Елбасымыз қоғамдағы мұғалім мәртебесін көтеру туралы заң қабылдауға ұсыныс берді. Қоғам, көпшілік, ұстаздар осы заңның дұрыс қабылдануына атсалысып жатыр.
Жалпы мұғалімге мемлекет тарапынан мүлде қолдау жоқ деген ойдан аулақпыз. Себебі реформалар арқылы білім жетілдіру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соған сай біртіндеп үстемақы қосылып та жатыр.
Дей тұрғанмен, осы ретте бірнеше ұсыныс айтуға болады. Атап айтқанда, апталық жүктемені азайту. Бұл – жаңартылған білім беру бағдарламасының талабы. Қысқа мерзімді жоспар жасау, сабақ зерттеу, тиімді жүргізу, табысты оқушыға жету шынайылықты, уақытты, алдын ала ойлану мен әзірлікті талап етеді. Критериалды бағалау, белсенді оқу мен оқыту, оқытудағы саралау, оқу мен оқытудағы жаңаша тәсілдер, бағалау тапсырмаларын әзірлеу – қазіргі оқытудың басты талаптары. Мұны игеру үшін мұғалім бұрынғыдай 5 немесе 3 жылда бір рет емес, жыл сайын білімін жетілдіруі керек. Бұл ретте біліктілік курстары мемлекет тарапынан тегін әрі жүйелі оқытылуда. Бұған жергілікті құзырлы ұйымдар, мектеп әкімшілігі дұрыс көзқараспен қараса дейміз. Себебі Елбасымыздың «Өмір бойы білім алу кредоға айналуы тиіс» деген ойы ақиқатқа айналып келе жатыр.
Әрине, келесі мәселе – жалақыны көбейту. Жас мамандар 60 мың теңге айлықпен қалай күн көреді? Жасыратыны жоқ, бұл мамандар ата-анасы, туыстарының көмегімен қалт-құлт етіп күн кешуде. Айтуға ұялатын сынып жетекшісінің мардымсыз ақшасы тағы бар. «Шынымен елімізде бұл қызметтің өлшемі мен бағасы осы ма?» «Әлде шетінен осыған тұрарлық мамандар мен адамдар ма?» деген сауал әр көкіректе сайрап тұр.
Бүгінгі ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу өте қиын да нәзік құбылысқа айналды. Үдеріс болған жерде дау-дамайлар, келіспеушіліктер болады. Бұл көбінесе ата-ана мен оқушы пайдасына шешіліп жатады. Сол кезеңде мұғалім не басшысынан, не әріптесінен қолдау көре алмай бейшара күн кешетіні рас. Мұғалім құқығын қорғау әбден керек. Осы мәселені естіп қуанып қалған жағдайымыз бар.
Сондай-ақ республика деңгейінде атақ алған мұғалімдерге де үстемақы қарастырылуы керек. Себебі аталған деңгейді олар күні-түні қағаз кеміріп, оқулықпен қоса, оқу-әдістемелік кешен, құралдар жазып, байқауларға қатысып, шәкірттерін бәйгеге қосып бағындырды. Онымен қоса жыл сайын onlinе тәртібінде сабақ береді.
Мұғалімнің денсаулығы да назардан тыс қалып қояды. Жыл сайын бір мәрте толық медициналық тегін ем мен алдын алу шаралары мемлекет тарапынанан ескерілсе екен дейміз. Қоғамдық көлікте жүруге мұғалімдерге пайыздық жеңілдік жасалуы тиіс деп ойлаймыз.
Зейнеткерлік жастың мұғалімдер үшін басқаша қарастырылып жатқанын құптаймыз. Мұғалімді құрметті демалысқа ертерек шығарғаны дұрыс. Себебі күнде өзгеріп жатқан қоғамда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру күш-жігері бар лайықты мамандардың қолында болғаны жақсы.
Гүлмира Рыскелдиева,
Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
АЛМАТЫ