Парламент • 19 Қаңтар, 2019

Түркістанда Мәжілістің Әлеуметтік – мәдени даму комитетінің көшпелі отырысы өтті

278 реткөрсетілді

«Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы отырыста «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары талқыланды.

Бүгінгі таңда елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары бар. Оның 11 мыңға жуығына тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген. Талқыланған заң жобаларында тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтау, оларды есепке алу, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, паспорттау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Депутаттар мен қатысушылар бүгінгі таңда көптеген жаңадан анықталған, тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі берілген нысандардың сақталуы жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмейтініне тоқталды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев жүргізген отырыста баяндама жасаған Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінгі таңда тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Қаралып жатқан жаңа заң жобасы саладағы олқылықтардың орнын толтырып, мәдени мұрамызды сақтап қалуда шешуші рөл атқаратынына сенімі мол екенін айтты. Тарихи-мәдени мұраларды сақтаудағы өзекті болып отырған кейбір мәселеге тоқталды.

"Тарихи-мәдени ескерткіштердің ішінде археологиялық ескерткіштердің жойылып кету қаупі жоғары екенін білеміз. Әсіресе шаруашылық, құрылыс жұмыстар әсерінен зардап шегуі мүмкін. Археология ескерткіштері негізінен далалы, таулы жерлерде орналасқан. Олардың сақталуын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Жаңа заң жобасына сәйкес ескерткіш орналасқан жердің меншік иесін ескерткіштің сақталуына жауапты ету олардың қорғалуына оң әсерін береді деген ойдамыз", - деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ, өңір басшысы Түркістан облысында тарихи-мәдени маңызы зор 1249 археология және сәулет ескерткіштері барын айта келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Созақ ауданындағы Ақсүмбе қарауыл мұнарасы мен Ордабасы ауданындағы Ишан базар мешіті ескерткіштеріне республикалық мәртебе беру жөніндегі ұсыныс Мәдениет және спорт министрлігіне жолданып, министрліктің жанынан құрылған арнайы комиссияның отырысында қаралып, оң шешімі алынғанын да жеткізді.

Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысы бойынша Қазақстанның жалпыхалықтық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне 22 нысан, жергілікті маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне 51 нысан енгізілген. «Министрлік Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жаңғырту, насихаттау және әлемге кеңінен таныту бойынша маңызды және ірі жобаларды қолға алуда. Солардың қатарында, тарихи-мәдени мұраларымызға археологиялық қазбалар циклын жүргізу, оларды реставрациялау, музеефикациялау және әлемге танымал туристік орталықтарға айналдыру мәселелері күн тәртібінде тұр.Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын және өткен заманның ұлы ойшылары, ақындары және ел билеген тұлғалары бейнелерінің галереясын жасау көзделген.Ірі жобалардың бірі – Түркістан қаласындағы тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды танымал туристік орталыққа айналдыру екенін ереше атап өткім келеді. Осы мақсатта, Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің (88,7 гектар аумақта) тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобаны Елбасына таныстырып, мақұлданды», - деді вице-министр.Сондай-ақ, отырыста Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Бауыржан Байтанаев, археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице - президенті, профессор Женгиз Томар, Мәжіліс депутаты, аталған заң жобалары бойынша жұмыс тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Отырысқа қатысқан мемлекеттік органдардың, қоғам, мәдениет, археология ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің және Қазақстанның басқа жоғары оқу орындарының ғалымдары көкейде жүрген ойларымен бөлісіп, заң жобасына қатысты пікірлерін білдірді. Қоғамның барлық тыныс-тіршілігі саласында ауқымды өзгерістер жасауға ынталандырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында қойылған міндеттерді орындау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ қатысушылар көшпелі отырыс өткізіп, заң жобасын талқылауға, өз ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік берген депутаттарға алғысын жеткізді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Жас өнерпаз Алматыға ән арнады

Аймақтар • Бүгін, 10:10

Күлкі керуені № 20

Руханият • 06 Желтоқсан, 2019

Оралда жастар бастамаларын қолдау жақсы

Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2019

Ұқсас жаңалықтар