16 Қаңтар, 2019

Атамекенге оралған ағайынның жағдайы - жіті назарда

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінің №245 санында (25 желтоқсан, 2018 жыл) Қостанайдағы меншікті тілшіміз Нәзира Жәрімбеттің «Атамекенге келіп, амалы құрып отыр» атты мақаласы жарияланған еді. Мақалада ай­тылған өзекті мәселенің шешімін табуды жүк­теген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың тапсырмасына сәйкес, Қостанай об­лы­сының басшылығы төмендегі жайт­ты хабарлады.

Атамекенге оралған ағайынның жағдайы - жіті назарда

Сурет «Оралман» фильмінен алынған

Мақалада Өзбекстаннан Рудный қаласына көшіп келген Ықтияр мен Шәргүлдің (Құжат бойынша – Ихтиер Сарсанович Тухтибаев, Шаригуль Калкамановна Нурмаханова – ред.) отбасы оралман мәртебесін алғанымен, жарты жылдай жұмысқа орналаса алмайтыны, оның негізгі себебі оралман мәртебесін алғаннан соң үш айдың ішінде ықтиярхат, одан кейін тағы үш айдан соң азаматтық берілетіні, ал жеке зейнетақы шотын аштыру үшін жеке куәлік пен жеке сәйкестендіру нөмірін ұсынуы керектігі айтылған болатын. Яғни, олар «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-бабы 2-тармағының 5-тармақшасында оралманға «Қазақстан Республикасының заңнамасына сәй­кес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қамта­масыз етіледі» деп көрсетілгенімен, «Зейнетақымен қамсыз­дандыру туралы» заң мен Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс істей алмай отыр. 

Осы орайда аталған мақалада ай­тылған өзекті мәселенің шешімін табуды жүк­теген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың тапсырмасына сәйкес, Қостанай об­лы­сының басшылығы төмендегі жайт­ты хабарлады. Қысқаша тоқталар бол­сақ, үш баласы бар бұл отбасы орал­ман мәртебесін 2018 жылдың 31 қаза­нында алған. Жұмысқа орналасуға көмек көрсету мәселесімен Рудный қала­сының жұмыспен қамту орталығына жүгін­беген. Ал Көші-қон қызметіне тұрғы­лықты жерінде қалдыру туралы өтініш­хатты 2018 жылдың 30 қарашасында берді. Ш.К.Нұрмаханова үй-жайды жинап, тазалаушы ретінде жұмысқа орналасу мәселесімен Рудный индустриалдық институтына жүгінген болатын. Бі­рақ зейнетақы шотының жоқтығы се­бепті олар жұмысқа орналастырудан бас тартты. Жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиа­­лына жүгінгенімен, Қазақстан Респуб­­ли­касы азаматының немесе Қазақ­стан Рес­пуб­ликасында тұрақты тұра­тын шетелдіктің/азаматтығы жоқ адам­ның жеке басын куәландыратын құжа­тын ұсынбауы себепті, олар да бас тартты. Ал Қостанай облысы По­лиция департаментінің Кө­ші-қон қыз­меті басқармасы тұрғы­лықты жерде қал­дыру туралы өтініш­хат­ты 2018 жыл­ғы 29 желтоқсанда қанағат­тандырды. Азаматтар И.С.Тухти­баев, Ш.К.Нұр­ма­ханова және А.С.Тайба­ға­рова «ше­телдік азаматтың тұруға ықтияр­хаты» куәліктерімен құжаттандырылды.

И.С.Тухтибаевты зайыбымен 2018 жыл­ғы 29 желтоқсанда облыс әкімі қа­был­дап, оларға жұмысқа орналасу мүмкін­дігі, атаулы әлеуметтік кө­мек тағайын­дау және барлық тиесілі субси­дия­­ларды төлей отырып, оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы түсіндірілді.
Қазіргі уақытта И.С.Тухтибаевтың от­­басына ағымдағы жылғы қаңтар айын­да тұрғын үйді жалдау және комму­нал­­дық қызметтерді өтеу үшін Рудный қала­­сының демеушілері 35 мың теңге көле­мінде көмек көрсетті. Сондай-ақ 20 мың теңге көлемінде тамақ өнімдерін сатып алу арқылы материалдық көмек көрсе­тілді.

Сонымен бірге әкімдіктің хатында И.С.Тухтибаевтың ағымдағы жылғы қаң­тар айында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғамдық жұмыстарға жіберілетіні, сон­дай-ақ зайыбы Ш.К.Нұрмаханова мен қызы А.С.Тайбағароваға жұмысқа орна­ласудың бірнеше нұсқасы ұсынылғаны айтылған. 

Бұл мәселені «Егемен Қазақстан» газе­ті алдағы уақытта жіті назарында ұстайды.