«Ұлы дала сазы» атты жобаның таныстырылымына «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері термеші Айгүл Елшібаева, әнші Ерлан Рысқали, күйші Жанғали Жүзбай қатысты.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыда дәріптеу мәселесі көтерілді. Біздің мақсатымыз – Елбасы мақаласындағы көтерілген идеяларды жүзеге асыру. Осы тұрғыда ұлттық арна төл өнерді жаңаша насихаттау мақсатында телевизиялық жобаны іске асырды. Аталған жобаның мақсаты – дәстүрлі музыканы ұлықтаумен қатар, осы салада жүрген өнерпаздардың басын қосу. Концертте бүгінде ұмытылып бара жатқан халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалады», деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Музыкалық жоба ұлттық арна эфирінен 13 қаңтардан бастап аптасына бір рет көрсетіледі. Түсірілім жұмыстары 2018 жылдың қараша айында басталған жобаға тоқсаннан астам өнерпаз қатысқан. Олардың арасында Секен Тұрысбеков, Қажыбек Бекбосынов, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова сынды өнер майталмандары бар. Бұл ретте әнші Ерлан Рысқали аталған жобаның ұлт руханиятына берері мол бағдарлама екенін атап өтті. Қазақтың келешегі шері мен шаттығын қақ бөліскен қара домбырасының шанағына байланған. Біздің кіндігіміз осыдан үзілмеуі керек. Әлемді аралап жүрген өнерпаз ретінде мен өнер шекара, ұлт, жас талғамайтынын сеніммен айта аламын», деді әнші Ерлан Рысқали. Ең бастысы жоба барысында жазып алынған 177 шығарма «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Алтын қорына» енетін болады.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»