Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2018

Халық қадірлеген Халекең еді

812 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Базарда мың кісі кездеседі, әркім сүйгеніне сәлем береді» деген сөз бар қазақта. Рас, мына қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды тіршілігі қайнаған қан базарға теңесек, сол тіршіліктің базарында талай жанмен дәмдес-тұздас, қызметтес болдық, үзеңгілесе еңбек еттік. Бірақ осы талай жанның арасында өміріңнен өшпес орын алып, жүрегіңнің төрінде жарық жұлдыздай жарқырап тұратын адамдар некен-саяқ.

Халық қадірлеген Халекең еді

Сондай саусақпен санарлық аяулы жандардың ішінде қазақ мұнайының бастауында тұрған, елінің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен халық перзенттерінің бірі де бірегейі – Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиевтің есімін ерекше атар едім. Халел Жағыпарұлы биылғы жылдың 27 желтоқсанында 90 жасқа толар еді. Ол кісі жайлы айтылар сыр, жазылар естеліктер, сірә, таусылмас. Еншісіне бұйыр­ған ауыр жүкті Толағайдай қа­йыспай көтеріп, маң далаға жан бітірген, қазақ мұнайының не­шеме буын майталман маман­дарын тәрбиелеп шығарған Ха­л­е­­кеңнің уақыт өткен сайын биіктей түсетін адамгершілік алып тұлғасы мен бекзат болмысын бір-екі ауыз сөзбен сипаттап беру мүмкін емес. 

1966 жылы Ташкент политех­никалық институтын бітірген соң, жолдамамен  ешқашан кө­­ріп-білмеген Маңғыстау түбе­гіндегі мұнай-газ барлау тресінің қарамағына жұмысқа жібергенде бір сөзге келмей кете барды. 

Ол кезде трест орналасқан қазіргі Ақтау қалашығы халқы 20-25 мыңнан аспайтын шағын ғана елді мекен болатын. Инфра­құрылымы дамымаған, тұрғын үйлері жатаған, тұрмыс­тық-мә­дени орындары бірен-саран. Қа­ласының өзі сондай болғанда, адам аяғы баспаған елсіз-жерсіз жер­лерде жұмыс істеп жатқан бар­лаушы-бұрғылаушылардың жағ­­­­дайын айтудың өзі қорқы­нышты. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында іші қымталмаған жұқа темір вагондарда тұрып, ауыр жағдайларда еңбек еткен мұнайшылардың жанкештілігі мені әлі күнге таң­ғалдырады. 

Мұнай саласындағы ең­бек жолымды осындай ауыр ке­зең­де бастаған мен «Қара­қия­­мұнай­газбарлау» экспедиция­сының «Доңға» учаскесінде жұ­мысқа кі­рістім. Жоғары бі­лімді ма­ман болсам да, барлау-бұр­ғылау ісінен тәжірибем аз еді. Сондықтан осы саланың ұңғыл-шұңғылын білу үшін өз өтінішіммен учаскедегі ең тө­менгі жұмыстан – төртінші разряд­ты бұрғылаушының кө­мек­­шісі қызметінен бастадым. 

Әрине от демді оңтүстіктің көгорай шалғынына аунап өс­кен ма­ған адам аяғы баспаған Маң­ғыстаудың меңіреу даласы мен дүлей табиғатына үйрену оңай бола қойған жоқ. Бірақ бар қиындықты еңсеріп, бес жылда қарапайым жұмысшыдан учаске бастығына дейінгі сатылардың бәрінен жүріп өттім. Осы бес жыл мені қатал сындарымен шыңдап, ширатқан үлкен тәжірибе мектебі болды. 

«Доңға» учаскесі Ақтауға жа­қындау болғандықтан, ондағы трестің басшылығы жұмыс барысымен танысу үшін учаскеге жиі келіп-кететін. Сондай сапарларында трестің бастығы Халел Өзбекқалиевті сыртынан көріп тұрушы едім. Сұңғақ бойлы, маңдайы кең, түсі сұстылау, аса байсалды жігіт ағасын көргенде, жанына барып амандасуға да батылымыз бара бермейтін. Сон­дықтан тікелей кездесіп, бетпе-бет сөйлесіп көрмеппін. Оған себеп те болған емес. Біл­дей бір трестің басшысы мен сияқты кішкентай учаскенің қарапайым маманын қайтсін?! Мен осылай ойлаушы едім. Бірақ бұл ойымның жаңсақ екенін кейін түсіндім... Қарапайым жұмысшыдан «Маң­ғыс­­тау­мұнайгазбарлау» тресінің басшысына дейінгі сатылардан өтуіме, кейіннен ел басқару мек­тебіне келуіме қамқор болған Ха­лел Жағыпарұлын бас ұстазым деп есептеймін.

Іргесі 1957 жылы қаланған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тре­сі­нің басшылығына 1959 жылы келген Х.Өзбекқалиев салыстырмалы түрде дамыған ірі қалалардан, темір жол мен су жолдарынан қашық орналасқан шөл аймаққа алғашқы бұрғылау жабдықтарын жеткізіп, елсіз дала төсін дүбірге толтырған нағыз қазақ мұнайының қаһарманы болды. Мұндай ұшқан құстың қанаты талатын түкпірде жұмыс істеуге адам тарту, соның ішінде осы саланың жергілікті білгір мамандарын табу оңай болмады. Сондықтан трест басшысы шетелдік мамандарды өндіріс жұмысына тартты.  Ұзақ мерзімді жұмыстарды сеніп тапсыра алатын жергілікті кадрларды даярлау үшін Х.Өзбекқалиев Алматыдағы Политехникалық институтпен ке­лісіп, қазақстандық мұнайшы мамандардың оқып, білім алуына жағдай жасады. Өндіріс басындағы істің көзін білетін талай жас осы трестің жолдамасымен аталған оқу орнында білімін жетілдірді. Халел Жағыпарұлы мұнайшының оқуын бітіріп келгендерді іріктеп, саралап жатпастан, бірден жұмысқа алып, іс-тәжірибемен тәрбиеледі. Бұдан бөлек «Кезінде кәсіп іздеп кетіп, Түрікменстанның мұ­найында жұмыс істеп жүрген қазақ көп екен» дегенді естіп, сонда арнайы жол тартқан трест басшысы қаншама білікті маман қазақтарды отбасымен көшіріп әкеліп, баспанамен қамтамасыз етіп, тұрақтандырды. Бүгінде ол кісінің тәрбиесін, қам­қорлығын көргендердің көбі мұнай сала­сының майталман маманына айналып, Маңғыстауда үлкен өндіріс орындарын басқарып отыр. Бұған қоса осы өндірістен өсіп, түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерде еңбек еткен, тіпті мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілгендері де аз емес... 

Түрікменстан дегеннен­ шы­ғады, кезінде КСРО-ны бас­қар­ған Н.С.Хрущев шолақ ойлап, «Қазақстанның өз мұнайын игеруге шамасы жетпейді» деген сылтаумен Маңғыстау түбегін шекаралас жатқан Түрікменстанға беріп жібермек болған екен. Сол уақытта жергілікті кадрлардың біліктілігін күшейтіп, тәжірибесін шыңдау арқылы қазақ мұнайын қазақтан артық ешкім басқара алмайтынын дәлелдеп, киелі Маң­ғыстауды жат қолына беруден аман алып қалғандардың бірі осы Халекең екенін қазір екінің бірі біле бермейді. 

Иә, ол кісінің Маңғыстау хал­қы үшін жасаған еңбегі теле­гей-теңіз ғой. «Сондай үлкен жақсылықтарының бірі – «Маң­ғыс­таумұнайгазбарлау» тресін Ералы ауылына кө­шіріп әкелуі болды десем, қате­леспеспін. 

Ол кезде трест орналасқан Форт-Шевченко қаласы теңіз жол қатынасынан да, мұнай-газ барлау жұмыстарымен айналысып жатқан өндіріс орындарынан да тым қашық орналасқан болатын. Бұл өндіріске, жұмысшыларға қажетті жабдықтармен дер ке­зінде қамтамасыз ете алмауы се­бепті көп жұмыстың тоқ­тап қалуына себеп болып жатты. Сондықтан Халел Жағы­пар­ұлы тресті көшіруге шешім қа­былдайды. Трест көшіп кеткен соң қаланың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы әлсірейтінін сезіп, бұл шешімге әу баста қарсы болады. Әрі үлкен бір тресті көшірудің шы­ғыны да аз емес. Дегенмен, бұл шеші­мінің тиімділігін дәлел­деген Х.Өзбекқалиевтің табан­дылы­ғының арқасында «ММГБ» тресі мұнайлы алапқа қоныс аударады. Осы трестің айналасына жұмысшы поселкелері салынып, ел қоныстана бастайды. 

Х.Өзбекқалиевтің осындай өндіріс мүмкіндіктерін тиімді пай­даланып, мұнайшыларға жақсы жағдай жасай отырып, мұнай барлау, бұрғылау жұ­мыстарын шебер басқа­руы­ның нәтижесінде 1961 жы­лы Қазақстанда бірінші рет Жеті­байдағы 6-ұңғымадан мұнай бұр­қағы атқылады. Оның артынша Өзен кеніштері ашылды. Бұл Маңғыстау мұнайшыларының ірі жеңісі еді! Бұған дейін Қазақ­станда мұндай үлкен мұнай кө­зі болмаған. Әлемге әйгілі Дос­сор, Мақат кеніштері – сонау Николай заманындағы барлау жұмыс­тарының жемісі. Одан кейін табылған ірі кен орындары – осы Жетібай мен Өзен. Кейінірек Бо­зашы түбегінде Қаражанбас, Қа­ламқас, Арман кеніштері ашылды. 

Жоғарыда айтылған алғашқы екі кеніш ашылған соң трест орналасқан Ералы посел­кесіне мол қаражат бөлініп, инфра­құрылымы дамыды, жол салынып, ауыл халқының саны арта түсті. Отбасымен келіп, ірге теуіп, тұрақтана бастаған жер­гі­лікті мамандарға арнап мек­теп, емхана, мәдениет үйі, тіпті саз мектебіне дейін бой кө­терді. Өндіріс дамыған сайын Ералы (қазіргі Құрық) ауылы да көркейіп, іргелі елді мекенге айнала бастады. Сол елсіз-жерсіз жерден бой көтерген бұл ауыл – бүгінде Маңғыстаудағы шаруасы шалқыған Қарақия ауданының орталығы. Сондықтан бүгінгі Құрық халқы осы ауылдың ір­гетасын қалаған Халекеңнің есі­мін ұмытпауы тиіс.       

Өмірінде өз еңбегін ешкімге бұл­дамаған, тіпті сондай үл­кен қызметтерді атқарса да,  шал­­қып-тасып тірлік кешер дүние жимаған, бірақ соңында бүкіл Қазақ елі игілігін көрер үлкен тірліктерін қалдырған, нағыз «әулие» деуге лайық асыл азаматтың еңбегін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол тресті 20 жыл басқарып, мұнай тарихының жаңа парақтарын ашқан үлкен кен көздерін ашты. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында «өтпелі кезеңнің» дағдарысынан еліміздің қиналмай шығуына осы мұнай қорының көп сеп­тігі тигенін де – ешкім жоққа шы­­­­ғара алмас ақиқат. Одақтың шекпенінен шыққан өзге елдер жаңа жағдайға бейімделе алмай, көп қиналғанын көзіміз де көрді, тарих та растайды. Сол жылдары Отанын тас­тап, өзге мемлекеттерге қоныс аударғандар қаншама! Сара саясаткер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты алыс­тан болжап, мұнай қорын тиімді пайдалана отырып, ел бюджетін реттеп отыруының арқасында Қа­зақ­­стан қарыштай дамып, әлем мойын­даған алпауыт мемлекетке айналды. 

Бұл жерде кеңес тұсында көзі ашылған мұнай қорының және осы есепсіз ен байлыққа жол тап­қан Халел Өзбекқалиевтің еңбегі еш­бір өлшемге сыймастай, өте жо­ғары. 

Асыл азаматтың қадір-қа­сие­тін, жасаған ұлы істерін ке­зінде ел білді, аудан, облыс, рес­пуб­лика басшылығына дейін жақсы бағалады. Бірақ сол за­манның соқыр саясаты оның еңбегінің лайықты марапатталуы­на мүм­кіндік бермеді. Ол екі рет Со­циалистік Еңбек Ері атағына ұсынылды. Сол ұсыныстың бі­рін трестің партия комитетінің хат­­шысы болып жүргенімде мен өз қолыммен толтырдым. Бірақ Мәскеудегі Одақтық Гео­логия министрінің орынбасары А.Рясной «Бұл марапатқа оның еңбегі әлі сіңген жоқ» деген сылтаумен ұсынысымызға қол қоймай қайтарды. Бұл сол кездегі жергілікті кадрларға деген шовинистік көзқарастың салқыны екені белгілі. Кейінірек Халел Жағыпарұлы министрдің орынбасары болып кеткеннен кейін «ММГБ» тресін аяқтан тұрғызуға сіңірген еңбегі үшін Ленин орденін алды. Ол кісіге одан үлкен марапат тимеді. Әрине «аты мүлде елеусіз қалды» дей алмаймыз. Оның мұнай саласының мамандарын даярлаудағы еңбегі ескерілген болуы керек, Ақтаудағы  орта кә­сіп­тік білім беретін оқу орнына есімі беріліпті. Тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Бірақ бү­кіл Қазақстанның байлығын еселеп, дағдарыстың тырнағынан алып шыққан мұнай көзін тапқан адам үшін жасалған бұл құрмет тым аз. 

Осының бәрін ескере отырып, мен Халел Жағыпарұлының қызмет жолын жақсы білетін, оның елге қалдырған мол мұра­сына куә болған жан ретінде мынадай ұсыныс айтқым келеді. Бүгінде Маңғыстауда Өзен, Же­тібай, Қа­ламқас, Қаражанбас секілді ірі мұ­най көздерін қос­қанда, алпысқа жуық мұнай-газ кеніші бар. Міне, осы кен орын­дарының бәрін барлап, көзін табуға Халекеңнің ең­бегі әбден сіңген. Тәуелсіздік жыл­дары мұнай-газ барлау ісіне тиіс­ті кө­­ңіл бөлінген жоқ, тиісінше жаңа мұнай көздері ашылған күнде оның бәрі – Х.Өзбекқалиев тресті басқарып тұрған немесе ол Геология министрлігінде қыз­­­­мет істеген жылдары жүр­гі­зіл­ген геологиялық барлау жұ­мыс­­­т­арының нәтижесінде ғана мүм­­кін болған нәрсе. Сондықтан үлкен мұнай көздері болмаса да, шағын кен орындарының біріне Халел Өзбекқалиевтің есімін беру әділеттік болар еді. Бұдан бөлек өзі кезінде «ММГБ» тресін көшіру арқылы елді қоныстандырып, өсіп-дамуына көмектескен Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылында да асыл азаматтың атында аллея ашып, ескерткіш орнату да көп күшті қажет етпесе керек-ті. Бұл  Х.Өзбекқалиевтің 90 жылдық  мерейтойына лайықты тарту болар еді. 

Пірімтай АРЫСТАНОВ,

мұнай саласының ардагері, Қарақия ауданының

құрметті азаматы