Бокс • 20 Желтоқсан, 2018

Жас боксшылар бәсекесін спорт жұлдыздары тамашалады

760 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Жолдыбай Қайыпов атындағы ауылында Тәуелсіздік күніне орай бокстан балалар мен жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті.  

Жас боксшылар бәсекесін спорт жұлдыздары тамашалады

Джиу-джитсу өнерінің көжалдары, елімізге еңбек сіңірген спорт шеберлері Шыңғыс Қасымов пен Қанат Жақыпбаевтың жүлдесі үшін өткен жарыста Қазақстанның бірқатар аймағы және Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген 200-ге тарта балғын боксшылар бақ сынады. Сол турнирді тамашалау үшін Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы, грек-рим күресінен Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, бокстан Олимпиадалық даярлау орталығының директоры, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов пен оның жеке бапкері Тұрсынғали Еділов, КСРО кубогының иегері Болат Сағындықов, дзюдодан әлем чемпионаты мен Азия ойындарының жүлдегері, самбодан әлем чемпионы Азамат Мұқанов, Қазақстанның студенттер құрамасының аға жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасов және басқа да ел спортының дамуына орасан зор үлес қосып жүрген азаматтар Жолдыбай Қайыпов атындағы ауылға арнайы ат басын бұрды.

Жарыстың жабылу салтанатында сөз сөйлеген даңқы боксшымыз, Олимпия ойындарының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов: «Бүгінгі таңда ел боксының қарқынды дамып келе жатқанын ауылда өткен осындай жарыстардан-ақ байқауға болады. Мен бүгін бірқатар қызықты жекпе-жектердің куәсі болдым. Әр өңірден дарынды балалардың көптеп шығып жатқанына қатты қуандым. Келесі жылы осы жас ерекшеліктері бойынша ел біріншілігінің жалауы желбірейді. Бүгінгі турнирде топ жарған боксшылар сол жарыста да өздерін жақсы қырынан көрсетеді деп ойлаймын. Ең бастысы, жас өрендер ерінбей еңбектенуі керек. Жаттығу залында аянбай тер төгіп, жауапты жарыстарда барын салса, алынбайтын қамал жоқ. Мен өзім де осындай турнирлерге қатыса жүріп ысылдым. Сол арқылы шеберлігім шындалып, ақыры Олимпия ойындарының алтын тұғырына көтерілдім. Егер бокс өнеріне адалдық танытатын болсаңдар, сендер де сондай биікке көтерілесіңдер», – деп жас өрендерге өз ақыл-кеңесін берді.  

Естеріңізге сала кетейік, осы жарыс иелері Шыңғыс Қасымов пен Қанат Жақыпбаевтың екеуінің де спорттық жолы бокстан басталған. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасында жұдырықтаса жүріп, олар спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жетті. Кейіннен джиу-джитсу өнеріне мықтап ден қойып, көптеген дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Тарқатып айтсақ, әлем және Азия чемпионаттарында үш реттен бас жүлдені олжалаған Шығыс Қасымов бүгінгі таңда жекпе-жектің бұл түрінен төрткүл дүниедегі ең мықты спортшылардың санатына еркін қосылып отыр. Сол секілді Қанат Жақыпбаевтың да бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Ол әлем және Азия чемпионы.