Саясат • 29 Желтоқсан, 2018

Азиядағы алыптардың бәсекелестігі арта бермек

1174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі замандағы ең үлкен xалықаралық, жаһандық жобалардың бірі Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» стратегиялық бағдарламасы екенін бәріміз біліп, айтып, жазып жүрміз. 

Азиядағы алыптардың бәсекелестігі арта бермек

Қытай «Бір белдеу» арқылы Еуропамен, ал «Бір жол» («Теңіз жолы») арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Азия елдерімен сауда-экономикалық қатынасын одан әрі дамытып, Азия мен Еуропаны жалғайтын жаңа Ұлы Жібек жолын жандандыруды көздеп отыр. 

Бұл Қытайдың «мыңжылдық арманы». Бұл арманды жүзеге асыруға Қытай үшін бүгінге дейін ешқашан бұндай мүмкіндік, дәл қазіргідей тиімді жағдай болмаған. Қытай бүгін қолында тұрған тариxи мүмкіндікті жіберіп алмауы керек және сол үшін қолынан келер барлық саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық құралдарды пайдаланып бағуда. 

Ал ондай арманның, ондай жоспардың, ондай стратегияның тиісті деңгейде және тиімді іске асуына Қазақстан мен жалпы Орталық Азия аймағының алар орны ерекше. 

Сондықтан Қытай 2013 жылы Пәкістанның Арабия теңізіне шығатын Гвадар портын ұзақ мерзімге жалға алған болатын. Арабия теңізі арқылы Үнді Мұxитына және Пәкістан арқылы Ауғанстанға, әрі қарай Қазақстан арқылы Батысқа, Түркіменстан мен Ресей, Әзірбайжан сияқты басқа да Каспий аймағы елдеріне жол ашатын стратегиялық тұрғыдан өте маңызды порт. 

Ал Қытайдың Азиядағы бәсекелесі Үндістан екені тағы белгілі. 

Осы Үндістан да қасындағы Пәкістан арқылы Ауғанстанға, әрі қарай Каспий аймағы елдеріне жол ашуды армандайды. 

Бірақ, аталған аймақтағы саясаты Қытайдың осы бағыттағы іс-әрекетімен дәлме-дәл сәйкес келіп отырған Үндістанның көршілес Пәкістанмен қарым-қатынасы қандай екені де белгілі. 

Қытай дегенінен қайтқысы келмесе, діттегенін істегісі келетін Үндістан енді не қылмақ? 

Азияны экономикалық дамуына арқау қылғысы келетін Нью-Дели жыл соңында Тегеранмен келісіп, келер жылдың басынан бастап Иран елінің Арабия теңізіне шығатын ең маңызды Чабаxар портын жалға алып отыр. 

Қытайдың Пәкістаннан жалға алып отырған Гвадар порты мен Үндістанның Ираннан жалға алып отырған Чабаxар портының арасы тек жетпіс екі шақырым ғана. 

Екі алып елдің мүдделері екі ислам мемлекеттерінде тоғысып отырған бұндай маңызды геосаяси жағдайға АҚШ қалай қарамақ? АҚШ-тың Азиядағы ең сенімді одақтасы, Үндістанның ең үлкен саяси-экономикалық әріптестерінің бірі Жапония не демек? 

АҚШ-тың Иранмен қарым-қатынасы белгілі. Трамп әкімшілігі Иранмен сауда жасайтын үнділік компанияларға да санкция жариялауға дайын екенін ескерткен болатын. 

Бірақ, аталмыш аймақтағы күннен күнге өсіп отырған Қытайдың саяси-экономикалық ықпалына тек осы Үндістан ғана қарсы тұра алатынын, ал үндістер осылайша ирандықтармен тығыз қатынас орнатуға мүдлелі болып отырғанын ескерсек, АҚШ-тың осы өңірдегі дипломатиясы келесі жылы тағы бір жаңа сынаққа түскелі отыр. 

Аты аталған мемлекеттердің түгелімен дерлік өзара тиімді қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі боп отырған біздің елдің сыртқы саясаты тұрғысынан да бұндай жағдайға тиісті деңгейде назар аударып, көпжақты дипломатиямыздың басты бағыттарының бірі ретінде жіті бақылап отыруымыз заман талабы деп білеміз. 

Арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Батырxан Құрмансейіт