Парламент • 27 Желтоқсан, 2018

Мәжіліс жылды қорытындылады

471 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның биылғы соңғы жалпы отырысында депутаттар тоғыз мәселені қарады. Оның төртеуі Мәжіліске түскен заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге қатысты болды. Ал жалпы отырыс соңында палата Төрағасы 2018 жылғы жұмыс қорытындыларын жариялады.

 

Мәжіліс жылды қорытындылады

Бизнес дамып, кәсіпкерлік реттеледі

Елімізде кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру жөніндегі түзетулердің ауқымды топтамасына Мемлекет басшысы биылғы 24 мамырда қол қойған болатын. Осының әсерінен еліміз «Doing Business» халықаралық рейтингінде 8 позицияға кө­те­ріліп, бизнесті дамыту үшін неғұрлым қолайлы климаты бар елдер арасынан 28-орынға шық­ты. 

Бұл деректерді Мәжілісте қа­ралған «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді. Оның айтуынша, Елбасының Парламенттің төртінші сессиясында берген тапсырмасы негізінде бизнес-ортаны одан әрі дамыту және сауда қызметін жетілдіру жалғаса бермек. Мәселен, аталған заң жобасында 38 заңнамалық актіге шамамен 300 түзету көзделуде және ол жалпы алғанда 2 блоктан тұрады. 

– Бірінші блок «Doing Bu­siness» халықаралық рейтингінде Қазақ­стан­ның позициясын одан әрі жақсар­туға бағытталған. Екін­­ші блок элек­тронды және бир­жалық сауданы, агроөнер­кәсіптік кешендегі ішкі сауданы реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ сырт­қы сауда қызметін реттеу мәсе­лелерінде ұлттық заңнаманы үн­дестіруді көздейді, – деді Т.Сү­лейменов. 

Нақтырақ айтқанда, осы құ­жат бойынша электр энергиясын жария оферта қағидаттары негі­зінде жеткізуге арналған шарт жасасу мүмкіндігін заңна­малық деңгейде қарау, ком­па­нияларға шотты ашқан кезден бастап оны қашықтықтан пай­да­лануға рұқсат беру, жа­уап­кер­шілігі шектеулі се­рік­тестік­терде шиеленіскен жағ­дайлар­ды шешу мәселелерін регламенттеу және техникалық-экономикалық негіздемелерді түзетпестен, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуді жүзеге асыру ұсынылған. 

– Мемлекет басшысының инвес­ти­циялық тартымдылықты арттыру жө­ніндегі тапсырмасын іске асыру мақ­сатында «Астана – жаңа қала» арнайы эко­номикалық аймағының қаты­су­­шы­лары арасында өнімді өткі­зу кезінде айналымдарды ҚҚС-дан босату ұсынылады. Сондай-ақ арнайы экономикалық ай­мақ аумағында тауарларды өткі­зу кезінде ҚҚС-ның нөлдік мөлшер­лемесін қол­да­нуды таңдау құ­қығы беріледі, – деді Ұлттық эко­номика министрі. 

Министрдің айтуына қара­ғанда, қазір салықтық әкімші­лен­діру шең­бер­ін­де «Виртуал­ды қойма» модулі және «Элек­тронды шот-фактуралар» ақпа­рат­тық жүйесі енгізілуде. Сон­дай-ақ онлайн бақылау-касса ма­шиналарын барлық жерде пайда­ланудың мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделген. 

Т.Сүлейменов заң жобасы қабыл­дан­ғаннан кейін орын алуы тиіс оң өзге­рістерді де тізіп шықты. Мәселен, нарық­тық баға, таза бәсекелестік және бизнес субъектілерінің сауда биржасына еркін қол жеткізуі есебінен қалыптастырылған баға ұғымы енгізілді.

Сондай-ақ тиімсіз делдалдар мен дил­ер­лерді лицензиялау институты бол­майды. Бұл ретте биржаларда аккреди­та­циялау институтын сақтау және кә­сіптік өзін өзі реттеу есебінен бизнес-қа­уымдастықтың жауапкершілігі күшейеді.

Заң жобасында агроөнеркәсіп сек­торындағы сауда-саттық мәселелеріне көп көңіл бөлінген. Оның ішінде тұрақ­тандыру қорларының қызметіне көбірек икемділік енгізу бойынша нормалар көзделген. Атап айт­қанда, ӘКК сатып алынатын тауар­дың санын, сондай-ақ кейін оны сату уақытын өз бетінше ай­қын­дау бойынша өкілеттіктері кеңейеді.

Жалпы алғанда, заң жобасы кәсіп­кер­лік қызметті қолдауға, бизнес шығыс­тарын қысқартуға, инвестициялық тар­тым­дылықты арт­тыруға және сауда ин­фра­құ­­ры­лымын кешенді дамытуға бағыт­­талған.

Құжат депутаттардың сауалдары мен талқылауларынан соң толық мақұлданды. Ал қалыс қалған немесе жетілдірілмеген нормалар екінші оқылымға дейін түзе­тілуі тиіс.

Жалпы отырыста депутаттар «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны рати­фикациялау туралы», «2014 жылға 29 мамырдағы Еура­зиялық эконо­микалық одақ туралы шартқа өзге­ріс енгізу тура­лы хатта­маны ратифика­циялау туралы», «Еуразиялық эконо­­ми­калық одақтың үшінші мем­ле­кеттер­мен, халықаралық ұйым­дар­мен немесе ха­лық­аралық инте­гра­циялық бірлестіктер­мен халық­аралық шарттары туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жобаларын мақұлдап, тағы басқалары бойынша қорытынды әзірлейтін болды. 

Атқарылған іс көп, алдағы міндеттер де аз емес

Биылғы жылдың соңғы жал­пы отырысында Мәжіліс Төр­ағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталған төрт айдан бері ат­қа­рылған жұмыстар бойынша қо­рытынды жасады. 

Палата Төрағасы атап өткен­дей, депутаттық корпус өз жұ­мы­сында ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сессия­ның ашылуында және биылғы Жолдауда берген тапсырмаларын басшылыққа алды. 

Қыркүйек айында төртінші сессияны ашқан Елбасы елі­міздің одан әрі сындарлы эко­номикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңна­малық қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын. 

Президент тапсырмасын жү­зе­ге асыра отырып, Мәжіліс депутаттарына сессия басталғанда 82 заң жобасы ұсынылып, оның 40-ы мақұлданып, 21-не Мем­ле­кет басшысы қол қойып, олар күшіне енді. 

Мәжіліс депутаттары Елба­сының тапсырмасы бойынша ең алдымен барлық қазақ­стандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобаларына назар аударды, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Төрағасы төртінші сессия­ның алғашқы күнінен бастап депутаттық корпустың белсенді жұмыс атқарғанын атап өтіп, алдағы уақытта да Мемлекет басшысының тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыс тұрғанына тоқталды. 

– Сессия басталғалы 7 «Үкі­мет­тік сағат», Парламенттік тың­дау, 7 Мәжіліс комитеттерінің көш­пелі отырыстары, 3 халық­аралық конференция өтті. Бұған қоса, сайлаушылармен жұмыс істеу, тиімді «кері байланысты» орнату біз үшін өте маңызды, – деді Н.Нығматулин. 

Сондай-ақ Президенттің биыл­ғы Жолдауын жария еткеннен кейін, Мәжіліс депутаттары халық­пен кездесу үшін өңірлерді аралауға шықты. 

– Бүгінде Мәжіліс қарау­ында тағы да 40-тан астам заң жо­басы бар. Осы құжаттардың барлы­ғын сессиямыздың со­ңына дейін жан-жақты талқы­лап, жоғары деңгейде қабыл­дауымыз қажет. Себебі Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол – біздің бас­ты мақсатымыз. Сондықтан барлық фракция депутаттары әдеттегідей бір­лесіп тиімді, белсенді және нәтижелі қыз­мет атқаруымыз керек, – деді Н.Нығ­матулин.

Нұрлан Нығматулин әріп­тестеріне белсенді және бір­лескен заңнамалық қызмет үшін алғысын білдіріп, келе­сі жылы барлық фракциялардың үй­­лес­тірілген және кәсіби жұ­мысы арқасында депутаттар, Парламент Мәжілісі Мем­лекет басшысының стратегиялық ба­ғытына сапалы және тиімді заң­на­малық қолдау көрсететініне сенім білдірді.

Тұтастай алғанда, Мәжіліс депутаттары төртінші сессияның басында өзін өзі еңбекпен қамту, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу, мемлекеттік сатып алу және ква­зи­мемлекеттік сатып алу мәсе­ле­леріне байланысты заң жобаларын мақұлдады. Сонымен бірге «Табиғи монополиялар туралы» және «Кинематография туралы» заң жобалары да депутаттар тарапынан қолдау тапты.

Мемлекет басшысының Жол­дауын жүзеге асыруды толық­қанды қаржы­лан­дыру үшін депутаттар еліміздің басты қаржы құ­жаты – «2019-2021 жыл­дар­ға арнал­ған республикалық бюд­жет туралы» заң жобасын ма­құл­дады. Мәжі­­ліс Төрағасы атал­ған құжатты талқы­лау бары­сында бөлінген бюд­жет­тік қар­жыларды тиімді иге­рудің маңыз­дылығын, әрбір тиын мақсатты түрде қазақстан­дық­тардың әл-ауқатын көтеруге қызмет ету­ге тиіс екендігін атап өтті. Сон­дай-ақ палата Төрағасы әрбір заң жобасы Мәжілісте қызу тал­қы­ланып, мұқият қаралып, халық­тың игі­лі­гіне жұмыс істеу керектігіне тоқ­талды.

Сессия басталғаннан бері құ­зырлы мемлекеттік органдарға 95 депутаттық сауал жолданған. 

Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары Тұрғын-үй құрылысы, мемлекеттік қызмет көрсету, басқа да мәселелерге қатысты заң жобаларымен жұмыс істеуде.

2019 жылы Мәжіліс Елбасы мін­дет­терін заң жағынан қамтама­сыз етуді жалғастыратын болады. Депутаттардың заң шығар­ма­шылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмен­дету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарында болмақ. Сондай-ақ бизнес ортаны дамыту және сауда қызметі мен туризм мәселелері бас­ты назарда болады.  

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»