Бүгін қандасымыздың кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды. Жәнібек «Жалдамалы жаналғыш» деген бүркеншік есіммен танымал Стивен Мартинеспен айқасады. 1990 жылы Пуэрто-Рикода туып-өскен ол кейіннен АҚШ-қа қоныс аударды. Осы спорт түрін серік еткелі 10 жылға жуықтап қалды. Сол аралықта 21 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетті. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Өзінің соңғы жекпе-жегін Мартинес үстіміздегі жылдың 16-наурызында америкалық Кортни Пененгтонға қарсы өткізіп, ұтылып қалған болатын.
Ал Жәнібек Әлімханұылының жүріп өткен жолын қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Ол – әуесқойлар арасында әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпаз. 2016 жылдың қазан айында кәсіпқой рингтегі алғашқы қадамын жасап, Алматыда колумбиялық Нуньес Милтонды бірінші раундта ұрып шықты. 2017 жылдың қыркүйейегінде Астанада бразилиялық Жильберту Перейра дос Сантосты ұпай санымен ұтты. Одан кейін Жәнібек мұхит асып, Америкаға аттанды. АҚШ-та ол атышулы Боб Арум жетекшілік ететін әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келсімшартқа отырды. Сол кезден бері тағы екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Қандасымыз тәжірибелі Карлос Гальван (Колумбия) мен Александер Воннан (АҚШ) басым түсті.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»