«Titan FC» – әлемдегі ең ірі промоушендердің бірі. Әр жылдары осы ұйымда өнер көрсеткен 74 спортшы уақыт оза UFC-де күш сынасу құрметіне ие болды. Біздің де көздегеніміз сол. Сондықтан да «Titan FC» клубымен бірлесіп жұмыс істеу үшін екі жыл бойы еңбектендік. Ақыры ортақ турнир өткізу жайында келісімге қол қойдық. Ертең барлықтарыңызды Алатау баурайында өтетін алапат айқасты тамашалауға шақырамыз. Жеке өз басым, келешекте UFC-де қазақ жігіттерінің қарасы көбейетініне сенімдімін, – дейді «Әлем файтерс» клубының басшысы, осы жарысты ұйымдастырушылардың бірі Ардақ Назаров.
Осы кештің басты жекпе-жегі қазақтың қайсар ұлы Бейбіт Назаров пен америкалық Мартин Браунның арасында өтеді. Олар жеңіл салмақ дәрежесі (70,2 кило) бойынша уақытша әлем чемпионы атағы үшін таласады. Тағы бір маңызда бәсекеде Қазыбек Әшімов пен колумбиялық Хуан Пуэрта күш сынасады. Олар аса жеңіл салмақтың (57 кило) чемпиондық белбеуін сарапқа салады.
- Мен өз қарсыласымды әбден зерттеп алдым да, осы жауапты кездесуге жақсылып тұрып даярландым. Ертең барлығын өздеріңіз де көресіздер. Чемпиондық белбеу біздің елде қалады, – дейді Бейбіт Назаров.
Рейтингтік бәсекелерде Айбек Нұрсейіт, Нұржан Тұтқаев, Руслан Қамзаев, Салауат Бейсенханов және Сырым Бектұрсын сынды қандастарымыз Бразилия, Қырғызстан, Ресей, Әзірбайжан және Қытай спортшыларымен шеберлік байқасады. Олардан бөлек, осы кеште Германия, Голландия және Ямайканың өрендері өнер көрсетеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»