Қос команданың деңгейі мүлде бөлек екені баршамызға мәлім. Финдер бұл жарыста 14 рет (4 алтын+4 күміс+6 қола) жүлде алған. Соңғы рет олар 2016 жылы Хельсинкиде өткен әлем біріншілігінің бас жүлдесін олжалаған болатын. Ал Қазақстан тоғыз жылдан кейін мықтылар тобына енді ғана оралып отыр. Соған қарамастан бұл ойында біздің жігіттер барын салды. Әсіресе, қақпашы Демд Еремеевтің өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Ол Суоми елі өкілдерінің қақпаға бағыттаған 51 соққысын кері қайтарды. Керемет сейвтер жасап, талайларға таңдай қақтырды. Жасыратыны жоқ, Еремеев болмағанда айтулы кездесу бұдан да ірі есеппен аяқталатын еді.
Бірінші кезеңде Отто Латвала (13-минут), Аарне Талвитие (15-минут) гол соқса, үзілістен кейін Самули Вайнионпяя (33-минут) мергендік танытты. Үшінші кезеңде Каапо Какко (47-минут) және Алекси Хепониеми (49-минут) нысананы дәл көздеді. Қорытынды есеп 5:0.
Естеріңізге сала кетейік, Канадада өтіп жатқан әлем біріншілігінде Қазақстанның жастар құрамасы мынадай құрамда өнер көрсетуде. Қақпашылар – Демид Еремеев, Денис Каратаев («Снежные Барсы»), Владислав Нурек («Алтай Торпедо»). Қорғаушылар – Самат Данияр, Валерий Орехов, Евгений Шинкарецкий, Ернар Мұсабаев, Артем Королев, Давид Мұратов («Снежные Барсы»), Ярослав Хрипков («Алтай Торпедо»). Шабуылшылар – Саян Данияр, Артур Гатиятов, Давид Макуцкий, Иван Верещагин, Айдос Жорабек, Батырлан Мұратов, Олег Бойко, Диас Гусейнов, Максим Мусоров, Дмитрий Митенков («Снежные Барсы»), Андрей Буяльский, Руслан Демин («Темиртау»), Данил Третьяковский («Алтай Торпедо»).
Әлем чемпионатында 10 команда бес-бестен екі топқа бөлініп, өзара күш сынасуда «В» тобында өнер көрсетіп жатқан жерлестеріміз бүгін АҚШ-қа қарсы ойнайды. Ал 30 және 31 желтоқсанда Словакия және Швециямен шеберлік байқасамыз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»