Жиын бағдарламасы әртүрлі тақырыптарды қамтиды. Бағдарлама алты сыни диалогқа: әлемдегі геосаясатқа, экономиканың болашағына, өнеркәсіптік жүйелер мен технологиялық саясатқа, адам капиталы мен қоғамды көтермелеуге, сондай-ақ жаһандық институционалдық реформа жасауға бағытталған.
«Жаһанданудың төртінші толқыны адамдарға негізделіп, инклюзивті және тұрақты болу керек. Біз «төртінші индустриялық революцияның» әсері мен геоэкономикалық және геосаяси күштерді қайта құру нәтижесінде туындаған үлкен ғаламдық тұрақсыздық кезеңіне кіріп отырмыз. Давосқа қатысуға қызығушылық танытқан топтар осы мәселелерді шешу үшін атсалысады деп ойлаймыз», деді дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы және бас атқарушы профессор Клаус Швабт.
Форумға 60-тан астам елдің мемлекет басшысы мен премьер-министрі қатысады. Атап айтқанда Жапония премьер-Министрі Синдзо Абе, Германия канцлері Ангела Меркель, Қытай төрағасының орынбасары Ван Цишань, Бразилияның жаңа президенті Жаир Болсонару, Италия премьер-министрі Джузеппе Конте, ағылшын тағының екінші кезектегі мұрагері, ханзада Уильям, Испания премьер-министрі Педро Санчес, Ауғанстан президенті Ашраф Гани, Ирак президенті Бархам Салех, Армения премьер-министрі Никола Пашинян, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келеді. Бұдан басқа, БҰҰ және оның бөлімшелерінің, ХВҚ, НАТО, Дүниежүзілік банк, ДСҰ және басқа ірі халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады.
Жиынның ең жас қатысушы 16 жастағы - Оңтүстік Африканың жабайы жануарлар өмірін суретке түсіруші фотограф Ски Мейкер. Ал 92 жастағы климаттың өзгеруіне әлем назар аудару үшін өз жұмысын тиімді пайдаланған әйгілі тележүргізуші Дэвид Аттенборо ең қарт қатысушысы.
Уақытша бюджет дағдарысы салдарынан АҚШ делегациясы форумға қатыспайды. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Сара Сандерс мәлімдеді. Сондай-ақ Брекситтен басы қатқан Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй, Париждегі «сары күрте кигендердің» ереуілдеріне байланысты елдегі ішкі жағдайды қолға алған Франция президенті Эммануэль Макрон бұл форумға келген жоқ.
Форум мемлекет басшылары үшін түрлі кездесулер, қарым-қатынас және келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Мысалы Ресей Энергетика министрі Александр Новак форумда Сауд Арабиясының Энергетика министрі Халид әл-Фалихпен мұнай нарығында ОПЕК+ келіссөзін жүзеге асыруды талқылайтынын хабарлады. Сондай-ақ, Давоста Таяу Шығыстағы, оның ішінде Ливия мен Сириядағы жағдай бойынша бірнеше пікірталастар өтеді. БҰҰ-ның Сирия мәселелері бойынша арнайы өкілі Гейр Педерсен Сирия тақырыбын жабық кездесуде мүдделі елдердің өкілдерімен талқылайды. Жақында ол Дамаскіде болып Үкіметпен кездесті, оппозиция делегациясымен жеке әңгімелесті.
Бүкiләлемдiк экономикалық форум халықаралық әрiптестiктi дамыту мақсатында ұйымдастырылады. 1971 жылы құрылған форумға 1000-нан астам iрi компаниялар мен әлем мемлекеттерi мүше.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»