23 Шілде, 2012

Шпион

528 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Шпион

Дүйсенбі, 23 шілде 2012 0:50

Ақтөбеде туып-өскен Адольф Толкачевтың тағдыры ешкімді де бей-жай  қалдырмайды. Инженерлік талантымен танылған тұлға болатын. Америка  Құрама Штаттарының Орталық барлау басқармасы оны  Кеңес Одағының тарихындағы өздерінің ең бағалы агенті санаған.  Ол 1985 жылдың  мау­сымында АҚШ-тың КСРО-дағы елшілігінің хатшысы Пол  Стоумбаухпен  кездесіп, әс­ке­ри техниканың жаңа үлгілері жөніндегі құпия құжаттарды беріп  жатқан кезінде ұсталған. Осылайша, “бағалы тыңшы” қолға түсті.

 

Дүйсенбі, 23 шілде 2012 0:50

Ақтөбеде туып-өскен Адольф Толкачевтың тағдыры ешкімді де бей-жай  қалдырмайды. Инженерлік талантымен танылған тұлға болатын. Америка  Құрама Штаттарының Орталық барлау басқармасы оны  Кеңес Одағының тарихындағы өздерінің ең бағалы агенті санаған.  Ол 1985 жылдың  мау­сымында АҚШ-тың КСРО-дағы елшілігінің хатшысы Пол  Стоумбаухпен  кездесіп, әс­ке­ри техниканың жаңа үлгілері жөніндегі құпия құжаттарды беріп  жатқан кезінде ұсталған. Осылайша, “бағалы тыңшы” қолға түсті.

Тергеу барысында Адольф Толкачев болған жайтты жасырған жоқ. Бұл жерде хаттама бойынша оның тергеудегі жауабын келтіре отырып, сатқындықтың синдромы қалай қалыптасқан­дығын бағамдауға болады:  “Мұндай ой маған 1977 жылы келді. Америкалық барлау қызметімен байланыс  орнатып, тиісті  ынталандыру қарастырылса, өзімнің қолымдағы құпия құжаттарды беруге талпындым. Байланыс орнатудың мүмкін нұсқаларын ойлас­тырдым. Мәскеудегі АҚШ елшілігінің маңайын төңі­ректедім. Елшіліктің  мәши­несі болар деп шамалаған көлікте отырған адамға үшбу хат бермекші бол­дым. Егер неге аме­рика­лықтарды қалағаным қы­зық­тыратын  болса, айта­рым: күніге үш мәрте елшіліктің жанынан жұ­мысқа беттейтінмін.

Қаңтардың бас жа­ғын­да мүмкіндігі болса амери­калық  елшіліктің қызмет­керіне тапсыр­мақшы болған өзімнің алғашқы   хатымды әзір­ле­дім. Онда мен олардың адамымен  кездескім ке­леті­нін, күнін, орнын, уа­қытын жә­не шартты бел­гі – сол қо­лымда қол­ғабым бола­тынын тәп­тіштеп жаздым. Бұл хат­ты өзімше дипломат деп есептеген адамның қо­лы­на ұстаттым. Бі­рақ, мен көр­сет­кен уақытта ешкім келмеді.

Ақпанда екінші рет байла­ныс жа­сау­ға ұмтылыс та­ныт­­­тым. Кездесу  жөніндегі ха­тымды жолдай отырып, олар үшін қызық­ты ақпа­ратты­ ұсы­на  алатын­ды­­ғымды білдір­дім. Хатты елшілік қызметкерлеріне беру үшін осы маңайды төңірек­теп екі-үш аптадай жүрдім. Бір күні өткендегі мәшинені көріп қалып, жүргізушіге хатым­ды тастап кеттім. Бұл жолы егер америка­лықтар  менімен кездес­кісі келсе, онда дипло­маттық нөмірлі мә­шинесін “Қалбырлар” дүкенінің қасына белгі­ленген уақытта қоюын өтіндім. Белгіленген уақытта мәшине сол жерде тұрғанымен, менімен кездесуге ешкім шықпады.

Енді америкалықтарды қызықтыру қажет деп шештім де жауға тойтарыс беретін ұшақтарға ра­диолокациялық стансалар құрастырумен айналы­сатын ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істейтіндігімді жаздым”.

Сол жолы А.Толкачев мынадай хатты жолдаған болатын: “Менің аты-жөнім– Толкачев А.Г. Үйдегі телефоным… Сіздерге беруге ақпаратым дайын. Алғашқы жазбаларға қосымша ретінде радио­локациялық стансалардың параметрлерін хабар­лаймын… Бұдан былай кездесу белгілемеймін. Екі күннен кейін түскі мезгілде телефон шалғаныңызды күтемін”.

Бірнеше күннен кейін оған телефон соғылды. Мәскеу дүкендерінің біріндегі телефон-автоматтың жанына тығылған ескі қолғаптың ішіндегі  құпия материалдарды алуды өтінді. Ол сол бойда жүгіріп барып қолғапты, шифрлер көрсетілген кестелер, ағылшын тілінде жазылған хаттар салынған  екі конверт, екі құпия жазуға арналған көшірме қағаз, майда әріппен басылған  нұсқаулық тәріздес шағын кітапша (мұнда құпия хаттарды қалай әзірлеу керектігі, барлау орталығына хабарды жеткізудің жолдары, алған материалдарды жою жөніндегі ақыл-кеңестер жинақталған), сұрақтары бар парақ, 500 сом ақша шықты.

Сол кезде қомақты көрінетін бұл қаражат кейінгі­лермен салыстырғанда  тамшыдай ғана болатын. Тыңшылық еткен жылдары Толкачев Орталық барлау басқармасынан барлығы 789 мыңнан астам сом алғандығы анықталды.  Бұған құны 80 мың сом тұратын алтын бұйымдарын қосыңыз. АҚШ-тың бан­кі­лерінің  бірінде оның атына  2 миллион долларға есеп-шот ашылды. Бұл қаржының  кейінгі тағдыры белгісіз.  Ал кезінде америкалықтардың барлау қыз­меті жабық  ғылыми-зерттеу институтының жетекші конструкторына баға жетпес ақпарат беріп тұрғаны үшін аянып қалмаған. А.Толкачев тұтқындалғаннан кейін араға бірер ай салып, Американың “Уолл-стрит джорнал” газеті ол туралы “Кеңес Одағындағы  мықты тыңшылардың бірі еді”,– деп жазды. Газет бұдан  әрі оның Американы Кеңес елінің авиациялық технология саласындағы соңғы жаңалықтарынан хабардар етіп тұрғандығын атап көрсетеді. “Ол аса мол пайда әкелген  тыңшы,– деп жазды газеттің тілшісі.– Соның арқасында біз алдын-ала кеңестік авиация қалай дамитындығын  біліп отырдық, сондай-ақ миллиардтаған долларды үнемдедік”.

Өз кезегінде Кеңес Одағы Қорғаныс министр­лігінің Бас штабы кезінде мынадай анықтама берген:

“Жинақталған және берілген ақпарат КСРО әс­кери-әуе күштерінің қарулануы мен әскери тех­никасын дамытудың негізгі бағыттары, осы орайдағы  жүргізілетін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мәні мен мақсаты, әскери қарулану үлгілерінің негізгі  тактикалық-техникалық сипаттамалары, страте­гиялық қанатты зымырандарды қайтару жүйесі, КСРО-да қабыл­данған ұшақтарды мемлекеттік бақылау жүйесі мен радиоэлектрондық басымдық техникасы жөніндегі мәліметтерді қамтиды. Ол мәліметтер ерекше маңыз­ды және мемлекеттік құпияны құрайды. Бұларды америкалық арнаулы органдарға беру КСРО-ның мемлекеттік мүдделеріне, елдің қорғаныс әлеуетіне елеулі нұқсан келтірді, біраз зардап шектірді”.

А.Толкачевтың америкалықтарға берген мәліметі МИГ-23-МЛ истребителі туралы болатын. Сондай-ақ ол МИГ-29 жеңіл майдан истребителі, “Шмель” радиолокациялық бақылау және бағдарлау авиация кешені жөніндегі  мәліметтерді де қысқа мерзімде жеткізіп үлгерді. Конструктор мұндай маңызды ақпараттарды қалай алды деген сауалға ресми құжаттан жауап табуға болады. Онда   былай делінген: “Радио жасау ғылыми-зерттеу институтында атқарылып жатқан жұмыстардың А.Толкачевтың тыңшылық әрекетіне  арқау болуына аталмыш институтта мемлекеттік құпияны сақтауды қамтамасыз етудің аса қолайсыз жағдайы септігін тигізді”. Бұл ретте  тыңшының өзінің де тегеурінді қимылы таңдай қақтырады. Тергеу кезінде А.Толкачев мұның сырын  жайып салды: “Радио жасау ғылыми-зерттеу институтында бірінші бөлімнің екі филиалы бар, бұлар бөлек ғимараттарда орналасқан. Мен №2 филиалға немесе кітапхананың арнаулы қорына құжатты алу жөнінде өтініш білдірдім де орнына ішке кіретін құжатымды  тастадым. Осыдан кейін №1 филиалға да осындай өтініш білдіріп, №2 филиалға ішке кіретін құжатымды  тастағанымды айтып, қажетті материал­дарды қол қойып-ақ алатынмын. Сосын  қайтадан №2 филиалға барып, қажет емес материалдарды  тапсырып, ішке  кіретін құжатымды қайтарып алып, №1 филиалдың материалдарын жасырып үйге апарып, суретке түсі­ретінмін. Осылайша жиырма шақты рет  маңызды ма­териал­дарды жа­сырын алып шық­тым. Сағатына жеті-сегіз кас­сетаны су­ретке тү­сіріп жүрдім. Үлкен ма­те­риалдар тап болса, түскі үзі­ліске жұрт­тан бұрын  кетіп, кештеу орала­тынмын”.

Америкалықтар А.Тол­качевқа барлық жағдайды жасап бақты. Оның мә­ліметтері бағалы болғаннан кейін осы заманғы тың­шылық құ­рал-жаб­дық­тар­мен қамта­масыз етті. Мә­се­лен, оған ша­ғын құ­рал бер­ді. Бұған кез келген ақпаратты жазып қоюға болатын. Бұл мәліметтерді құ­рал бірден шиф­ріне түсіретін. Тіпті елшілікпен байланысқа шығуға бо­ла­тын. А.Тол­ка­чев мұны ұзақ пайдаланған жоқ. Өзі әдейі істен шығарды. Өйткені, ұстала қалса, бірден айғаққа айналатынын сезді.

А.Толкачев тыңшы болған жылдары америка­лықтардың талай құралдарына көңілі толмады. Тіпті қолының ебі болғандықтан да  барлаушыға  қажетті біраз қондырғыларды өзі жасады.

Институт әжетханасына орнататын шағын фотоап­парат­ты ойлап  тапты. Өйткені, көптеген материалдарды осы жерде суретке түсіруге тура келетін. Өз еркімен аме­рика­лықтарға қызмет етуге ұйғарған оны АҚШ елшілігін­дегілер  “идеологиялық” жағынан тәрбиелеуге күш сал­ды. Үнемі кеңес еліне  қарсы бағытталған әдебиетпен қам­тамасыз етіп отырды. Бұл туралы да ол тергеу бары­сында  ашық айтқан: “Америкалықтар маған кітаптар мен кітапшаларды  жаңажылдық сыйлық ретінде жіберетін. Меніңше, америкалық барлау қызметі  мені кеңестік құрылысқа қарсы үгіттеуге көңіл бөлген тәрізді. Мұны мен түсіне алмадым, өйткені, олармен байланысқа өзім шықтым емес пе? Ал жекелеген маңызды құжаттарды оларға бергеннен кейін өзім де кейін қайта алмайтын едім. Бұл жерде АҚШ барлау қызметі басқа елдің адамдарымен жұмыс істеудің қалыптасқан  дағдысынан шыға алмаған сияқты”. Америкалықтар бірнеше рет оған өздерінің алғысын білдірді.

Бірде Орталық барлау басқармасы А.Толкачевқа мынадай нұсқау да жіберді: “Сіз жеткізген ақпараттың бағасы зор екенін өзіңіз де сезінуіңіз қажет. Бұлардың мәнділігі сонда – біздің биліктің басында жүргендер де ақпаратқа елең ете қалды. Сіздің жеке қауіпсіздігіңіз бізді де ойландырады. Өзіңіздей ақпарат беретін адамнан айрылып қалу біз үшін аса ауырға соғар еді. Мұның өзі біздің жағдайымызға қазір де, көп жылдар өткен соң да әсерін  тигізеді. Сіз берген ақпараттың баға  жетпестігі бізді бұдан былай сақтықпен  қимылдауға, сізден ақпаратты асықпай жинауды талап етуге жетелейді”.

Сотта А.Толкачев өзінің  тыңшылыққа әбден берілгені сонша­лық, өзін-өзі өлтіру туралы ойлана бастағанын да мойындады. Орталық барлау басқармасындағы “шефтері” де оның “қамын” ой­лап, автоқалам кейпіндегі умен қамтамасыз еткен. Оның мөл­шері мол болатын. Қиналмай о  дүниеге аттануға жететін.

Әуел баста ол басына қонған байлыққа масаттанумен болған. Тыңшылыққа ақшаға бола тәуекелдік жасағандығын жасырмады:“Партия мен мемлекеттің бұрынғы басшыларының 60-70-жылдарғы инженерлер еңбегін материалдық жағынан лайықты бағалай алмаған­дығы осыған баруға  итермеледі”. Ол Брежнев заманын­дағы жалған мақтанышты жақтырмады. Мемлекет бас­шы­сының “жұлдыз” құмарлығы ызасын келтіретін.  А.Толка­чевты тінткен кезде “КОКП бағдарла­масы” кітабының  беттерінің бірінің жиегіне: “Социа­лизм идеяларына Кеңес Одағының  тәжі­ри­бесі келтірген зиянмен бірде-бір бур­жуазия­лық теория теңесе  алмақ  емес”,– деп жазған қол­таңбасы айғақ ретінде тәркіленді. Жас ке­зінде тіпті басқаша болатын. Он сегіз жасар Адольф аудандық комсомол комитетіне келіп, өзін Грекияға соғысқа жіберуін өтінген. Бұл – 1945 жыл еді.  Сол кезде Грекияда азамат  со­ғы­сы жүріп жатқан. Толкачев ұлт-азаттық ар­миясына ерікті жауынгер боп баруға сұранды. Бірінші хатшы сонда Грекияның орнына… “НКВД-ға барсаң қалай болады?”,– деді. А.Толкачев бас тартты.

Кейін асыл мұратынан айныған ол үшін бірінші орынға ақша  шықты. Амери­калықтардан алған байлығының қызығын да көре  алмады. Қорқақ­тады. Қалтырап-діріл­деп “Жигули” мәшинесін, шетелдік  маг­ни­тофон алды. “Мен америкалықтар берген ақша­ны санаған  емеспін. Белгіленген орынға қоя сала­тын­мын”. Тінткен кезде айтқан жерінен табылды. Қалғанын өртеп жіберіпті. Өйткені, 1983 жылы құпия құжаттарды қарауға рұқсаты барлардың тізімін жасай бастаған кезде, ол өзіне қауіп төнді ме деп мазасызданып, айғақ­тардан құтылуға асықты. “Пентакс” фотоаппаратын, кездесулер кестесін, ақшаны жойып жіберді. Ақшаны саяжайдағы орыс пешіне жақты. Бықсып, түтіндеп, жанып болмады. Біраз әлекке түсті. Жартысын алып қалуға болатынын ойлап, жанып жатқан жерінен уыстап алып, үйдің астындағы жертөлеге жасырды.

Адольф Георгиевичтің зайыбы да бірде үйді жинастырып жүріп, құпия сызбаларды тауып алып, күйеуінің сатқындығына көзін жеткізді. Ол да онымен бірге жұмыс істейтін. Соның өзінде Нина Ивановна сыр берген жоқ. Білмеген болды. Сол үшін кейін үш жылға бас еркінен айрылды. Ол сотта былай деді: “Мен неге күйеуімнің сатқындығы туралы хабарла­ма­дым? Оның  бірнеше себептері бар. Менің әке-ше­шем жазықсыз репрессияға ұшырады. Содан да ба­лал­ар үйінде тәрбиелендім. Болашақ жолдасымды сол жерде кездестірдім. Мен күйеуім туралы хабар­ласам, оны ататынын сездім. Әрине, мені де қылмыс­тық жауапкершілікке тартатынын білдім. Күйеуім  маған ең жақын адам еді. Біз 28 жыл бірге тұр­дық. Жамандығын көргенім жоқ. Үйдегі ер адамның шаруасын түгел өзі атқаратын, майдасынан бастап, үлкеніне дейін. Оны атқызуға қия алмадым. Америкалықтармен байланысын үзуіне бар күшімді жұмсадым. Содан кейін қайтып оның мәлімет жина­ғанын сезгенім жоқ. Үнемі тексеретінмін. Соған қара­мастан, ақпарат жинағанына енді көзім жетіп отыр”.

Адольф Георгиевич өзін зайыбының  алдында кінәлі сезінетінін, өзін қойшы, оның әлі талай уақыт жұрттың табасына қалатынын ойлап қапа болатынын соттың үстінде айтып салды. Ол  бірде аме­рикалықтарға өзінің ұлына қажетті ағыл­шын тілін оқып-үй­ренетін кассе­та­ларды жіберу жө­нінде өтініш жаса­ды. Өйткені, бар­лаушыларды ше­тел тіліне ма­шықтандыру әдісі әлдеқайда жеңіл еді. Аса сақ амери­калық­тар бұл өтінішке орай өз ойла­рын былай білдірді: “Біздің үйлес­тірушіміз сізге қа­жетті кас­сеталарды із­дестіре бас­тады. Ұлыңызға шын жүректен кө­мек­тескіміз келеді. Бірақ, тиісті  кассе­талармен қамта­масыз етуге кө­мектесе отырып, өзі­міздің кү­мәні­мізді де  жасыр­ғымыз келмейді. Егер ұлыңыз бұл кас­сеталардың шығу төркінін сұ­раса не дейсіз? Бас­қалар да бұ­ған қалай қарай­ды? Мұның өзі сіз­ге күдік ту­дыр­мас па екен? Сон­дықтан біз кас­се­та­лармен қам­тамасыз етер алдында мұны кім­нен ал­ға­ныңыз­­ды қалай тү­сінді­ретін­діг­іңізді біл­гіміз келеді”.

Егер Адольф Тол­качев әшке­ре­ле­не қалса, амери­ка­лықтар оның өзін және отба­сы мүшелерін тез арада Америкаға жөнелтуді де ой­ластырды. Бірақ, конструктор ойла­маған жерден тұт­қындалды да ешкім ештеңе іс­тей алмай қалды. Айыптау қоры­тын­дысында А.Тол­качевтың 1978 жыл­дың қазан айынан тұтқын­дал­ғанға дейін  8094 бет құжатты су­рет­ке түсіріп, америкалықтарға бергендігі айтылады. Ол өзінің қам-қарекеті арқылы КСРО-ның мүддесіне нұқсан келтіргенімен, түптің түбінде ядролық соғыс жағдайында истребитель авиациясы, радиолокация­лық стансалар жөніндегі ақпарат пәлендей мәнге ие емес деп есептегендігін айтып ақталды.

Адольф Толкачевты қолға түсіру оңайға түскен жоқ. Орталық барлау басқармасы оның тигізген көмегін 50 миллиард долларға бағалаған. Кеңес барлау қызметінің тыңшылары Эвард Ли Ховард пен Олдрич Эймс берген мәліметтер Толкачевтың түбіне жетті. “Альфа” тобы 1985 жылдың маусымында оны тырп еткізбей тұтқындады. Осы жерде  “бағалы тыңшыны” ұстап бергендердің тағдыры туралы да аз-кем тоқталғанның артықтығы болмас. 1992 жыл­дың соңына қарай швед полициясы Стокгольмде Хо­вардты тұтқындады. Оны иемденуге екі ел талас­ты. КСРО-ның мұрагері Ресей мен АҚШ. ФБР-дің  барлау бөлімінің басшысы Уэйн Гилберт: “Біз оның не  істегенін ұмытқан жоқпыз”,– деп қолға түсіріп, соттауды мақсат етті. Ол енді бірнеше сағат кешік­кен­де АҚШ-та тұтқындалатын еді.  Оның кәсіби шеберлігіне америкалықтардың өзі таң қалды. Алайда олар оның Толкачевты “ұстап” бергенін кешіре алмайтындықтарын аңғартты. Ал “Түнгі кезбе” деген атпен Орталық барлау басқарма­сының аппаратында  жұмыс істеп жүріп,  кеңес тыңшысы ретінде танылған   Олдрич Эймс те Толкачевты тұт­қындауға “үлес” қосқан-тын. Осы орайда қызықты  жайтты келтіруге болады. Олдрич Эймс су жаңа әдемі, қызыл түсті “Ягуар” мәшинесін күнде Орта­лық барлау басқармасының автотұрағына қоятын болған (бұл мәшинені  де, бұған дейінгі екі мәшинені де ол КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік  комите­тінің  ақшасына сатып алған, кейбір  деректерге қарағанда, Олдрич Эймс осындай байланыстың арқа­сында барлығы 4 миллион доллар табыс тап­қан). Эймс ұсталғаннан кейін ара-тұра аталмыш авто­тұрақта әзіл-қалжыңы аралас мынадай хабар­ландыру берілетін болған:  “Ягуар” мәшинелерінің иелері! Тез арада мәшинелеріңізді алып кетіңіздер. Әйтпесе, орыс тыңшысы  ретінде тұтқында­ласыздар!”.

Кеңестерге адал қызмет еткен Олдрич Эймс кейін өмір бойына бас еркінен айырылу жазасына кесілсе, ал Адольф Толкачевты КСРО соты аямады: ату жазасына үкім шығарды. 1986 жылдың 24 қыркүйегінде  бұл үкім орындалды.

Р.S. Қызмет бабында тасы өрге домалаған конструктор осылайша  өзі қалап алған  сатқындық синдромының құрбанына айналды. Бізге Американың аса бағалы  тыңшысының ақтөбелік  екендігі ғана бұл мақаланы жазуға негіз болды.Себебі ол осы қаладағы балалар үйінде тәрбиеленіп, жұмыс істеп, кейін Мәскеуге қоныс аударған болатын.

 

 Әмір ОРАЛБАЙ,
“Егемен Қазақстан”.

28 желтоқсан 2002 жыл.