тапшылығымен есептелген. Нәтижесінде тараптар 2,04% - ға тоқталды. Сондай-ақ Италия үкіметі өзінің өсім мүмкіндігін жылдық 1,5% - дан неғұрлым болу мүмкіндігі жоғары 1% - ға дейін төмендетуге, жұмыссыздар мен халықтың кедей бөлігі үшін базалық кірісті ескеріп, сондай-ақ зейнеткерлік жасты төмендетуге байланысты шығын баптарын төмендетуге келісті. Сонымен қатар Үкімет осы реформалардан толық бас тартқан жоқ.
Премьер-министр Конте қол жеткізілген келісімді ортақ жеңіс деп есептейді және Италия үкіметінің тарапынан болған жеңілдікке қарамастан уәделерін де ұмытпағанын айтты: «Біз экономикалық дағдарысты одан әрі қиындатқан және табыстардың сарқылуына, тұтынудың қысқаруына және халықтың көп бөлігінің кедейленуіне әкелетін қатаң саясатты өзгертуді қалаймыз», - деді Конте.
2019 жылға арналған Италия ұсынған қосымша фискалдық шаралардың құны 10,25 млрд еуродан сәл артық, бірақ ЕО ережелерінің құрылымдық бұзылуы да жаңартылған бюджетте нөлге теңестірілді.
Соңғы хабарлар бойынша 10 жылдық итальяндық мемлекеттік қордың табыстылығы 18 базистік пунктке, яғни 2,75% - ға дейін түсіп, үш айлық минимумды жаңартты. Милан қор биржасының FTSE MIB индексі 1,6% - ға көтерілді.
Дайындаған Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Егемен Қазақстан»