28 Қараша, 2012

Аяған

773 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

 

 

Аяған

Қызылжар өңірінен түлеп ұшқан кинорежиссер А.Шәжімбаевтың мерейтойы танымдық мәнділігімен есте қалды.  

Биыл Қызылжардың тумалары Ғабит Мүсіреповтің 120, Са­фуан Шаймерденовтің 90 жылдық мерейтойлары атап өті­ліп, мәдени өміріміздің жарқын беттеріне айналып еді. Енді, міне, қысқа ғұмырында артына өшпес мұра қалдыра білген дарынды кинорежиссер, актер, жур­налист жерлесіміз Аяған Шәжімбаевтың 60 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар да асылын ардақтаудың тағы бір үлгісін көрсетті.

Қызылжар өңірінен түлеп ұшқан кинорежиссер А.Шәжімбаевтың мерейтойы танымдық мәнділігімен есте қалды.  

Биыл Қызылжардың тумалары Ғабит Мүсіреповтің 120, Са­фуан Шаймерденовтің 90 жылдық мерейтойлары атап өті­ліп, мәдени өміріміздің жарқын беттеріне айналып еді. Енді, міне, қысқа ғұмырында артына өшпес мұра қалдыра білген дарынды кинорежиссер, актер, жур­налист жерлесіміз Аяған Шәжімбаевтың 60 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар да асылын ардақтаудың тағы бір үлгісін көрсетті. Қазақ киноөнеріне өз үнімен келген марқұмның деректі фильмдері жұртшылыққа ұсынылып, туған халқына, елге, жерге деген сүйіс­пеншілікті ту еткен ұлтжанды азаматты жаңа қырынан таныта түскендей болды. Қазақ хал­қын қынадай қырған саяси қу­ғын-сүргін нәубетін нанымды­лық­пен суреттейтін «АЛЖИР» публицистикалық-деректі туындысын, халықаралық жүл­де­лер­ді иеленген, қазақ кино­сы­ның алтын қорына қосылған «Жан­себіл» көркемфильмін тамашалаушылар көп болды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президентінің кеңесшісі, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сламбек Тәуекел бас­­тап келген делегация құрамын­да Аяғанның жан жары Алма Қуан­дықкеліні, қыздары Сан­ду­ғаш, Сұлушаш, сол сияқты, Алматы мен Астанадағы сыралғы достары, киношығармаларының кейіпкерлері мен рөлдерді сом­даған актерлар болды. Мәр­те­белі меймандар марқұмның ту­ған жері Есіл ауданына атбасын тіреп, ұлықтаудан кенде емес екеніне көздері жетті. Оның есімін мәңгі есте қал­дыру мақсатымен Явленка кен­тіндегі №3 қазақ орта мек­тебіне, Петропавл қаласында орталық кө­шелердің біріне аты берілген. Ол оқыған білім ұясына ескерт­кіш тақта орна­тыл­ған.

Сламбек Тәуекел мектепте өткен «Өнермен өрілген өмір» рухани-танымдық кеште сөй­ле­ген сөзінде: «Шіркін-ай, ортамызда жүрсе ғой, жоқ дегенде 5-6 фильм түсіріп тастар деген өкініш әлі кеудемізден кетпейді. «АЛЖИР» мен «Жансебіл» фильм­дерінен кейін өзіне деген сенімі артып, жоспарлары кө­бейіп еді. Құнанбай қажы, Махамбет, Мағжан, Төлеген, Мұ­қа­ғали тағдырлары оны көп ойландырған тәрізді. Қазақтың осындай айтулы ұлдары жайлы экрандауды армандайтын. Көп­шілік Аяғанды көбіне шы­ғар­машылығы арқылы ғана таниды. Ал оның ұлттық болмы­сы­ның тереңдігі, қазақ өнері мен әдебиетін жетік білетіні, салт-дәстүрлер мен ұғым-таным­дар­ды соны игергені, пәк көңілінің кеңдігі, жүрегінің кіршіксіз та­залығы жөнінде біле бермейді. «Аяғантану» әлемі енді басталды. Оған «Қазақфильм АҚ-тың қаржылық демеуімен жан жолдастары, «Әлихан» фирма­сы­ның жетекшісі Дархан Қожа­хан түсірген фильм, «Тоғанай» баспасының директоры Талғат Айтбайұлы шығарған «Мен қа­зақтың баласы» мақалалар мен эсселер жинағы, жергілікті бас­падан тағы бір кітаптың, «Кинорежиссер А.Шәжімбаевтың деректі-публицистикалық фильм­дерін оқу-тәрбие үрдісін­де пайдалану» әдістемелік құ­ралының әзірленуі жол ашып берді», деді.

Жаңа мұражайдың салтанатты ашылуы, мүсінінің қойылуы мерейтой мәнін аша түсті. Айтулы шараға мектеп мұғалім­де­рі мен оқушылардың жан-жақ­ты дайындалғаны байқалып тұр­ды. Әсіресе, қауырсын қа­нат балғындар нәшіне келтіре оқып берген жауқазын өлең-жыр­ларға, әуелете шырқалған әндерге жиналғандар риза болысты. Көптеген деректі фильм­дердің авторы Орал Жүнісов­тің, «Алжир» фильмін түсіру­ші оператор Николай Раисов­тың, «Дарын» жастар сыйлығы­ның лауреаты, «Жансебілде» бас­ты кейіпкер Мұқатайдың жастық шағын шеберлікпен бейнелеген Кеңес Нұрлановтың естеліктері жиналғандарға қат­ты әсер етті. Сазгер, күйші Секен Тұрысбек «Көңіл толқыны» шығармасын ерекше шабытпен орындап берді.

Мәдениет үйінде ұйымдас­тырылған конференцияда об­лыс­тық тілдерді дамыту бас­қар­масының бастығы Кемел Оспанов аймақ басшысы С.Білә­лов­тың құттықтау хатын оқып, ыс­тық ықыласын жеткізді. Аудан әкімі Ерік Нұрақаев, А.Шәжім­баев атындағы білім орда­сы­ның директоры Ертай Оспанов өз баяндамаларында Аяғанның азаматтық биік болмысы, адам­гершілік келбеті жайлы сыр шертті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген фильм тамашаланды. Жергілікті «Прометей» киностудиясының әуесқой әр­тіс­тері «Жансебіл» көркем­фильмі­нен үзінділер қойды. Жа­зушы-журналистер Болат Оң­ғарбай, Талғат Айтбайұлының ой-пікірлері келешекке өшпес із қалдыру адам ғұмырының ұзақ­тығымен емес, мәнділігімен, ғибраттылығымен өлшенеді. Адам­дар өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі. Қай қы­ры­нан алса да, Аяған – қайта­лан­бас тұлға, оның аты ешқа­шан өшпек емес. Өйткені, біз­дің сүйікті досымыз өз биігінде өткен ер! Ұрпаққа аманат еткен рухани дүниелерінің шырақ­шы­лары, аяулы Аяғанын із­деу­шілер туған жерінде де бар еке­ніне көңіліміз марқайып қалды дегенге сайды. Зайыбы Алма орны ерекше азаматты қадір­леп-қастерлеген ауылдастарына ризашылық сезімін білдірді. Қадірлі қонақтарға қазақтың сал­тымен кәде-сыйлар жасалды. Мәдени шаралар спорттық жарыстарға жалғасып, қазақ күресінен турнир өткізілді. Жас кезінде 62 салмақ дәрежесі бойынша күрескен оның атына арнайы жүлде тігілді. Ең со­ңы­нан туған-туыстары ас беріп, аруаққа дұға бағышталды.

Облыс орталығындағы С.Мұ­қанов атындағы әмбебеп кітап­ха­нада өткен кездесу де, Аяған­ның өмірі мен шығар­ма­шы­лығына арналған көрме де Алаштың Аяғанын ұлықтауға арналды. Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Президенті мерекесімен орайлас келген мерейтой оралымды ойларға толы болып, «жақсының аты өлмейтінін» тағы бір паш етті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.

——————————–

Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.