Мемлекет басшысы қол қойған арнаулы заңнан кейін мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жұмыс жеңілдетіліп, саладағы әрекет ашық әрі қолжетімді бола түсті.
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үшінші жаңғыру: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік сатып алуды жетілдіру талабын қойған еді. Осы бағытта бірнеше жұмыс атқарылып, жылдың соңында заңға өзгерістер енді. Соның бірі: баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуларда, яғни сатып алуларда 1 000 АЕК дейін немесе 2 525 000 теңгеге дейін тапсырыс берушілерге құжаттамада тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл тапсырыс берушілерге неғұрлым сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді, - дейді Алматы облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Раманхан Төрегелдиев.
Жаңа ережеде тапсырысты бір көзден алу тәсілімен жүргізетін жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылған екен. Бұл жеке кәсіпкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отыр. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес үшін сатып алу порталындағы ашықтық қамтамасыз етіліп, тапсырыс беруші мемлекеттік органдар үшін жауапкершілік күшейген.
- Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын веб-порталда орналастырмағаны немесе уақытылы орналастырмағаны, мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бюджетке сәйкес келмейтін көлемде бекіткені, бірінші басшылардың, сонымен қатар комиссия мүшелерінің әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін уақытылы қарамағаны және алдын ала рұқсат беру хаттамасы мен қорытынды хаттамасын уақытылы орналастырмағаны үшін әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған, - дейді бұл туралы Р.Төрегелдиев.
Айтпақшы, осы жылдан бастап әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуда, веб-порталын пайдалану бойынша қызмет ақылы негізде көрсетіледі. Бұл қызметтің құны мен тарифі мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы