Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Береке – белсендіге бітеді

432 реткөрсетілді

Еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытуға, оның ішінде сапалы ет өндіру бағытында белсенді іс-қимылға көшкен бордақылау алаңы Астана қаласының азық-түлік белдеуін нығайтуға елеулі үлес қосса, екінші жағынан жергілікті жұрттың несібесін молайтуға септігін тигізуде.

 

«Щучье сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бордақылау алаңы Зеренді ауданының Мәлік Ғабдуллин атындағы ауылының маңында орналасқан. Кәсіпорын «КазБифф» компаниясының құрамына енеді. Жалғыз бордақылау алаңы ғана емес, төл алу, алынған төлді өсіріп жеткізу, оның жем-шөбін дайындау сатылай ұйымдастырылған. Біржан сал ауданындағы Мамай ауылында 4600 бас ангус және герефорд тұқымдас аналық мал бағып,одан төл алып отырса, бордақылау алаңынан жөнелтілген малды қабылдайтын Щучье қаласында орналасқан ет өңдейтін кәсіпорындары бар. Осы кәсіпорында өңделген сапалы ет Астана қаласына жеткізіледі. Алдағы уақытта өнімдерін таяу шетелдерге шығаруды межелеп отыр. Ет өңдеу кәсіпорнында өткен жылы өндірісті кеңейту мақсатында жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бір айта кетерлігі, бұл арада ел үстінен күн көретін ешбір делдал жоқ. Бар шаруаның сабақтаса дамуы – өзіндік құнының тым қымбаттап кетпеуіне игі әсерін тигізуде.

Бордақылау алаңына бұзаулар 200-250 келі салмақ дәрежесінде жеткізіледі. Алаң бірнеше бөлікке бөлінген, жас шамасы және салмағына орай жеке-жеке бағылады. Бордақылау алаңында әр малдың орташа салмағы 500-550 келіге жеткен кезде ет комбинатына жөнелтіледі. Нәтижесінде Елорданы сапалы әрі арзан ет өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы азық-түлік белдеуіне зор үлестерін қосуда.

Мал мамандарының айтуына қарағанда, қара мал 18 айдың ішінде 400 келіден астам салмақ жинап, ет комбинаттарына тапсырылуы тиісті. Одан ұзақ 20 немесе одан көп ай бағылатын болса, өзіндік құны шарықтап кетеді. Өйткені, осы аралықта қаншама жем-шөп қажет емес пе? Ал, бордақылау алаңдарының тиімділігі – біріншіден, етті бағыттағы асыл тұқымды мал бағып отыр. Бұл малдың әрқайсысы осы 18 айдың ішінде 500 келіден асыра салмақ жинайды. Егер жергілікті тұқымның тірідей салмақтан шығатын ет көлемі 45 процентті құраса, асыл тұқымды мал 55 процент өнім береді. Қарапайым тілмен айтқанда, малдың тірідей салмағының жартысынан астамы сапалы ет.

–Ет өндірудің қыр-сыры өте көп. Біздің асыл тұқымды малымыз қысы-жазы ашық шарбақта бағылады. Ангус және герефорд тұқымдары суыққа өте шыдамды. Арқаның ақырған аязында да, боран-шашында да осылай тұра береді. Есесіне тәбеті арта түседі. Бұл – шетелдік тәжірибе,–дейді серіктестік директорының орынбасары Данияр Кенжеғұлов,–қаншалықты шыдамды, көнтерілі болғанымен, ветеринарлық қызмет жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әр күн сайын бағымдағы малды ветеринарлық қызмет өкілдері қатаң қадағалайды. Бүгін міне, жұқпалы ауруларды алдын алу үшін екпе егіп жатырмыз.

Серіктестік директорының орынбасары өзі бұл салаға кездейсоқ келген кісі емес. Жалғыз ол ғана емес, серіктестік басшыларының барлығы шетелде білім алған, озық тәжірибені мейлінше игерген, істің көзін білетін азаматтар. Данияр Кенжеғұлов та Австралияда агробизнесті ұйымдастыру бағытында екі жыл білім алған. Пікірлері де қызық. Мәселен, ол қазақстандық ет өндірушілердің әлденеше жиынынан қатысқанын айтады. Сол жиындарда тек несие мен субсидия мәселесі ғана көтеріледі екен. Әлемнің біраз мемлекетін ет өнімдерімен жарылқап  отырған Австралияда мұндай жиындарда өте ауқымды мәселелерге назар аударылады. Мысалы, әлемдік рынокта кездесетін кедергілерді жою жолдары. Австралияның өзі әлемнің АҚШ, Қытай, Жапония, Корея, Малайзия тәрізді 11 мемлекетімен еркін саудаға келісімжасаса да, бұл тақырып басым бағытқа ие. Келесі кезекте Гонконг, Индонезия, Индия тәрізді мемлекеттер тұр. Халықаралық рынокты зерттеуге айрықша назар аударып, қыруар қаржы бөліп отыр. Олардың бұл талпыныстары нәтижесіз де емес. Қазіргі күні осы мемлекеттің ет өндірушілер ассоциациясы өз өнімдерін сатуға 600 миллион АҚШ долларыкөлемінде контракт жасаған. Оның 180 миллионы инвесторлардың еншісінде. Фермерлеріне мал шаруашылығы саласындағы ғылыми жаңалықтарды ізін суытпай жеткізіп отырады. Өз өнімдерін шетелде жарнамалауға баса көңіл бөлінеді. Тұтынушының талап-тілегін де жіті зерттеп, ескеріп отырады. Қай тұтынушының қандай етке тәбеті шабатынын, қанша жегісі келетініне дейін біледі. Осылайша қыруар табыс тауып отырып,  біз назар аудара бермейтін мәселелерге де көңіл бөлуде. Айталық, экология жайы. Бағымдағы қара малдан мутан газы бөлінеді. Сондықтан, олар қазір мал басын көбейтуге емес, қолда бар малдан молырақ өнім алуға тырысуда. Сосынғысы – кадр мәселесі. Шетелдіктер шаруаның алға басуы ең алдымен, кадрдың дайындығына байланысты екендігін жақсы біледі.

Бізде керісінше мал жайын жақсы білетін, халықтық тәжірибе мен әлемдік озық технологияны игерген маман түгілі, техника тілін жетік білетін  механизатор табу қиын екен. Жастар көп тұрақтамайды. Бірер ай жұмыс істегеннен кейін аудан немесе облыс орталығына кетіп қалады.

–Су ішкен құдығымызға түсірмесек те, осылай айтуға тура келеді,–дейді серіктестік директорының орынбасары,–әрине, жалпы халыққа топырақ шашудан аулақпыз. Тек жастардың бойындағы күш-қуат, ынта-ықылас жалындап тұрмаған соң қиын екен. Қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін заман емес қой. Біздің кәсіпорында жұмыс істемесе де, өз тірліктерін қаузайтын кез келді емес пе?!

Бордақылау алаңы Мамайдағы асыл тұқымды табынның төлімен толықтырылады. Жергілікті жердегі малсақ қауымның бағымындағы қара малдың сіңіре будандастырылған төлі де сеп. Мал мамандарының пікірінше, жергілікті тұқым асыл тұқыммен будандастырылған кезде төртінші төлі таза қанды асыл тұқымға айналады. Бұл жергілікті халық үшін өте тиімді әрекет. Мәселен, тұқымы азып кеткен жергілікті қара мал қаншама шығын шығарып, екі жыл баққанда, 250-280 келіге әрең жетеді. Ал, асыл тұқыммен будандастырылған соң еңбектері жанатындығы анық. Мәселен, бордақылау алаңы жергілікті шаруа қожалықтарынан өз талаптарына сай келетін бұзауды сатып алған кезде тірідей салмағының әр келісі үшін 650 теңге төлемақы төлейді. Оған мемлекет тарапынан әр келіге 200 теңге субсидия төленетінін ескерсеңіз, шаруа қожалығы ұтып шығады. Сонда тірідей салмақтың әр келісі 800 теңгенің төңірегінде айналады. Ал, алып-сатарлар ауылдан қара малдың таза етін осы шамада алып жатыр. Міне, осылай есептегенде бордақылау алаңына тапсырылған төлі үшін екі есе пайда табады. Ауылдық округтің тұрғындарының қолында 6381 бас қара мал бар. «Бекқожа», «Жайсан», «Айнұр», «Әбілхан» тәрізді шаруа қожалықтары мал басын көбейтуде. Осы бағымдағы малды тегіс асылдандырса, оң болар еді. Демек, компания құрамындағы бұл ұжымның ауылдың еңсесін көтеруге септігі тиіп жатыр деп айтуға әбден болады.

Шаруа қожалығы  бағымындағы он бас сиырдан он бұзау алды екен делік. Көктемде туған бұзауды күзді күні бордақылау алаңына тапсырып жіберсе, қысқы машақатынан құтылар еді. Бордақылау алаңының басымдығы, ондағы мал азығының әртүрлілігі мен жеткіліктілігі. Шаруа қожалығында ондай мүмкіндік жоқ қой. Олардың қолында сабан мен шөп қана бар. Жемді таба алса ғана береді. Оның үстіне бағасы да шарықтап тұр. Демек, ең ыңғайлысы қара малды біртіндеп асылдандырып, бұзау күйінде тапсыру. Бордақылау алаңындағы қара малдың әрқайсысы тәулігіне орта есеппен бір келі салмақ қосуда. Мұндай көрсеткіш жергілікті малсақ қауымның түсіне де енбейді.

Бұл арадағы бір сойылдай мәселе, төңіректегі ауылдардың мал тұқымын асылдандыруға әлі де жете мән бере қоймай отырғандығы. Яғни, өздерінің алдынан ашылған мүмкіндік қақпасын көре алмай отыр. Біз осы жайды нақтылап білмек болып бордақылау алаңы орналасқан Мәлік Ғабдуллин ауылдық округінің әкімі Жанна Әбілқасоваға қойған едік. Әкімнің айтуынша, өткен жылдары бірер азамат талпыныс жасағанға ұқсайды. Уәжінен ұққанымыз, алдағы уақытта бұл мәселені мықтап назарға алу керектігі. Ал, серіктестік бұл орайда арнайы бағдарлама қабылдаған. Асыл тұқымды бұқаларды жалға береді. Жеке шаруаға емес, топтасқан шаруа қожалықтарына. Жалғыз-ақ талап, будандастырылған төлдерін бордақылау алаңына тапсырады. Жоғарыда біз айтқан мал баққан қауымға өте тиімді бағамен. Сонда екі жақ та ұтысқа шығады.

Мал баққан қауым үшін маңыздысы – мал азығы. Компанияның 47156 гектар жері бар. Оның 46520 гектары жайылымдық жер болса, 631 гектарға мал азығына қажетті дақылдар егеді. Ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы шетелден әкелінген. Мал азығын тарататын агрегаттар да. Қазіргі күні кәсіпкерлер өз жеке бастарын ғана ойлайды деген пікір қалыптасып отырғандығын сыналап айта кеткен де жөн. Бұл арада олардың басын жөнсіз жел сөзден арашалап алатын да жай бар. Мәселен, осы бордақылау алаңында басшылардан басқасының бәрі ауыл тұрғындары.

–Күзетшіден бастап мал мамандарына дейін осы ауылдың тұрғындары, – дейді Данияр Кенжеғұлов, – қазіргі жуық елуге жуық адам еңбек етіп жатыр. Орташа еңбекақылары – 100-120 мың теңгеден айналады. Бізге дейін екі қолға бір күрек таппай отырған тұрғындар үшін тәп-тәуір табыс қой. Араларында осы жұмыс басталғалы үзіліс салмай жұмыс істеп келе жатқандары да бар. Олардың қатарынан веттехник Жаслан Меңдібаевты, бордақылау алаңының меңгерушісі Нұрлан Ысқақовты, оператор малшы Андрей Корноушкин тәрізді азаматтарды атай кетуге болады.

Кәсіпорын өткен жылы үш еңбеккеріне үй салып берген екен. Биылғы жылы  тағы да 4-5 үйді сатып алып жөндеп, малсақ қауымның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды межелеп отыр. Ауылдағы орта мектепке, қарттарға қол ұшын беріп тұрады. Алаңда жұмыс істейтін адамдардың жем-шөбіне, отын-суына қарайласады. Ол дегеніңіз тұп-тура жарты ауыл. Қыста жол тазалауды да өз міндеттеріне алған. 

Осылайша, іс оң жолға қойылғаннан кейін бордақылау алаңына береке бітіп тұр. Жалғыз алаңға ғана емес, іргедегі ауылға да жұғысты. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздік – тұғырым

Аймақтар • Кеше

Күлкі керуені № 25

Руханият • Кеше

Апта үздігі атанды

Хоккей • Кеше

Ұқсас жаңалықтар