15 Қазан, 2012

Сынақшы мен саясат

490 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Сынақшы мен саясат

Дүйсенбі, 15 қазан 2012 10:45

Ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің айтқан ақиқат астарында не жатыр?

Кеңес одағы отандық авиациядағы әрбір жетістігін дүниежүзіне жарияламас бұрын, коммунистік партияның саяси бюросында оны алдын-ала мұқият талқылап, жобасын бекітіп алып отырған. Қалыптасқан мемлекеттік тәртіп солай-ды. 80-інші жылдар… КОКП орталық комитеті саяси бюросының сондай бір кезекті жабық мәжілісі өтіп жатқан кез еді.

Бас хатшы Михаил Горбачев:

 

Дүйсенбі, 15 қазан 2012 10:45

Ұшқыш-ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің айтқан ақиқат астарында не жатыр?

Кеңес одағы отандық авиациядағы әрбір жетістігін дүниежүзіне жарияламас бұрын, коммунистік партияның саяси бюросында оны алдын-ала мұқият талқылап, жобасын бекітіп алып отырған. Қалыптасқан мемлекеттік тәртіп солай-ды. 80-інші жылдар… КОКП орталық комитеті саяси бюросының сондай бір кезекті жабық мәжілісі өтіп жатқан кез еді.

Бас хатшы Михаил Горбачев:

– Ростислав Апполосович, сіз бен біз осы қазір орыс әуе флотының тарихын жазып жатыр емеспіз бе… солай ма, жолдастар?! Ертең әлемдік авиацияда тұңғыш рет әскери кемеге ұшақ қондырып, ұшырайын деп жатырсыздар. Мен бұл әрекеттеріңізді өте құптаймын. Бірақ та, айтыңызшы, сол “МиГ” фирмасы сынақшыларының арасынан осынау аса жауапты міндетті орындайтын бір орыс фамилиясы қалайша табылмады?

Бас конструктор Ростислав Беляков:

– Құрметті Михаил Сергеевич! Құрметті саяси бюроның мүшелері, егер біз орыстың әуе флотының тарихы қанмен жазылмасын десек, бұл ұшақты крейсерге 1-сыныптағы сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров қондыруы тиіс. Менің бұған басқа алып қосарым жоқ!

Ақиқатында сол, теңіз айдынындағы тентек желдің өтінде жүрген алып аралдай крейсерге дыбыстан жылдам ұшқыр ұшақты ұлпадай “үлп” еткізіп қондырып, жемтігін ілген лашын құстай жеңіл көтеріп әкету тек қана сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровтің қолынан келер іс еді. Баптауы жетпеген өзге сынақшының бес қаруы бойындағы ұшақты кеменің палубасына ұрындырмасына, сөйтіп күллі аймақты алапат от құшағында қалдырмасына кім кепіл. Бас конструктордың тарихты “қанмен жазу” деп меңзегені де сол болатын. Бас хатшы саяси бюро мүшелерінің алдында сол жолы бірінші рет тілін тістеп, сөз таба алмай үн-түнсіз қалған екен дейді!..

Өз басым алғашқыда Горбачевтың мейлі үлкен мінберден болсын, мейлі көпшілік жиналған жерде болсын, қолына ұстатқан қағазға қарамай баяндама жасай беретініне таң-тамаша қалып жүрдім. Қолы қалтылдап, одан қалды қолындағы парағы дірілдеп тұрып сөйлейтін шешендер шынымен бәрімізді жалықтырып жіберген болатын. Өкінішке қарай, теледидардан қарағанда сүйкімді, халыққа жақын көрінетін Горбачевтың мінбердегі бұл шешендік өнері алдамшы, ал шешеннің өзі абыройсыз болып шыққанын қайтерсіз. Оның сайраған сөздері Мәскеуден ТАСС арқылы тарап, ҚазТАГ-тың қоржынынан өтіп, күнделікті газеттердің бетіне түскенше сан мәрте түзетілетінді шығарды. Ең сорақысы, ол түзетілген “шешендік сөздер” тү-у Мәскеуден біздің жаққа түн ауа жетіп жататын.Жоғарыдағылар оның әрбір сөзін редакциялаудан еш жалықпағанымен, қарамайдың иісі аңқыған баспаханада түн баласы кірпік қақпай зыр жүгіріп жүретін журналистер мен баспагерлер әбден титықтап жалықты. Мәскеуді қайдам, мұндай қойыртпақ тірлік Алматыдан шығатын күнделікті газеттердің баспа жұмысын екі есеге ауырлатып жіберді. Көнекөз журналистер мұндай сорақылықтың Хрущевтің заманында да болмағанын бас шайқап айтар еді. Оқта текте, онда да жылдың әр мезгілінде мейлінше шиырып, қысқа түрде жарияланатын КОКП орталық комитетінің саяси бюросы туралы  ақпараттық хабар да, әлі есімде, көлдей-көлдей көлемді болып, әрбір жұма сайын үзбей жарияланып тұратынды шығарды. Горбачевтың осынау оспадарсыз түзетіліп, уақыт талғамай телетайп таспаларынан түн ауа түсіп жататын шешендік сөздерін жариялаудан басылымдар несін айтасыз, шаршап-ақ қалды. Амал қанша, оның сөзі – партияның сөзі, жұрт оны солай деп қабылдауға мәжбүр еді.

Алматыдағы Желтоқсан оқиғасынан кейін иісі қазақ бас хатшыға лағынет айтты. Жылтыңдаған түрінен-ақ оның бойында үлкен бір тұрақсыздықтың белгісі бары ә дегеннен-ақ көрініп қалған! Білдей бір республиканың Алматы деген әсем астанасына жоламай жалтыр бас жалт беріп Целиноградқа барды. Тымпиып Ташкент асып кетті… әйтеуір, Алматыға соға алмай, айналсоқтап жүрді. Бұл сеңнің көбесі сөгілуге таяған кез еді ғой. Кешікпей Ельцин оны Кремльден ұрмай-соқпай дырылдатып қуып шыққанда, ызадан булығып әрең жүрген қазақ соған да бір тәубе айтса, баяғы ақкөңілдігіне басып Горбачевтың адам айтқысыз аярлығын арада аз уақыт өтпей ұмытып та кете барды!..

Барлық абырой-ожданынан ажырап, тып-типыл болып, соқа басы қалған жолдас Горбачев ғасырдың басында Горбачев мырза атанып, ұялмай-қызармай Алматыға келді. Ұялмай-қызармай қонақжайлылық танытып қарсы алдық! Ұялмай-қызармай қолтығынан демеп ел аралаттық! Сол бір жеркенішті кезеңнен “Жас Алаштың” журналисі Сәкен Сыбанбайдың Еуразиялық медиа-форумның күнделігінен жазған репортажындағы бір мысқыл ғана есімде қалыпты.

Журналист “үзіліс арасында шәй ішіп тұрсам, әлдекімнің “Кезектің соңы кім, кезектің соңы кім?” деген әлдеқандай таныс дауысы шықты, жалт қарасам, маңдайындағы меңінен таныдым, Кеңес одағының кешегі бас хатшысы Горбачев екен” деп шымшыды… Мақтамен бауыздау деген осындай-ақ болатын шығар! Ал өзгедей… Алматыдағы сандаған қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтардың іштей “кіжінгені” болмаса, намысты жанығанын байқай алмадық сол күндері. Мен мұны не үшін еске алып отырмын?!

2004 жылдың сәуірі. КСРО-ның экс-президенті Горбачев енді Грузияға меймандап қайтпақ ой танытыпты. Сол-ақ екен ол елдің Адам құқығын қорғау жөніндегі қауымдастық мүшелері “аттандап”, Горбачевтың табаны Тбилисидің әуе жайына тиген жерден қамауға алу керектігін талап етті. Қауымдастық төрағасы Георгий Кервалишвили Тбилисидің Руставели даңғылында 1989 жылы 6 сәуірде болған қантөгіске тікелей Горбачевты кінәлады. Өйткені, сол күні Тбилисидің орталығында кеңес әскерінің бөлімшелері грузиннің ұлт-азаттық қозғалысының мүшелеріне қарсы оқ атты. 20 адам қаза тапты.

Горбачевтың кезекті сапары туралы әлгі ақпараттың біздің ұлт өкілдерінің “қотырын қасығаны” сөзсіз. Қазақтардың Желтоқсан оқиғасын есіне алып, ызадан бір булыға қалғаны да айдан-анық. Өзекті өртеген сол өкініш халықтың санасынан жуық арада өше қояр ма екен!?

Әйтсе де, Әубәкіров сынды нар қазақтың 91-дің күзінде Кремльдің қақ төрінде Горбачевты қақ маңдайдан ұрғандай етіп, сөзбен сілейткенін қазағым қайдан білсін! Ұлтының намысын жыртқан жасындай ұл басына төнеді-ау деген қауіп-қатерден қаймықпапты сол жолы. Кеңес одағының ақырғы билеушісінің лауазымы мен бет-жүзіне қарамай ойындағысын айтып салған!

Бірде қызық болды, мен оған: “Шыныңызды айтыңызшы, Тоқтар аға, қайраңдап қалған Кеңес одағы үшін жаныңыздың ауырған кездері болды ма?” – деп төтеден сұрақ қойдым. Ондағы ойым, Кеңес одағы дүние жүзінде аса қуатты мемлекет болды десек, сондай мемлекеттің ең қуатты әскери ұшақтарын қорғаныс саласына өз қолыңыздан сұрыптап, өткізіп беріп отырдыңыз ғой дегенім еді. Елу ұшақ, оңай ма… аз емес!?. Оныма бірден жауап алдым.

– Ол туралы мен КСРО-ның сол кездегі президенті Горбачевтың өзіне айтқан болатынмын, – деп Тоқаң күліп алды. Күліп алды да былай деді:

– Мен оған “Ғылымнан бір тиынын аяған мемлекет түбінде күйрейді, жер бетінен жоғалады” дедім. Ол, сірә, менен мұндай оқыс мінез күтпеген болса керек, бетіме аңтарыла қарап қалыпты. “Менің байқауымша, сіз мемлекетті құлатуға ынтығып жүрсіз, сіздің ғылымға қазіргі көзқарасыңыз сондай пиғылды танытады”, деп, есін жидырмай тағы бір қайырдым. Горбачев түкірігіне шашалып қалды… Әшейінде ауыз жаппай сөйлейтін бас хатшының көзі жыпылықтап, ләм деп аузын аша алмады. Айнала тізіліп тұрған нөкерлері де сазарып, жақ ашпады.

Бір уақытта басын кегжең еткізіп:

– Вот ты какой, Аубакиров!? – деп үш рет қайталады да, алды-артына қарамай кілт бұрылып, залды тастап шықты да кетті.

Кеңес одағының сол кездегі қорғаныс министрі Шапошниковтің Горбачевтың қолынан маршал жұлдызын алғанына онша көп бола қоймаған кезі еді, арадағы осы әңгімені естіген оның да екі көзі атыздай болды. Өз басым онымен етене жақын жолдас болмағанмен де, авиациядағы әріптес ретінде жолыққан жерлерде бір-бірімізбен сәлеміміз түзу-тін. Әріптесімнің “балағаттап” сөйлейтін әдеті бар еді. Сонысына басып, жақсылап бір ішін босатып алды да: “Сенің барлық наградаларыңды жұрдай қылып, алдырып тастаса қайтеміз, ойбай…” – деді. Басқа сөз түспеді аузына, мен де сасқан жоқпын: “Жолдас маршал, президентке мен бар болғаны шындықты айттым”, – дедім. Ол сол бойы үндемеді. Не керек, Горбачевтың мемлекет пен халық алдындағы зор қылмысын бетіне басқан “могиканның соңғы тұяғы” мен екенмін, айтқаным айдай келді, көп кешікпей алып мемлекет күйреді…

– Шынында қызық екен, – дедім, таң-тамаша қалған мен әңгімешіме ұмсына түсіп, – сіз мұны қай жерде, қандай жағдайда айтып жүрсіз?

– Кремльдің Александр залында… Ғарышқа барып қайтқан соң бір айдан кейін, қараша мейрамының қарсаңында КСРО президенті Горбачев бізге салтанатты жағдайда награда тапсырды емес пе?! Салтанат үстінде ол “Жолдастар, кім сөйлейді?” деді маңғазданып. Сол кезде мен алға бір қадам аттап шығып: “Мен сөйлеймін!” – дедім.

– Награда үшін рахмет, бірақ менің айтпағым басқа мәселе, – дедім де бастадым ғой әлгіндей деп. Көп кешікпей Беловежьеде “үштіктің” жасырын кездесуі өтті. Ал ары қарай оқиғаның қалай өрбігенін өзің де жақсы білесің.

Генерал маған сынай қарағандай болып, жымиып қойды. Сөйтті де, Горбачевқа қатысты тағы бір әңгіменің шетін шығарды.

…1988 жыл. Кремльдің Александр залы. Патша сарайының ішіндегі көрсетілген барша қошемет пен кеудеге жаңадан ғана тағылған Алтын Жұлдыздың шаттығы жас қазақтың бойын одан бетер тіктей түсті. Ресми марапаттау аяқталар тұста ғой, Тоқтарға жақындап келген КСРО жоғарғы кеңесі президиумының хатшысы Н.Ментешашвили жадырап, қолын қысты.

– Тоқтар Оңғарбайұлы, сіз үшін мен өте қуаныштымын.

Орта жастан асқан, бурыл тартқан селдір шашты грузин азаматының манадан бері жылыұшырай күлімсіреп, бұл қалай қозғалса да көзін алмай назарында ұстап тұрғанын Тоқтар әлдеқашан байқаған. Енді, міне, тіпті жақын келіп, Батырдың қолын құшырлана қайта қысты. “Сыйға сый, сыраға бал” деген, Тоқтар да ризашылығын білдіріп жатыр:

– Рахмет сізге, үлкен рахмет!

КСРО жоғарғы кеңесі президиумының хатшысы бұлай ықылас танытып, жатырқамай жақындасып жатса, несі айып?! Әсілі, өзі табиғатынан бауырмал жан болса керек. Екеуара оқшауланып қалған екен, кенет президиум хатшысы Тоқтардың өз басы бұрын соңды естімеген бір сырдың шетін қылтитып шығарды.

– Мен шын мәнінде сіздің жанкүйеріңіз болдым десем, артық айтпас едім, – деген Ментешашвили Тоқтардың таңырқай түскенін байқап, айтар ойын одан ары күлбілтелендірмей жайып салды. – Білесіз бе, сізді марапаттауға ұсынған құжатты осы өткен екі жылдың ішінде Михаил Сергеевичтің алдына он рет алып кірдім емес пе, он рет!? Содан сол оныншы рет дегенде зорға қол қойды ғой…

– Шын айтасыз ба, ол жайынан мен хабарсыз екенмін, – деді Тоқтар қипақтағандай кейіп танытып.

– Шын айтам, солай болды…

1987 жылдың 23 ақпаны күні Кеңес армиясының туған күніне орай қорғаныс өнеркәсібінің лайықты үш қызметкеріне Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы құжат Горбачевтың алдына түседі.

Екі құжатқа ойланбай қол қойып қайтарған бас хатшы, Тоқтар Әубәкіровтің аты жазылған құжатты оң қолымен үстелдің шетіне ысырады. Президиум хатшысы Ментешашвили бұл оқиғаға қатты таң қалады. Соншама лауазымды азаматтардың сүзгісінен өтіп, бас хатшының алдына тастүйін күйінде жеткен құжатқа Горбачевтың қырын қабақ танытқанын түсіне алмаған. Әдетте бұл бөлмеге әкелген құжаттың бәріне де кідіріссіз қол қойылар еді…

Арада үш ай өтті.

Тағы да сол көрініс қайталана берді…

Бір жолы тіпті, өзі саусақпен санарлық құжатты аударыстыра бастаған Михаил Горбачевты аяқ астынан түлен түртті. Бет-аузы түнеріп, қап-қара болып түтігіп сала берді. Қолына жалма-жан құжатты алған бойда айқайға басып:

– Менің алдыма мұндай… қазақтың аты жазылған құжатты бұдан былай алып келмеңіз деген жоқпын ба! – деп, босағаға қарай лақтырып жібергенде Ментешашвили сөз таппай, дағдарып қалды. Сондай елгезек әрі мейірбан жандай көрінетін бас хатшының оспадар мына қылығы оны түс көргендей етті. Амалының жоқтығынан бүгжеңдеп барып әлгі құжатты емен есіктің табалдырығынан көтеріп алуға мәжбүр болады.

Ментешашвили көрген-білген, өзі куә болған сол оқиғаны Тоқтардың алдында бүкпесіз баяндады.

– Бұл өзі бір адамның қолынан шығатын дүние емес қой, – деді хатшы бір уақытта, – ол құжат Михаил Сергеевичтің алдына жеткенше де нешеме құзырлы адамдардың алдынан сұрыпталып шығады. Бас хатшының соншама қасарысып қалған жайын түсіне алмадым. Сіздің есіміңіз жазылған құжат қолыма қайталай тигенде, екі ұдай ойда жүрдім. Біріншіден, бас хатшыдан тағы да өткендегідей оқыс қылық күткенім рас, жасырмаймын. Екіншіден, құжаттың қайта оралып келгені көкірегімде үміт отын маздатты. Бір ғажабы, бұл жолы ол тіпті түк болмағандай, қол қойды да жіберді, көрдіңіз бе?!.

Президиум хатшысымен өмірінде бірінші әрі соңғы рет жолығу үстінде ол өз құлағымен осындай әңгіме естіді. Қатты ойға батты. Ендеше, соншама қитығып жүрген Горбачевтың тоң мойнын тұқыртқан қандай күш сонда?.. Оның сыры да араға екі-үш жыл салып ашылды.

…Адамның өмірінде ойдан кетпес, санадан өшпес, әсте ұмытылмас кезеңнің болатынын Тоқтар дәл осы күні ұққан. Әдеттегідей фирманың жұрты алқақотан жинала қалатын зәулім акті залы бұл жолы да аузы-мұрнынан шыға лық толды. Федотовтың алғаш рет бұған кәсіби тұрғыдан баға беру-таныстыру кешінде, кейін Алтын Жұлдыз алғанда, әлі есінде, зал осылайша лық толған. Тоқтар бәрін де байқап тұр.

Әріптестердің бүгінгі бас қосуы айрықша, ол – қоштасу салтанаты. Фирманың ең үздік сынақшы-ұшқышы Тоқтар Әубәкіровпен қоштасу… Тоқтарды айналсоқтап, жүздері алау атып жүрген достары, тіпті уақиғаның дәл бұлай болатынына әлі де нанғысы келмейтіндей. Әлі де сенбей жүрген секілді.

Биік мінберден Бас конструктордың сұлбасы көрінгенде жұрт тынышталып, арлы-берлі жүріс сап тиылды.

– Құрметті достар, біз бүгін… – бас конструктор Беляковтің дауысына діріл араласты.

– Біз бүгін баршамыздың жақынымыз, фирманың маңдайалды маманы, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, Кеңес Одағының Батыры және де… әрине, баршаңыз білесіздер, Кеңес Одағының ғарышкер-ұшқышы, менің орынбасарым, үзеңгілес жан досым Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен қоштасу салтанатына жиналып отырмыз. Осы жиналғандардың барлығы да көңілді жабырқатар бұл салтанаттың болмағанын қалап отырғанын мен мына отырған сіздердің жүздеріңізден дәл қазір байқап та тұрмын. Алайда, амал қанша. Достар, Тоқтар Оңғарбайұлы өзінің туып-өскен тәуелсіз Отанына қайтып барады… Бүгіннен бастап біздің жан досымыз – Тәуелсіз Қазақстанның азаматы!

Тоқтар Әубәкіров – қазақ халқының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер-ұшқыш! Ол туған халқының ғана емес, осында бас қосып отырған баршамыздың мақтанышымыз, жолдастар!

Ду қол шапалақтың күмбірі үлкен залдың ішіне сыймай, зәулім ғимаратты шайқап жібергендей болды.

– Тоқтар Оңғарбайұлы фирманы, ондағы ширек ғасырдай қоян-қолтық араласқан әріптес достарын ұмытпай, ат басын бұрып тұрады деген сенімдемін, – деп дауыстады тағы да Беляков қалың шудың арасынан.

Өн бойы шымырлап, толқыған Тоқтар ата-баба салтымен оң қолымен жүрегінің тұсын басып, күлімсіреген қалпы сабырмен орнынан тұрды. Көпшілікке бас изеп, ілтипат танытты. Іштей “Рахмет, рахмет… достар!” деп қайталай берді. Сол-ақ екен, екпіндете соғылған шапалақ одан бетер үдеп салды. Алдыңғы қатарда отырған аса мәртебелі меймандар абыр-сабыр орындарынан тұра бастады. Сол-ақ екен, күллі залдағы жұрт қопарыла түрегелді. Тоқтардың екі көзі алдыңғы қатарда.

Міне, әскери авиацияның сап түзеген баһадүрлері Тоқтарды құрметтеп, шапалақ ұрып тұр. Есімдері ел алдында өмір-бақи құпия сақталған, бірақ Отаны үшін дарынды еңбегін бағыштаған нағыз талант иелері осылар. Маман-конструктор, білгір инженер, сайыпқыран әріптестер!.. Тоқтар солай қарай шын пейілімен тағы да қайтара бас изеп, жиналып отырған барша халыққа екі қолын бірдей аспанға көтеріп, “рахмет, рахмет” дегендей бар ықыласын сала ишара жасады.

Осыдан кейін сезімі бар азаматты селт еткізбей қоймайтын жүрекжарды тілектер айтыла бастады. Мұндайлықта ыстық, ықылас, шынайы көңіл болады екен! Жанары ұшқын шашып, бәрін-бәрін қалт жібермей тыңдап тұрған дала қыранының айқара құшақтасу басталғанда ғой жанарының жасқа шыланғаны. Өзі де байқамай қалды. Бұлар фирманың ыстығы мен суығын бірге бастарынан кешкен жан достары, Федотов мектебінің түлектері еді. Кеше ғана бұлар барлығы бір елдің апайтөс ақиық азаматы еді, міне, бірегей туған аяулы бір азаматы қоштасып, өз еліне қайтып барады. Жанашыр жұрттың көңіл ауанын байқаған Тоқтар да қатты толқыды…

Бас конструктордың бөлмесі. Екеуден-екеу. Кішіпейілділігі мен кірпияздығы қатар жүретін Ростислав Апполосович, әдеттегідей, Тоқтарға орындық ұсынды. Бастығының көңілі шыныменен-ақ босағанын Тоқтар кешегі күні-ақ байқаған. Әлдене жоғалтқан жандай көңілі алабұртып, беймаза күй кешіп жүрді.

– Ал, Ростислав Апполосович, сый-сияпаттарыңызға мың да бір рахмет, әсіресе өзіңізді қия алмай тұрмын, амал қанша қоштасуға тура келеді, – деген Тоқтар орнынан тұрмақ ыңғай танытып еді, бастығы ишара жасап, кідіруін талап етті.

– Аз болсын, көп болсын бір мүдде үшін қоян-қолтық араласып еңбек еттік. Ісімізді адал атқардық. Қайда болма, қайда жүрме, сен менің жүрегімдесің, соншалықты бауыр басып кеткендігімізден де шығар. Әлгінде, жігіттердің көңіл ауанын байқадың ғой, бәрі де тіпті, сені қия алмай тұр…

– Көрдім, сезгенмін де, – деді Тоқтар да толқи түсіп.

– Тоқтар, мен саған бір сыр ашайын… – деген Беляков сәл мүдіріп барып сөзін жалғады. – Екеуміздің де ар-ұятымыз таза, бірақ бұл әңгімені сен білуге тиіссің, мен оны саған қалайда айтуға тиіспін!

Тоқтар аң-таң. Өзін бір кісідей танимын, бар сырын білемін деген бастығының бұдан осынша жыл жасырған құпиясы болғаны ма?! Дәу де болса өз басы шет жағынан хабардар әңгіме болар деп түйген. Ойлағандай болды.

… “МиГ” фирмасы Горбачевтан ең үздік сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағын беруді талап етуін қоймайды. КСРО-ның әуе қорғанысы бір леппен қуаттанып, нығаю үстінде, оған үлес қосқан адамды марапаттау керек емес пе?! Өзі жөні солай. Горбачев еш илікпейді: елдің қорғаныс қуатының артқанын мақтаныш тұтады, бірақ қазақ халқы өкілінің батыр атанғанын ашық түрде қаламайды, қызық!

Мәскеу қаласының бірінші хатшысы В.Гришин КОКП орталық комитеті саяси бюросының мүшесі болатын. Оны кезінде күллі еліміздің коммунистері Мәскеудегі “кіші саяси бюроның” көсемі санаған. Фирманың Бас конструкторы Беляков тура сол “кіші саяси бюроның” жетекшісіне барады да, “бұл не деген масқара?” деп мәселені төтесінен қояды. Кездесу барысында Гришин де Горбачевтың қолдан жасап отырған мұндай әділетсіздігіне төзбейтінін бірден байқатады… Мәскеу партия ұйымының бірінші хатшысы дереу “кіші саяси бюроның” кезектен тыс мәжілісін шақырады. Шақырады да, күн тәртібіне қойылған төтенше мәселеге байланысты Горбачевтың өзін “бюроға салады”. Сол мәжілістің үстінде Гришин бастаған “кіші саяси бюро” мүшелері бас хатшы Горбачевтың жеке басының қиянатшыл әрекетін коммунист ретінде бетіне басады. Мәжіліс көпке созылмайды. Компартия серкелері Мәскеу партия ұйымының мүшесі, атақты сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіровке Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жарлыққа Горбачевқа сол мәжілістің үстінде қол қойдыртады…

Ал даңқты сынақшы ол кезде бұл жайдан мүлдем бейхабар, күнделікті қызметін атқарып жүріп жатқан.

Бақса, қырандарын жан-тәнімен қызғыштай қорғап жүретін бас бапкер-бас конструктор қайсар жігіттің көңіліне қаяу түсірмеудің қамымен бар сырды ішіне сақтауға мәжбүр болған екен…

Тоқтар орнынан тұрып, ұстазын айқара құшақтап, бауырына басты…

Олар үн-түнсіз ұғысты.

Талғат СҮЙІНБАЙ,
АҚШ-тың “Интерньюс Нетуорк” ұйымының 
Қазақстандағы өкілдігінің бағдарлама редакторы.

27 шілде, 2004 жыл.