Қазақстан • 01 Қаңтар, 2019

Бүгіннен бастап Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем енгізілді

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер, яғни өз бетімен табыс тауып жатқан азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді аудара алады. Сөйтіп, жеңілдетілген төлем арқылы барлық әлеуметтік көмектерді алуға мүмкіндігі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгіннен бастап Қазақстанда бірыңғай жиынтық төлем енгізілді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда бірыңғай жиынтық төлемі 1 АЕК (2525 теңге), ал басқа елдімекендерде 0,5 АЕК (1263 теңге) көлемінде белгіленіп отыр. Аталған ақшаның 10 проценті жеке табыс салығына, 20 проценті - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына,  30 проценті - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына,  40 проценті Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына автоматты түрде түседі. Осылайша, бір төлеммен төрт бірдей жарна аударылады. Соның нәтижесінде бейресми жұмыспен қамтылғандар әлеуметтік көмекті барлығымен тең дәрежеде ала алады.

«Жалпы алғанда, Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандарға: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді», - деді М. Әбілқасымова.  Оның сөзіне қарағанда, бірыңғай жиынтық төлемін аудару я аудармау - әрбір азаматтың өз еркі. БЖТ-ны төлемегені үшін ешқандай шаралар қолданылмайды.

«Үкімет санкция саясатынан бас тартты. Негізінде кодексте әкімшілік жаза қарастырылған. Яғни, адамдар тапқан табысын жасырып отыр. Бүгінде жазалаудан гөрі ынталандыруға басымдық берілуде. Азаматтар аталған төлемнен бас тартпаған жағдайда қандай әлеуметтік көмек алатынын білуі тиіс. БЖТ режимінде мәжбүрлік сипат жоқ. Бұл жерде ешқандай жазалау қарастырылмаған. Бұл тетік арқылы бұрын аталған қызметтерді пайдалана алмаған адамдар әлеуметтік қолдауға қол жеткізеді. Бұл салықтың жаңа түрі емес. Бұл салықтар бұрын да төленіп тұратын. Тек өзін өзі жұмыспен қамтушы азаматтар енді ең аз мөлшерде төлеп тұратын болады. Төлей ме, төлемей ме - адамның өз еркі», - дейді М.Әбілқасымова.