Кездесу кезінде «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС және «Синопэк Қазақстан» ХҚМК» ЖШС компанияларындағы ұжымдық келісімшарт жағдайлары мен өндірістік бағдарламалардың орындалу мәселелері талқыланды. Олардың бәрі де Ақтөбе облысының аумағында жұмыс жасайды және Sinopec Group құрамына кіреді.
Бердібек Сапарбаев: «Біздің облыс жылды экономикасының өсімін бес пайызбен аяқтауға ниетті. Жылдың қорытындысында мұнай өндіру бойынша жылдық жоспарды қамтамасыз етулеріңізді сұраймын. Инвестиция бойынша сұрақтар бар – «Сағыз Петролеум» мен «Синопэк Қазақстан» ХҚМК» қазіргі таңда жоспарды 1 млрд теңгеге орындамаған. Бұл соманы жыл соңына дейін қамтамасыз ету керек, сонымен қатар, еңбекақы бойынша өсімді де қамтамасыз ету қажет. Мұнда «Қазақойл» бойынша мәселе жоқ, бірақ қалған екі компнаиядағы еңбекақы өсімі инфляция деңгейінен төмен болмауы тиіс»,- деп атап өтті.
Облыс әкімі сондай-ақ, кәсіпорындардың 2019 жылға арналған негізгі өндірістік міндеттерін атады. Олардың ішінде өндірістік көрсеткіштер мен инвестицияны арттыру, сатып алудың жергілікті мазмұндағы үлесін арттыру, жер қойнауын пайдаланудағы келісімшарт бойынша әлеуметтік міндеттерді толық көлемде орындау және т.б. бар.
«Бастысы - келісімшарттық міндеттерді орындау. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша құзырлы министрліктермен бірге барлық жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық міндеттері бойынша атқарушылық тәртібі қаралады. Сіздің кәсіпорындарыңызға қатысты елеулі шағымдар болуы мүмкін»,-деді өңір басшысы.
Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, ілеспе газды жағуды және атылуын төмендетуді талап етті. Сол үшін Байғанин ауданында арнайы газ өңдеу кешені салынған.
Фан Сяннань: «Бұл біз үшін жақсы жаңалық. Біз де газды босқа жағуға мүдделі емеспіз. Бұл өте жақсы ұсыныс»,-деп жауап берді.
Жалпы, Sinopec Group компаниясының Орталық Азиядағы өкілдігінің бас директоры ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша көмірсутек шикізатын өндіру жоспары толық көлемде орындалатынына, сондай-ақ, жұмысшылардың еңбекақыларын көтеру және Ақтөбе облысында болат құбырлар, алмаз қашаулар мен мұнай жабдығын өндіретін зауыт салу мәселелері қаралатынына уәде берді.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»