Биылғы жылдың басты жарысы – 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында алауы тұтанған XXIII қысқы Олимпия ойындары екені даусыз. Әлемнің 92 мемлекетінен келген 3 мыңға тарта өреннің қатысуымен өткен байрақты бәсекеде Қазақстанның 24 спортшысы бақ сынады. Отандастарымыздың арасынан төртжылдықтың басты додасында әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Дүниежүзілік Универсиаданың екі және Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы Юлия Галышеваның бақ жұлдызы жанды. Фристаилдың могул сайысында өнер көрсеткен 25 жастағы Шығыс Қазақстан облысының өкілі тек франциялық Перрин Лаффон мен канадалық Жюстин Дюфур-Лапуанттан ғана қалып қойып, қола медальды мойнына ілді. Өкінішке қарай, өзге спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Осы Юлия Галышеваның жалғыз қоласының арқасында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 28-орынға табан тіреді.
Тура екі аптадан кейін Паралимпиялық ойындар басталды. 49 мемлекеттен келген 600-ге тарта үміткердің басын қосқан бәсекеде Александр Колядин суырылып шықты. Шаңғышылардың классикалық әдіспен 1,5 шақырымдық сайысында отандасымыз бас жүлдені олжалады. Осылайша, Колядин қысқы Паралимпиадада топ жарған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде өз есімін тарихта қалдырды. Жалпы, командалық есепте біздің елдің өрендері Қытай құрамасымен бірге 20 мен 21-орындарды өзара бөлісті.
18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның бас шаһары Жакартада өткен XVIII жазғы Азия ойындарының куәсі бола отырып, кереғар сезімді бастан кешірдік. Бір жағынан кейбір өр мінезді ұл-қыздарымыздың асқан шеберлігіне тәнті болып, олардың әр жеңісінен кейін қуаныш пен шаттыққа бөленсек, енді бірде жерлестеріміздің жігерсіздігіне күйініп, жанарымызбен жер шұқыдық. Ең өкініштісі, осыған дейін жалпы есепте үнемі үздік бестіктің қатарынан көрініп жүрген Қазақстан құрамасы осы жолы «ТОП-10» команданың қатарына әупірімдеп жүріп ілікті. Сөз жоқ, Қытай, Оңтүстік Корея және Жапонияның біз үшін әзірге алынбайтын тас қамал екенін мойындаймыз. Азияның үш алпауыты алдарына жан салмай келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Сондай-ақ 1994 жылы Бангкокта Таиландтың және 2010 жылы Гуанжоуда Иранның отандастарымыздан озғаны есімізде. Ал осы жарыста Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Ираннан бөлек, Өзбекстан, Тайпей және Үндістан құрамалары шаң қаптырып кетті. Қанша жасырсақ та, Жакартада жолымыздың болмағанын мойындамасқа лаж жоқ. Индонезияның астанасында 15 алтын, 17 күміс және 44 қоланы қоржынға салған Қазақстанның өрендері жарыс кестесінде 9-орынды қанағат тұтты.
6-18 қазан аралығында жер жаһанның ең дарынды жас өрендері Аргентинаның астанасында бас қосты. Жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасында 206 мемлекеттен келген 4 мыңға тарта спортшылар сайысқа түсті. Буэнос-Айресте біздің түлектер табысты өнер көрсетіп, айтулы жарыстың тарихында тұңғыш рет 14-орынға көтерілді. Жерлестерімізге бұйырғаны 4 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль. Барлығы – 10 жүлде. Осы жарыста жүлде алған жас өрендер келешекте ересектер дуына еркін қосылып, бұдан да дүбірлі додаларда жасындай жарқырайтындарына сеніміміз зор.
Жекелеген спорт түрлеріне келер болсақ, күрес түрлері бойынша Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстанның балуандары үш жүлдеге қол жеткізді. Еркін күрестен тәжірибелі Нұрислам Санаев (57 кило) соңғы сынға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста кілемдегі төрешінің өрескел қателігі салдарынан алтыннан айырылды. Нәтижесінде Нұрислам күміс медальді қанағат тұтты. Грек-рим күресінен өткен жарыста сақа спортшыларымыз тегістей ұтылды. Десек те бұған дейін көп көзге түсе қоймаған Айдос Сұлтанғали (60 кило) мен Мейіржан Шермаханбет (67 кило) сынды жалынды жастар сол олқылықтың орнын толтырды. Венгрия астанасында асқан шеберлік танытып, небір дүлдүлдерді жолдарынан ығыстырған қазақтың қос балуаны қола медальға ие болды. Ал әйелдер күресінен өткен жарыстан құр алақан қалдық.
Дзюдошылардың дүниежүзілік додасында Қазақстан құрамасына қос жүлде бұйырды. Әйелдер арасында аса жеңіл салмақ дәрежесінде белдескен атақты Отгонцецег Галбадрах үшінші орынға табан тірегенде ешкім таңдана қойған жоқ. Ал 66 кило салмақтағы Ерлан Серікжанов ерлік жасады. Сол күнге дейін өзге мықтылардың көлеңкесінде жүрген қандасымыз Бакуде керемет өнер көрсетті. Финалдық айқаста Жапонияның шоқ жұлдызы Хифуми Аббеге ғана есе жіберген Ерлан күміс медальды кеудесінде жарқыратты.
Шеттету мерзімі аяқталып, бір жылға созылған үзілістен кейін халықаралық аренаға қайта шыққан отандық ауыр атлеттердің де аяқ алысы жаман болған жоқ. Талай «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткерген толағайлардың сағы сынбаған екен. Ашхабадтағы әлемдік доданы олар қос жүлдемен қорытындылады. Атап айтсақ, 55 кило салмақтағы Арли Чонтей күміс алса, 71 кило салмақтағы Надежда Лихачева қолаға қол жеткізді.
Биыл бокстан ерлер арасында әлем чемпионаты өткен жоқ. Есесіне бұрымдылар арасындағы бәсеке миллиондаған көрерменнің назарын өзіне аударды. Үндістанның Нью-Дели қаласында жалауы желбіреген дүниежүзілік додада Жайна Шекербекова (51 кило) екінші орын алса, Карина Ибрагимова (60 кило) үшінші сатыға тұрақтады.
Таэквондошылар БАӘ-нің Фуджейра қаласында өткен командалық әлем кубогында бақ сынады. Алғашында ерлер құрамасы, іле-шала аралас құрама қола медальды жеңіп алып, мерейімізді бір өсіріп тастады. Бір айта кетерлігі, айтулы жарыста Қазақстан құрамасы бұрын-соңды дәл осындай орасан зор табысқа қол жеткізген жоқ еді.
* * *
Олимпиада бағдарламасына енбеген спорт түрлері жайында айтар болсақ, қараша айында Румынияның астанасы – Бухаресте самбодан әлем чемпионаты өтті. Сол жарыста Нұрбол Серіков (68 кило) бас жүлдені олжаласа, Гүлнұр Ерболова (52 кило) қола медальды иемденді. Ал жауынгерлік самбодан өткен сайыста отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды.
Шахматтан әйелдер арасында Ресейдің Ханты-Манссы қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстанның үш аруы бақ сынады. Солардың арасынан Жансая Әбдімәліктің шоқтығы биік болды. 18 жастағы қазақтың қаршадай қызы үш бірдей белді қарсыласын қапы қалдырып, ширек финалда ұтылды. Бұл – біз үшін осы спорт түрі тарихында бұрын-соңды болмаған зор көрсеткіш. Осылайша Жансая әлемдегі ең үздік сегіз шахматшының қатарынан көрінді.
* * *
Десек те, биыл «әттеген-ай» деген кездеріміз де аз болған жоқ. Мәселен, Жакартада алауы тұтанған Азия ойындарында Қазақстан құрамасының 9-орында қалып қоюы жанкүйерлер көңіліне кәдімгідей селкеу түсірді. Ол аздай, өз тарихында тұңғыш рет біздің боксшылар мен балуандарға байрақты бәсекенің бас жүлдесі бұйырмады.
Биыл күрес түрлерінен Будапештте өткен әлем чемпионатында алтынның сыңғырын естісек деп армандадық. Себебі төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан додада отандастарымыздың жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілмегеніне 20 жылға жуықтады. Өкінішке қарай, бұл жолы да бірде-бір балуанымызға ең биік белес бағынбады. Бір сөзбен айтсақ, биыл Қазақстанның спортшылары Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрлері бойынша өткен әлем чемпионаттарының бірде-біреуінде алтын медальға қол жеткізе алмады. Бұл да бір өзекті өртеген өкініш болды.
Қазақстанның мақтанышы, кәсіпқой бокстың көкжалы, орта салмақтың теңдессізі саналған Геннадий Головкиннің өзінің спорттық ғұмырындағы басты жекпе-жегінде жеңілгені жанкүйерлерге аса ауыр тиді. Бақандай 12 жыл бойы ешкімге есе жібермеген GGG 15-қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әйгілі «Ти-Мобайл Аренада» Мексиканың мықтысы Сауль «Канело» Альвареске ұпай санымен ұтылып, өзіне тиесілі алтын белбеудің барлығынан айырылды.
Ал осы жылғы ел спортындағы ең қайғылы оқиға – даңқты Денис Теннің қазасы. Тапа-тал түсте, Алматының қақ ортасында әйгілі мәнерлеп сырғанаушы, Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, көптеген аса ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы Денис Тен қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Дарабоз Денис Тен небәрі 25 жаста еді...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»