18 Маусым, 2012

Көк бие

487 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Көк бие

Дүйсенбі, 18 маусым 2012 0:28

Тоқмағамбетұлы Әлішер 1913 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, 18 партсьезд колхозында дүниеге келді. 1936 жылы  ҚазПИ-ді бітірген.  Содан көп ұзамай соғыс басталып, Әлішер өзі сұранып майданға аттанды. Сұрапыл от- жалынында  жүрсе де “Социалистік Қазақстан” газетіне үзбей материал жазып, жіберіп тұрды.

 

Дүйсенбі, 18 маусым 2012 0:28

Тоқмағамбетұлы Әлішер 1913 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, 18 партсьезд колхозында дүниеге келді. 1936 жылы  ҚазПИ-ді бітірген.  Содан көп ұзамай соғыс басталып, Әлішер өзі сұранып майданға аттанды. Сұрапыл от- жалынында  жүрсе де “Социалистік Қазақстан” газетіне үзбей материал жазып, жіберіп тұрды.

 Соның бірі осы “Көк бие” деген мақаласы. Бұл дүние “СҚ-да”  жарияланғанда редакция азаматтары өте жоғары бағалап, мұның кино тақырыбына лайықты туынды  екенін айтты.

Әлішер майдан шебінде жүргенде “Социалистік Қазақстан” газетінің  беттерінде оның бұдан басқа екі жүзге жуық мақаласы жарық көрді. Газет ұжымы оның осындай еңбегін жоғары бағалап, “СҚ-ның” 25 жылдық мерейтойында Әлекеңе грамота әрі бағалы сыйлық берген.

Есіл азамат майданнан мүгедек болып оралды. Пойыз вагонынан оны жазушы, туған ағасы Асқар Тоқмағамбетұлы, мен  туыстары зембілмен алып түсіп,  үйге әкелді. Содан ол Тереңөзекте жеті жыл ауырып жатты. Қаламы қолынан түспеді. Талантты, ой өрісі жоғары азаматты ақыры қатыгез ажал арамыздан 1953 жылы алып кетті. Әлішер өмірден өткенмен шаңырағы биік, шамы жағулы. Сексеннің сеңгіріне шыққан жасымда да осы “Көк бие” әңгімесін оқып,  таныстарыма көрсетіп жүремін.

Ғұлама ғалым, халық жазушысы, марқұм Қалтай Мұхамеджанов “Көк биені” оқып отырып: “Бүкіл қан майданға бастан-аяқ қатысқандай сезімде болдым” – деп айтып еді. Қалекеңнің:  “Шіркін! Осы “Көк биені” қайта жариялап, киногерлердің назарына ұсынар ма еді”, – деген арманын осы жерде қоса айтқым келеді. Сондықтан да бұл туындыны сіздерге жолдап отырмын құрметті, егеменқазақстандықтар.

 Оспанқызы Зарифа.
(Тоқмағамбетұлы Әлішердің зайыбы)

Көк бие ақын Абай айтқандай

“Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ”, – емес, жал құйрығы төгілген жай шобыр, кәдімгі төрт таған жылқының өзі.

Мен көк биені ең алғаш Талғар бойында көрдім. Ол кезде генерал Панфилов өзінің дивизиясын ұйымдастырып, майданға аттануға әзірлік жасап жатқан шақ еді. Алатаудың аңғарына қаз-қатар тігілген жұмыртқадай ақ шатырда қылыш сермеп, найза ұстап, мылтық атып, оқ жонып жатқан қалың қол, сол генерал Панфиловтың сарбаздары еді.

Бір күні генерал біздің полкке келді. Полктегі барлық зеңбірекшілерді шақырып алып, артиллерияның соғыс кезінде атқаратын қызметтері жайында әңгіме өткізді. Артынша әңгімесін бітірісімен бізге қарап:

– Жүріңдер, сендерге зеңбірек­ке жегетін жылқы үлестіріп берейін! – деді де бізді Талғар бойына қарай бастап ала жөнелді.

Біз жақындап келгенде су бойында жусап тұрған бір үйірдей жылқы құлақтарын қайшылап, құйрықтарын аспанға шаншып, дүрліге жөнелді.Бірақ жылқышылар қаумалап, өзен бойына қайта топтады.

Генерал:

– Бұлар Кеген ауданынан кел­ген келісті жылқылар. Көрдіңдер ме, ор­текедей орғуын, ақ бөкендей ас­пан­ға атылуын,– деді де, маған қарап:

– Ең алдымен сен он екі жыл­қы таңдап ал, сенің зеңбіректерің ауыр!– деді.

Мен көп жылқыны аралап жүріп, бірінен-бірі өтетін, сай тасындай он екі жылқы алдым. Сондағы он екі жылқының бірі осы көк бие еді.

Көк биені тек мен ғана емес, жігіттердің барлығы жақсы көрді. Әсіресе, ат айдаушы Асанов көк биені айрықша ұнатты. Ертелі-кеш маған келіп:

– Көк биені маған беріңіз,– деп отырып алатын болды. Ақы­рын­­­да Асановтың тілегін орындадым, көк биені оның қарамағына бердім.

Көк бие бас асау, тебеген еді. Бірақ оны Асанов тез арада жөнге салды. Егер Асанов ысқырып-ысқырып жіберсе, көк бие шауып барып, ертоқымы ілулі тұрған бағанның түбіне тұра қалатын еді. Ерттеп болып, сауырсынына бір ұрса, зеңбіректің қасына жетіп баратын еді. Жігіттер көк биенің бұл  қылығына таң-тамаша қалатын. Оны: “Адамнан бетер”, – деп мақтайтын.

Біз көп ұзамай майданға жүріп кеттік. Көк бие алғашқы кезде жарқ-жұрқ еткен оқтан, айқыш-ұйқыш жарылып жатқан минадан өлер­дей қорқатын, бір орында ты­пыр­шып тұра алмайтын. Кейде шөп жемей, су ішпей қал­шылдап тұрып алатын, қа­рап тұрып қаратерге тү­се­тін. Жаудың алдыңғы шебіне жақын келіп, оқтың дауысы күшейген кезде, ол кібіртіктеп кері шегініп алға аяғын баспайтын, алақ-жұлақ етіп, қайта-қайта артына қарай беретін. Бұған Асановтың жыны келетін, зығырданы қайнайтын. Ол көк биеге: “Тұра тұр, өлмесем, сені молда қылармын”, – деп кіжінетін.

Не керек, көк бие майдан өміріне де үйренді.Бұрынғыдай емес, еті үйреніп, денесі ширай бастады. Ол енді жақын келіп, жарылған минадан ғана, құлағының түбінен зу етіп, ағып өткен оқтан ғана сескенетін болды. Асановтың айтқанын екі етпей орындайтын болды. Олардың арасындағы достық бұрынғыдан да гөрі күшейе түсті.

Москваның түбінде болған сұра­пыл соғыста көк биенің сүйреткен зеңбірегі жауға өлім отын аямай-ақ шашты.

Бір күні ноябрь айының аяқ шенінде, Москваға жақын Крюково деревнясында көк бие кеудесінен ауыр жараланды. Үстіндегі Асанов оққа ұшты.

Көк бие қанға боялып жатқан Асановтың қасына келіп, оқыранып, қайта-қайта тұмсығымен түртіп, бір орында шиыршық атты. Келесі күні көк биені емдеуге жібердік. Декабрьдің үші күні аяғымнан жараланып, госпитальға кеттім.

Сөйтіп, біз бір кезде осылай айырылысқан едік.

*  *  *

1943 жылдың күзі. Біздің әскер бөлімдеріміз жапырып, қатты ұрысып алға басып барады.  Мұндайда алда кетіп бара жатқан әскер бөлімдерін қуып жету қиын-ақ.

Мен түн ішінде, командир болып белгіленген бөлімімді іздеп жүріп, әрең таптым. Ат айдаушылармен танысып болғаннан кейін, алдыңғы шепте тұрған зеңбірекке кетпекші болдым. Сол екі арада ат айдаушылардың бастығы сұлу мұртты жігіт мені аттармен таныстыра бастады. Әр атқа жеке-жеке мінездеме беріп, бірін мақтап, бірін даттап келеді. Бір кезде: “Мынау барлығымыз жақсы көретін көк бие”, – деп бір жылқының сауырсынын сипады. “Көк бие”, – деген кезде менің құлағым елең ете қалды. Бірақ ол жерде қазбалап сұрап жатуға уақыт болмады, ілгері жүріп кеттік.

Ертеңінде таңсәріден шабуыл басталды. Немістер түске дейін қары­сып бақты. Түс ауа шабуыл қайта қыз­ды. Бұл жолы жау тегеурінді күш­ке төтеп бере алмады, бет-бетіне қа­ша бастады. Жаудың іргесі сөгілуі-ақ мұң екен, біздің әскер бөлімдеріміз лап берді.

Зеңбірегімізді жегіп алып, қашқан жауды біз де қуа жөнелдік. Жол үстінде келе жатып, назарым көк биеге түсіп кетіп еді, көзіме жылы ұшырап қалды. Бірақ өзіміздің көк бие деуге әлі аузым бармайды.

Кешке жақын бір деревняға келіп тоқтадық. Әдейі барып көк биенің кеудесін сипаладым. Жараның орны шор болып біткен екен. “Өзіміздің көк бие”, – деп біле қойдым. Мойнынан құшақтап, аймалай бастадым. Менің мұныма жігіттер таң қалысып жатыр. Мен оларға көк биенің жайын айттым.

Кешке тамақтан кейін сұлу мұртты жігіт маған келіп:

– Жолдас коман­дир, сізге көк биенің 42-жылғы істерін баян етейін, тыңдағыңыз келе ме? – деді. Мен:

– Әрине, айты­ңыз! – дедім. Ол әң­гімесін айта бастады.

– Ол кезде біз Сталинград қала­сы­ның түбінде едік. Мен түні бойы ұйқы көрген емеспін. Көк биемен алдыңғы шепте тұрған зеңбірек­шілерге снаряд тасумен болдым. Өзіңізге белгілі Сталинград жері теп-тегіс, көк дала. Сондықтан да түн ішінде аттап жолға шықсаң, адасып кетесің. Баратын жеріңді, қайтатын орныңды таба алмай, әбігер шегесің.

Мен бірде бір адасып көрген емеспін. Өйткені арбаға снаряд тиеп болып, көк биеге: “Шу!” – десем, салып отырып зеңбірек тұрған жерге келеді, снарядты түсіріп болып: “Ал көк бие, үйге тарт!” –десем, желе жортып “үйге” келеді. Көк биенің арқасында менің де беделім көтеріле бастады. Көк бие екеуміз қиыншылыққа қарамастан төрт зеңбіректі снарядпен үнемі қамтамасыз етіп тұрдық.

Көк бие талай рет өлім аузынан қалды. Шынында, өзінің “оқ қағары” бар. Қазір ол біздің бөлімдегі ең “кексе” жылқы.

Сталинградтан кейін, көк бие зеңбірегін сүйретіп осы майданға келді,– деді әңгімеші жігіт.

Ертеңінде тағы да алға жүрдік. Көк биеге қарап едім, зеңбірегін сүйретіп, алға қарай аршындап басып барады екен…

Көк бие осыдан кейін менімен бірге үздіксіз майданда болды. Ол зеңбірегін сүйретіп Днепр мен Висланы, Одер мен Эльбаны көктей өтті. Берлиннің көшесін басты, Рейхстагтың жанынан өтті.

Бұл жылдарда көк бие ысыл­ған, соғыстың ауыртпалығын көп көрген “қарт” солдат сияқты еді. Ол ұшып келе жатқан снаряд пен минаның жақын келіп, болмаса алысқа барып жарылатынын бі­ле­тін еді. Егер жақын келіп жары­латындай болса, желіп барып, тасаға тұра қалатын еді. Бұл – бұл ма, ол немістің жолға көмген минасын  сезетін. Талай-талай қауіпті жерде өзін өлімнен алып қалды, бізді сақтап қалды. Әсіресе, түнде жолға шыққанда көк биені ылғи алға салатын едік. Ол мина көмген жерге жақындап келгенде, жолдан бұрылып жөнейтін еді. Жігіттер оған “мина іздеуші” деген атақ та беріп үлгерген еді.

Көк бие ұшып келе жатқан са­мо­леттен де жасырына білетін. Мы­нандай бір оқиға болды. Бір күні ол тоған ішіндегі жоңыш­қа­лық­та жайылып жүр еді, немістің үш самолеті ұшып келеді екен. Көк бие самолеттің дүрілін ести сала басын жерден жұлып алды. Са­молетке құлағын тігіп қарап тұр­ды да, шаба жөнелді, тоғайға ба­рып жоқ болды. Немістің са­мо­лет­тері жақын жердегі бір деревня­ны бомбылады да, кері шауып кет­ті. Самолеттер кетісімен көк бие жайылуға қайта шықты. Көк бие­нің бұл қылығы бізге қатты ұнады.

Соғыс бітісімен көк биені елге аттандырдық. Ол соңына құлынын ерте кетті. Жануар майданда жүріп, екі рет құлындаған еді.

Қазір көк бие Москва түбінде болар, әлде Астрахань маңында болар, кім біледі, өзінің Кегенінде жүрген шығар. Қайда жүрсе, онда жүрсін, ол – әйтеуір еңбек майданында жүр.

Шіркін, малды өсірсең, жылқы өсір! Жайшылықта – күш көлігің, тынысың, соғыс күнінде – қолқанатың, қаруың…

Әлішер ТОҚМАҒАМБЕҰЛЫ.

30 мамыр 2001 жыл.