Қазақстан • 24 Желтоқсан, 2018

Непалдық кәсіпкер Қазығұртта жылдам дайындалатын кеспе шығарады

598 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 2 гектар аумаққа жылдам пісірілетін кеспе шығаратын зауыт өндірісін кеңейту бойынша ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды.

Непалдық кәсіпкер Қазығұртта жылдам дайындалатын кеспе шығарады

Биыл қараша айында Қазығұрттағы өндірісі тоқтап тұрған зауыттың меншік иесі мен Непал елінің тұңғыш миллиардері Бинод Чоудхариге тиесілі «Chaudhary Group» (CG Global) корпорациясы арасында аталған зауытты сатып алу туралы келісім жасалды. Келісім-шарт нәтижесінде жаңа компания қажетті жабдықтарды орнатып, екінші өндірістік желіні салу жұмыстарына кірісті.

Келер жылдың наурыз айында «CG Global» корпорациясының еншілес кәсіпорны «CG Foods Central Asia» компаниясы өндірісті түбегейлі іске қосып, жылына 1100 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр.

«Түркістан облысында бастапқы кезде өнімнің 10 түрін шығаруды көздеп отырмыз. Барлық өндірістік технологиялар еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Зауыт жанынан тағы жаңа цех саламыз, онда кеспеге арналған арнайы дәмдеуіштер шығарылады», дейді «CG Foods Central Asia» компаниясының бас директоры Кишор Лодха.

Аталған тамақ өнімдерін дайындауда 70 пайыз отандық,  30 пайыз Малайзия, Сингапур және Үндістаннан келген шикізаттар пайдаланылмақ. Ал, дайын өнім Орталық Азия елдеріне экспортталады.

«CG Foods Central Asia» компаниясы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды елдерде сатылым нарығын қалыптастырған. Сонымен қатар корпорацияның өнімі Үндістан нарығының 60 пайызын қамдай алады. Әлеуетті тұтынушылар саны шамамен 200 миллионға жуық адамды құрайды. Бұл – өте үлкен көлемдегі нарық. Түркістан облысында кеспе «Wai-wai» брендімен шығарылады. Ол тай тілінен аударғанда «тез-тез» деген мағынаны білдіреді. Жергілікті тұтынушылар үшін өнімнің маңызды тұсы – барлық өнім халал болады», дейді «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы «Turkistan Invest» компаниясының сыртқы байланыстар жөніндегі басқарушы директоры Баян Каюпова.

Аталған инвестициялық жобаға «TURKISTAN INVEST» компаниясының ұжымы үлкен қолдау білдірген. Тиісті құжаттарды дайындау, жер телімін заңдастыру, техникалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге дейін бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетіпті.

«Жобаны іске асыруда жергілікті билік көп көмек көрсетті.  Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған басшылыққа алғыс айтамын. Жоба барысында туындаған мәселелер тез арада шешімін тапты. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Бизнесте ең басты дүние бұл – сенім, ол адал серіктестік құруда және оны ары қарай сәтті дамытуда өте маңызды. «TURKISTAN INVEST» компаниясының іскерлік қарым-қатынастардағы кəсіби біліктілігі ұнады», деді непалдық кәсіпкер.

Жоба аясында 100-ден астам жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту жоспарлануда.

Түркістан облысына инвестиция салуға келген «CG Global» корпорациясының иесі Бинод Чоудхари 2013 жылы Forbes тізіміне енген. Әлемнің 30-дан астам елінде 11 түрлі бағытта жұмыс істейтін 80 компаниядан құралған (6 мың қызметкер) империяны құру үшін оған 40 жыл қажет болды. Бүгінде оның байлығы  1,5 млрд долларды құрайды.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»