Жекпе-жек • 28 Желтоқсан, 2018

Панкратион федерациясы үздіктерді марапаттады

988 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы панкратион федерациясының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан жергілікті спортшылар талай халықаралық, құрлықтық және әлемдік жарыстарда топ жарып үлгерді.

Панкратион федерациясы үздіктерді марапаттады

Атап айтқанда биылғы әлем чемпионатында қазақстандық Сәбит Жүсіпов қола жүлдегер атанса, жастар арасындағы дүниежүзілік додада Елжан Гасанов топ жарды. Аталған спортшыларды қалалық федерция басшылығы салтанатты түрде марапаттады. Федерация президентінің орынбасары Мақсат Қадырбаев жылдың үздік спортшыларына 100 мың теңгеден сыйақы ұстатты. Дәл осындай марапатқа Ресейде өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы Рамазан Балабеков, муайтайдан Ази чемпионы Нұртаза Жұмақанов, муайтайдан әлем чемпионы Алмаз Сәрсембеков және панкратионнан халықаралық жарыстарда алдына жан салмай жүрген Мұхаммед Мейрамов ие болды. Оларды дайындаған бапкерлер құрамы да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Мәулен Алендин, Нұртас Әлімбаев және «Tobet top team» жекпе-жек академиясының негізін салушы Диас Кабдуовтарға ерекше құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйақы берілді.

Федерация басшылығы жылдың қорытындылай келе көрсеткіштерге «жақсы» деген баға берді. Енді алдағы жылы осы қарқыннан таймай, бұдан көп медаль еншілеу мақсаты тұр. Халықаралық жарыстардан бөлек, Астана қаласының спортшылары ел чемпионатында да үздіктер қатарында. Соның арқасында 2019 жылғы Қазақстан біріншілігін өткізу құрметі елордаға берілді. Салтанатты жиын соңында алдағы жылдағы осы және өзге де жарыстарға дайындық барысы талқыланып, нақты жоспар бекітілді.