Жуырда Жамбыл облысына Үкімет басшысы жұмыс сапарымен келіп, Президент Жолдауының өңірдегі іске асырылу барысымен танысқаны белгілі. Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығында Премьер-Министрге қанша азаматтың жұмысшы мамандықтары бойынша білім алғаны баяндалды. Әрине мемлекеттің қолдауы нәтижесінде жүзеге асқан жұмыстың жемісі болады. Бірақ Үкімет басшысы 4 мыңнан аса азаматтың қаншасы жұмыспен қамтылғаны туралы орталық директоры Елдос Кеңесбековтен сұрағанында, ол ештеңе білмей дағдарды. Талай жұмыссыз тұрғынның үміт күтіп отырған орталығының басшысы бұл мәселеден бейхабар екен. Тек сырғытпа жауаппен, яғни қырық бес пайызы жұмыспен қамтылды деген сөзбен де құтыла алмады. Үкімет басшысы нақтылап қайта сұрап еді, сол күйі үнсіз қалған. Тым болмаса осындай жауапты кезеңде дайындалуына болады ғой. Басшының міндеті цифр жаттау болмаса да, өзі атқарып отырған жұмысты өзі білмейтіні қай ақылға сыяды. Сонда көбісінің жұмысы тек қызметтік орнына барып-қайту ғана болғаны ма? Әлде тек бұйрық беру істі ілгерілете ме? Ал тиісті мекеме басшылары өздерінің жұмысын осылай білмей жатқанда, өзгелерден не сұрауға болады.
Басшы білмегенді қосшы қайдан біледі. Көпшілік сеніп отырған басшылардың болмашы нәрсені білмеуі қоғамға пайда әкелмесі анық.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы