Вячеслав ФРАНК: «Жаңашыл тұлғаларды іздейміз»
Вячеслав Франктың аты-жөні қоғамға бұрыннан таныс. Ақын, журналист, редактор, сценарийші. Басқасын айтпағанда, оның құрастыруымен елімізде ең алғаш рет грамматика, таблица, схемасымен қоса білім алушыларға бар артықшылығымен жол тартқан «Қазақ тілі» әмбебап оқулығының өзі неге тұрады?! Сол Вячеслав таяуда редакцияға келді. Бұл жолғы табысы – қазақша-орысша әдеби-сазды «Зерек ботақан» альманахы.
Вячеслав Франктың аты-жөні қоғамға бұрыннан таныс. Ақын, журналист, редактор, сценарийші. Басқасын айтпағанда, оның құрастыруымен елімізде ең алғаш рет грамматика, таблица, схемасымен қоса білім алушыларға бар артықшылығымен жол тартқан «Қазақ тілі» әмбебап оқулығының өзі неге тұрады?! Сол Вячеслав таяуда редакцияға келді. Бұл жолғы табысы – қазақша-орысша әдеби-сазды «Зерек ботақан» альманахы.
– Вячеслав Юрьевич, сіздің өлеңдеріңізді, журналистикадағы қолтаңбаңызды өз ортаңыз жақсы біледі. Одан бөлек «Қазақ тілі» оқулығыңыз кезінде түрлі ортада біраз қозғалыс туғызғанынан хабарымыз бар. Қазақтың тіліне деген құрметіңіз қай арнадан бастау алды?
Мен өзім алматылықпын. Сондағы физика-математика мектебін бітірген соң, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Марат Барманқұлов, Сағымбай Қозыбаев сынды үлкен ұстаздардан тәлім-тәрбие алдым. Жастау кезімде атақты ақын Олжас Сүлейменовке арнап поэма да жазғаным бар. Қазақтың жаны жайсаң азаматы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбекпен әңгімеміз жарасатын. Мені қазақтың тілі ғана емес, тарихы да қызықтырады. Өзім осында туып-өсіп, нәпақамды айырып, қызметке араласқаннан кейін менің отаным – Қазақстан деп айтамын. Қазақтың қонақжайлығы, пейілінің тазалығы, өзге ұлттардың ешқайсысын өзектен теппей, бір атаның балаларындай бір шаңыраққа сыйғыза білгені ерекше құрмет сезімін туғызады. «Қазақ тілі» оқулығын құрастыруыма қазақ ұлтына бір табан болса да жақындығым әсер етті деп ойлаймын. Алла қаласа, осы кітапты 2014 жылы қайтадан жариялаймын. Одан кейінгі бір жобам «Орысша-қазақша-ағылшынша пәндік, тақырыптық сөздік» деп аталады. Бұл да болашақтың еншісіндегі кітап. Кезінде ақын Оразақын Асқардың авторлығымен «Әріптер әлеміне саяхат» деген кітапты басып шығарғанымды мақтан тұтамын. Бұл да менің қазақ тілінің көсегесі көгеруіне қарлығаштың қанатымен су тамызғанындай көмегім шығар деп есептеймін.
– «Зерек ботақан» альманахы өмірге қалай келді?
– Соңғы кездері әріптесім, сазгер Айгүл Досмағамбетова екеуміз балаларға арналған әндер қамтылған дискілер шығаруды үрдіске айналдырдық. Біз құрастырған дискілердегі әндер балабақша ертеңгіліктерінде, мектептердегі түрлі концерттерде шырқалып жүр. Театрландырылған ертегілер жазылған дискілер де шығардық. Бұл да өз жемісін беріп келеді. Мәселен, былтыр «Тыңдаймыз, сурет саламыз, ойлауды дамытамыз» сериясы аясында қазақ ертегілерінің желісімен «Ботақан» дискісін шығарып, оны бүлдіршіндердің қолына тигіздік. Бұны айтып отырған себебім, дискілерді шығару барысында еліміздің барлық облыстарындағы балабақшаларға, мектептерге өз аяғыммен барып, өнімдерімізді жарнамалап әрі тәрбиешілермен, мұғалімдермен пікірлесіп, көптеген жайтқа қанықтым. Балаларды жылдармен бірге жинаған тәжірибесіне сүйеніп оқытатын білікті мамандарды кездестірдім. Олардың шығармашылықтарымен таныстым. Оның ішінде бастауыш мектептің музыка пәнінің мұғалімдері, тәрбиешілер, балабақшалардың музыкалық жетекшілері бар. Ақыр аяғында бұл мамандардың шығармашылықтарын топтастырып, неге бір альманах дайындамасқа деген ойға бекідім. Нәтижесінде міне, қазақ және орыс тіліндегі шығарылым «Зерек ботақан» алдыңызда тұр. Мұнда балаларға арналған тақпақтар, ертегілер, әндер мен билер, әуенді қойылымдар, жалпы балаға не керек, соның бәрі бар. Біз бұны балабақшалар мен мектептің 1-ші, 2-ші сыныбына арнап шығарып отырмыз. Қолымызда 2012 жылдың күздік, 2013 жылдың қыстық шығарылымдары бар. Бұйыртса, әрі қарай да жұмысымызды жалғастыра бермекпіз.
– Мемлекеттік тілді насихаттап, балаларға тіл үйретуде таптырмас құрал – «Зерек ботақанды» шығаруға мемлекет көмектесті ме?
– Әрбір жұмысымыз үшін мемлекеттен қаржы сұрап отырғанымыз жоқ. Оның үстіне өзім бас редактор қызметін атқаратын «Өлең» әуенді-баспа орталығы» жекеменшік мекеме болып табылады. Біз өз өнімдерімізді жазылым арқылы өткіземіз. Мұнда тек қана журнал емес, дискілер де шығарылады. Біз алғашында «Зерек ботақанды» департаменттерге жібергенбіз. Солар таратып берді. Бірінші альманахта еліміздің үш қаласынан, екіншісінде алты қаласынан авторлар тарттық. Ал келер жылдың көктемгі шығарылымына 9 қаладан авторлар қатыстыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні біздің альманахқа республика бойынша 9 қаладан 200-дің үстінде балабақшалар мен мектептер жазылды. Бұл жаман жетістік емес.
– Өзіңіз редакторлық жасаған бұл жобаның ерекшелігі неде?
– Тамыр-таныстарым осындай жобаның республика бойынша біреу ғана екенін айтады. Яғни, біз дискісімен қосып дайындаған «Зерек ботақан» альманахы балабақша бүлдіршіндері мен мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін таптырмайтын көрнекі құрал. Бұл жоба әріптесім Айгүл екеуміздің идеямыз арқылы іске асып, жарыққа шықты. Альманахтың музыкалық редакторы сол кісі. Біз бұл жобаны дайындау барысында шығармашылық адамдарын көбірек тартуды мақсат етіп қойдық. Балалардың тілін білетін, оларға не ұнайтынын білетін адамдар ғана балалар үшін ән жазып, тақпақ шығарып, ертегі құрай алады. Ақын Олжастың тілімен айтқанда Алла сыйлаған қабілеті бар адамдардың жаңашылдығының арқасында қоғам ілгері дамиды. Қоғамды дамыту үшін алдымен балалардың ойлау жүйесін дамыту, олардың шығармашылық қырын ашу, қиялын байыту қажет. Біз серпілісті үнемі тоқтап, тоқырап, қартайып қалған адамдардан емес, енді ғана жетіліп, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтан күтеміз ғой. Тоқтап, тоқыраған адамдардың қызық қуып, қымыз ішкеніне мәз болған кейпін жаңа ұрпақ айнытпай көшіріп алмаса екен дейсің. Әрине мұның бәрі адамның дүниетанымына, тәрбиесіне байланысты дүниелер. Қазақ «жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей» деп сол үшін айтады. Ертеңгі кемел адамды жастайынан қалыптастыру керектігіне мән береді. Оның ар жағында білім, шығармашылық қабілет бәрі бір-біріне байланысты болғандықтан, біз жаңашылдығы бар, шығармашылық қабілеті мол ұстаздарды жанымызға жиғымыз келеді. Солардың еңбектерін арқау етіп, бір жағынан өзімнің де көп жылғы редакторлығымды пайдаланып, ары қарай да еңбек ете берсек деген мақсат біздікі.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.