Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Жасына жетпей қартайған балдырғандар

1091 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астаналық бір мектептегі 2-сыныптың үздік оқу­шы­сы «Сенің сүйікті әнің қандай?» деген сұраққа: «Астанада жоқ-жоқ» деп бас­та­латын ән ұнайды», деп жауап жазыпты. Енді бірі «Аспанға қарап, жұл­дыз­­ды санайды» екен. Соң­ғы­сы тіпті со­ра­қы: «Чип-чип», дейді. Тілге тиек еткен үш әннің де түпкі мағы­насы махаббат жа­й­ында, тоқетері, сүйге­ні­не арналған туындылар. Балалардың сүйікті әндері сүю туралы. Неге?

Жасына жетпей қартайған балдырғандар

Жаңа жыл мерекесі де жетті, өтті. Жан-жақтағы туыстарымыз кішкентайлардың тәтті тілін қызықтап, балаларының ертең­гіліктер мен концерттердегі ән айтқан видеоларын жолдай жө­нел­ді. Көбі біз түгілі ата-ана­ла­рымыздың бала кезіндегі ескі ән­дер. Бір ғана мысал, «В лесу родилась ёлочка» – 115 жыл бұ­рын­ғы ән. «Балалар әндері жаңармай ма?» деген сауал­ға Мәдениет және спорт минис­­трлігі Мәдениет жә­не өнер істері департаментінің басқар­ма бас­шысы Ғани Мұрат­ұлы: «Ескі әндерді алмастыратын жаңа әндер көп, компози­торлар жазған, жазып та жүр. Сазгерлерге арналған бай­қау­лар­ды да жыл сайын ұйым­дас­тырамыз. Серік пен Әліби Әбді­нұровтар, Ерлан Ташев, т.б. көп­теген композиторлардың бала­лар­ға арналған шығармалары бар. Мәселе – оны тарату, жеткізу. Ол сол білім мекемелеріндегі ма­ман­­дардың міндеті», деп жауап бер­ді. 

Ал өз кезегінде балалар компо­зиторы, «Апатайым − анашым» әнінің авторы Сауранбек Елеуов көкейкесті мәселелердің көбі көркемдік кеңестің жоқтығынан туындағанын айтады. «Арзан әннің, сылдыр сөздің сахнаға шығуы жоғары деңгейде әділ сараптайтын орынның болмаға­нынан. Ол деген елек қой. Ал қазір қалтасы көтеретіндер му­зыка жазып, мемлекеттік қол­дау көрсететін жерге жақын жүр­­гендердің жұмысы өтімді бо­­лып тұр. Байқасаңыз, бүгінгі ән­дер ырғағының өзі шетелге ауып кеткен», дейді сазгер.­ Оның айтуын­ша, балалар ­байқаулары бар, бірақ жас ерек­шелігі ескерілмейді. 5-15 жастағы балаларға бір бай­қау өтеді, олардың аражігін ажы­­рату керек, себебі әр жас дең­­­гей­іне қойылатын талап та түр­ліше болуы тиіс. Ибрагим Нүсіп­баев, Марат Ілиясов, Бек­сұлтан Байкенжеевтің балаларға арналған әндері көп, алайда айтылмайды. 

Өткен мереке кезінде сауда орталығына барып, онда бір ба­­ланың «Бұл өмірде жетісіп жүрген ешкім жоқ» деп әндетіп жатқанын естіп, пұшайман бол­ға­нымызды әлеуметтік желі­ге­ жа­зып едік. Сонда Алматы­да­ғы №168 мектептің 10-сынып оқу­шысы, әуесқой әнші Әсел Тұр­сыналы: «Алтын Махан­бетова, Бота Бей­сенова, Мақсат Жәу­­тіковтің ба­лаларға арналған ән­дерімен өс­тік», деді. 

Балалар үшін еңбектеніп жүр­­ген шығармашылық иелері де, әндер де бар екен. Бірақ бал­дыр­ғанды бойжеткенше киіндіріп, тойларда махаббат ту­ралы ән салдырып жүрген ата-аналардың әрекетінен не түюге болады? 

Жеті жасар балақай алып мей­рамхананың ашық сахнасында: 

– Бiр сұлуды ұнатып, 

Дедім оған: «Теңім бол!»

«Жігітім-ау», деді ол,

«Әрі ойна!» – деп ән салады. 

Тағы бірі тойда көңілді ән айтады, бірақ ел алдындағы сах­налық образы көңіліңді түсі­реді. Оның боянған, жылтыр, де­несіне жабыстыра киінген кей­піне қарап, видеоға пікір қал­­дырған қолданушының: «Ол кіш­кентай қырықтағы әйел сияқ­ты», дегеніне келіспеске лаж жоқ. Шынында оның образы қы­рыққа келіп қалған әлдебір ән­шінің әлпеті мен әрекетін еске тү­сіреді. Бұл ұқсап бағу ма, әлде табыс табу ма? 

Ал бір қазақтың тойында ба­лауса биші костюмін лақ­ты­­рып жіберіп, поп музыка ко­ро­лінің қимылын қайталап би­­лейді. Оған бәрі қол шапалақтайды, қолпаштағанының бір белгісі ретінде жұрт қалтасына ақша қыстырып кетеді. Балалардың Майкл Джексонға ұқсаған қимы­лына күліп, құптаған сыңай танытамыз. Бұл тәрбие ме? Ол әлем­д­і мойындатқан өнер иесі, да­уымыз жоқ, бірақ біздің мента­ли­тетке сай ма? Қабылдауда саралау деген болмай ма? Бәрін өзі­­мізге тели беретін болсақ, бол­­­мысымызды жоғалтып алмай­мыз ба? 

Жоғарыда пікір білдірген еркін ойлы оқушы Ә. Тұрсыналы жасына сай әндерді таңдауда ата-анасы мен мұғалімдерінің бағыт бергенін айтады. Осыд­ан келіп екінші тараптың та­ла­бындағы әлсіздік, болмаса кәсі­биліктің жетіспеушілігі қы­лаң береді. Себебі мұнда ата-аналардың ғана емес, үйір­ме­лерде, өнер мектебі мен орта­лық­тарда дәріс беретін мұға­лімдердің де «қолтаңбасы» бар ғой. 

Алматыдағы №2 балалар му­зыка мектебінің директоры, саз­гер Алтын Маханбетова: «Ба­ла­лар тек балалар әндерін шыр­қау керектігін айтып жүр­геніме 17 жыл болды», дейді. Ол «Балалар әндері жоқ» дегенге мүлде келіспейтінін жеткізді. Оның ойынша, жоғарыда атал­ған мағынасыз әндерді бала ұнат­­қаннан айтпайды. «Бір әнді кү­ніне 5 рет тыңдасаңыз, сіз де жат­тап аласыз. Телеарна, радио, әлеу­меттік желіде де арзан ән­дерді насихаттайды, өйткені оның ақшасы төленген. Тіпті сау­да орталықтары мен базарларда да сол. Әндерді топтастырдық, жаздық, жинақ етіп шығардық, тараттық, концерт те бердік. Бі­рақ оның бәрі осы Алматының айналасынан әрі аса алмай жатыр. Ең маңызды себебі сол – наси­хат кемдігі», дейді ол. 

Әнші Сәкен Майғазиев: «Әрі сазгер, әрі педагог маман А.Маханбетова айтқандай, ға­лам­тор әлемінде арзан әндерді насихаттау «науқаны» толас­тамай тұр. Әлеуметтік желіде «ға­шықтық әуенін әуелеткен» балдырғандар видеосынан аяқ алып жүре алмайсыз. Мысалы, «Төлеген іздемей, табыла ма?» дейді ойын баласы. 

Енді бірі: «Менің жаны­ма, менің көзіме жаңбыр жау­ғызып, сен қайда жүрсің?», дей­ді, ал желіні шулатқан қос балдыр­ғанның қылығы күлдіреді, сосын бүлдіреді, болмаса: 

− Əзір бойдақ, басымыз бос...

− Бос орынға гүл егіңіз!» − деп әндетуші ме еді?..» дейді. 

Таралымы тіпті телекеңістікті басып озған әлеуметтік желі­лер­дегі арзан насихатты қол­да­нушының санасы мен өре­сіне қалдырасың. Себебі әр парақ­шаның иесі – соның өзі. 

Өмір онсыз да есеюден тұрады. Кішкентайлардың ересектерге еліктейтіні табиғи құбылыс. Бірақ баланың балалығына сүй­сінгің келеді. Бесіктен белі шық­пай Мәжнүннің күйін кешіп, жасына жетпей қартаймаса екен дейсің ғой. Кінәні көп іздейміз, ал жауапкершілікті жоқтап жат­­қан адам аз. Әліптің арты, мә­селенің түп-төркіні осында жат­са керек-ті. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»