Президент • 28 Желтоқсан, 2018

Н.Назарбаев: Өзбекстанмен қатынасымыздың дамуы қуантады

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 2018 жылды қорытындылау кезінде БАҚ өкілдерімен сұқбатында Астанада өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының басқосуы нәтижелі болғанын хабарлады. Түбі бір мемлекеттердің тағдырлас екенін айта келе, келешекте қарым-қатынасты одан әрі дамыту жоспарымен бөлісті.

Н.Назарбаев: Өзбекстанмен қатынасымыздың дамуы қуантады

Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан КСРО құрамынан шыққаннан кейін әр бағытта дамып, әрқайсы өз жолын тауып кетті. Осы мемлекеттерді бір ортада жинау мақсатында мемлекет басшыларымен Астанада бас қостық. Кездесу нәтижелі болды. Қазақстан шекаралас мемлекеттердің әрқайсысымен жоспар құрып, экономикалық ынтымақтастықты жолға қойды. Бұл үрдіс жалғасын тауып, мемлекет басшылары келесі жылы Ташкентте жиналады.

Мемлекет басшысының айтуынша, көршілес мемлекеттермен ынтымақтастық экономикамызға пайдалы болмақ. Өйткені шекараның жақындығы тауар тасымалдау үшін қолайлы. Оның үстіне халық санының жыл сайын артуы сұраныстың да артуына алып келеді.

Өзбекстанмен серіктестігіміз үздіксіз дамып жатыр. Өзбекстан Қостанай қаласында жеңіл автокөлік зауытын іске қосса, біз көрші мемлекетте банктер аштық. Мемлекетімізге газ тасымалдау қымбат екенін білеміз. Осы орайда Өзбекстан арқылы тасымалданатын газ бағасын 30 пайызға арзандатуға келістік. Ендігі кезекте ауыз су, Арал теңізінің мәселелері шешімін табады деп сенемін.

Екі ел арасында ұшақ та, автобус та, пойыз да қатынайды. Шымкент-Ташкент бағытындағы автобан жұмысы аяқталып, қолданысқа берілді.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен қатынасымыздың даму қарқыны қуантатынын айтты.