«Ең терең саяси астарын түсінетін уақыт келді. Ең басында біз оны айта алмадық. Жағдай әртүрлі болды. Елдің ішінде жұртымыздың өзі біріңғай емес, әр тараптан болды. Соның бәрін ескере отырып, екінші жағынан қиын-қыстау жағдайда елге жаңа жол сілтеу үшін бір осындай жаңалық керек болды. Әрине мен бастаған кез өте қиын еді. Бір қаланы салып, астананы бір жерден екінші жерге көшіру деген өте қиын. Соның барлығын ойлап келіп, бұрынғы астаналардың көшу тарихын қарап, қалай жасайтынын біліп, ғылыми тұрғыдан келгенде астана елдің қай жерінде болуы керек деген мәселемен келдік. Дәл кіндік ортасы – Жезқазған. Жезқазғанға да, Ұлытауға да бардым. Жол да, теміржол да жоқ. Энергетика да жоқ. 20 жыл Теміртауда жұмыс істедім. Қарағандыны жақсы білемін. Көмірдің ортасына, экологиясы қиын жерге апару....Көкшетауға барсақ шетке шығып кетеміз, Ақтөбеге барсақ батысқа жақындаймыз. Сондықтан, ойланып-толғанып төрт жолдың торабы ретінде Ақмоланы таңдадық», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент даладағы аязға қарамастан ешқандай жамандық жоқ екенін айтты.
«Бір жерде ыстық, бір жерде суық. Өзіміздің еліміз, жеріміз. Сарыарқаның ортасы, ата-бабаларымыздың тұяқтары тиген жер. Малын жайған жер. Сондықтан мұның көп пайдасы болды. Біріншіден, халық көп шоғырланған оңтүстіктен солтүстікке қарай миграцияны күшейттік. Қазір Түркістанды облыстың орталығы дегеннен кейін Астананың тұрғындары қалжыңдайтын көрінеді. Шымкенттіктер бізге келмей, Түркістанға баратын болды ғой деп. Әр нәрсенің аяғына қарау керек қой. Саясаттың адамына ойлаған ойың іске асырып, аяғында жемісін көргеннен артық бақыт жоқ», деді Елбасы.
Сондай ақ Н. Назарбаев бүгінгі таңда Астананың дүниежүзіне танымал қала болғанын айта келе, астаналықтарға барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
«1 млн 200 мың халқы бар. 30 жылдарға қарай 2 млн болатын шығар. Басында 5-8 қабаттан тұратын қала салсам ба деп ойлап едім. Мына кең далада биігірек болмаса көрінбей қалады деп сәулетшілер бой бермей салды. 230 метрлік «Абу Даби Плаза» салынып жатыр. Бұл посткеңестік елдердегі ең биік ғимарат болады. Мәдениет ошақтар бар, білім ошақтары бар, денсаулық сақтау мекемелері бар. Қазір астаналық тұрғын үшін барлығы бар. Ешқандай Париж, Берлинге барудың қажеті жоқ. Барлық керекті нәрсе осында бар. Тек ақша тауып, өмір сүру керек. Астанамызды көркейте беру керек», деді Президент.