Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

Жастардың жолын ашқан

537 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Есігімізді қағып тұрған 2019 жылды Елбасы Н.Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Қазақстанда ерікті волонтерлердің басын біріктіріп, «Ұлттық Волонтерлік желі» бірлестігін құрған Вера Ким жастардың жолын ашуға, елге пайдалы игілікті істердің көбеюіне үлес қосып жүрген жандардың бірі. Аталған  бірлестік төрайымы қазіргі таңда ол Zhas project жастар корпусын дамыту жобасын Үйлестіру агенттігіне басшылық жасайды.

Жастардың жолын ашқан

Вера ханымның айтып өткендей, Zhas project жастар корпусын дамыту – Дүниежүзілік банктің және Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы.

– Үйлестіру агенттігі өткен жылы қанатқақты жоба ретінде Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында оны жүзеге асыруды қолға алған болатын. Сөйтіп, осы 4 аймақта 18-29 жас аралығындағы екі мыңға жуық жастарды қамтыдық. Олар әлеуметтік идеялардың негізінде 589 жоба ұсынды. Гранттық байқауға қатысу үшін жастар 3-5 адамнан тұратын топтарға бірігіп, біздің сайтта орналасқан талаптарға сәйкес электронды түрде өтініш бере алады. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптарға тоқталар болсам, жастар жоба жүзеге асырылатын аймақта тұруы қажет. Олардың жас мөлшеріне, қолға алған бастамаларына қажетті құжаттарының түгел болуына қатысты да талаптар бар. Әрине, ең бастысы, ынта-ықыласына келіп тіреледі. Биыл Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Қызылорда сынды 6 облыс қосылды. Келесі жылы қалған төрт облысты және Астана мен Алматыны тартамыз. Осылайша, біз үш жылдың ішінде бүкіл Қазақстан жастары мүмкіндігінше «Zhas project» жобасының  қайтарымсыз гранттарына ие бола алады,– дейді ол.

Биыл грантқа үміткер адамдардың жас шектеуіне аздаған өзгеріс енгізіліп, 14-29 жас аралығы қамтылыпты. Айта кетерлігі, грантты алу үшін керемет инновациялық жаңалық табу қажет емес. Қарапайым мысал үшін айтсақ, ауылда шағын наубайхана ашуы ұсынған жастарға да қолдау жасалады.  Ең бастысы, елге де, іскер азаматтың өзіне де пайдасын тигізсе болғаны. Жоба жүзеге асырылатын алты ай ішінде жастар шәкіртақымен қамтамасыз етіліп, тиісінше ауыл тұрғындарына нанды ақысыз таратуы керек. Жобаның әлеуметтік деп аталуы да осыдан келіп туады.

Мал және құс шаруашылығы, ағылшын тілін оқыту, тігін цехтары, басқа да көптеген әлеуметтік бағыттағы жобалар бар. Берілген грантқа сатып алынған жабдықтар немесе төрт түліктердің бәрі өздерінде қалады. Яғни, олар өз ісін әрі қарай дамытуға мүмкіндік алады.

– Бір қызық жоба болды. Алматы облысында еті тірі, пысық жастар бірігіп,  біраз сиыр сатып алып, сүтін ауыл ауыл тұрғындарына таратыпты. Бір қарағанда жай ғана мал шаруашылығы сияқты. Кейін зерттеп көрсек, бұл ауылда мөлшерде кальций мен басқа да дәрумендердің жетіспеушілігіне байланысты сүйек жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар басқа өңірлермен салыстырғанда. Демек, оны қолдау керек, – дейді Вера Александрқызы.

Иппотерапия, яғни, салт атпен жүру арқылы емдеу әдісін қолға алғандар да бар екен.  Жалпы, медицинаға қатысты кез келген жобаға үйлестіруші топ ерекше сақтықпен қарайды.  Тексере келгенде, иппотерапияны қолға алушы азаматтың барлық тиісті құжаттары түгел екендігі анықталыпты. Жас жігіт Мәскеуде медициналық университет бітірген білікті маман болып шыққан. Ауылдық жерлерде осындай арнайы білімі бар мамандардың бар болуы өте маңызды. Қазір оның көмегіне жүгінген біраз науқас балалар дертіне шипа тауып, ата-аналары алғысын жаудырып тұрады.

– Осындай пайдалы істер өз нәтижесін беріп жатқанын көргенде біз бекер жұмыс істемейтінімізді түсінеміз. Біз әрбір қатысушының өмірінің оң бағытқа өзгеруіне және  олардың армандарына жету үшін алғашқы қадамдарын бастауына, қоғамның мәселелерін шешуге ат салысуына ықпал еткіміз келеді,– дейді В.Ким.

Байқауымыша, әрбір жоба тек жастардың өзіне ғана емес, олар өмір сүретін қоғам үшін маңызды. Жобада жұмыс істеген алты ай ішінде жастар өздеріне пайдалы көп нәрсені үйренеді. Ал қабілеті бар азаматы ары қарай басқа да қызметте өзінің жұмысын көрсете алатыны сөзсіз. Демек, оларды қолдау үшін атқарылған жұмыс, төгілген тер текке кетпегені.

Аслан ҚАНҒОЖИН