Аймақтар • 18 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Қайырымдылық керуені» акциясы жалғасты

80 реткөрсетілді

Қайырымдылық іс-шаралардың басты үйлестірушісі саналатын Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қолдауымен «Қайырымдылық керуені» акциясы жер-жерлерде кеңінен бастау алып отыр. 

Игілікті іс-шараның мақсаты - көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталған. «Мейірімділікпен бірлікке» ұранымен өтіп жатқан акция барысында «Ассамблея» корпоративтік қоры Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы және «Орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сыйлықтар тарту етті. Тұрмысы төмен Михайловтар отбасын қамқорлыққа алып, уақытша тұрғын үймен, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Отбасының баспанасын қайта қалпына келтіруге немесе жаңадан баспана сатып алуға қаражат жиналып жатыр. 

Көп балалы Псаревтар отбасына да гуманитарлық көмек көрсетілді. Тоғыз баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ананың қарайласар жанашыры қалмаған. Ассамблея еріктілері азық-түлік пен тұрмыстық қажетті заттарды жеткізіп берді.

Этномәдени бірлестіктері де қайырымдылық акциясына белсене қатысып жатыр. «Қазақстандағы орыстар қауымы» және «Сібір казактары бауырластығы» қоғамдық бірлестіктері филиалы өкілдері бірлесіп, мүгедектер құқығын қорғау қоғамының тәрбиеленушілеріне арнап концерт қойып, сыйлықтар тарту етті. Ал Рождество мейрамы құрметіне ұйымдастырылған таңертеңгілікке аз қамтылған отбасылар шақырылды. «Дуслык» татар-башқұрт орталығының өнерпаздары бүлдіршіндерге концерттік бағдарлама ұсынды.

Тайыншалықтар қайырымдылық акциясын қала орталығындағы мұз қалашығында өткізді. Ардагерлер қозғалысының белсенділері көп балалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасы балаларына тәттілер ұсынды. Булаево қаласындағы православ шіркеуінің діндарлары аз қамтылған отбасы балаларына ойыншықтар мен киім-кешектер таратты. Шал ақын ауданында ұйымдастырылған акцияға барлық ауылдық округтер қатысып, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетілді.

Өңірімізде мұндай игі шаралар жыл бойы жалғасын табатын болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар