Ресейде тұратын, Сталиннің құжаттарымен жұмыс істеген қазақ тарихшысы Дина Аманжолова Сталиннің жеке мұрағатында Тұрар Рысқұловтың алашордашылармен тығыз байланыста болғанын дәлелдейтін деректер көп екенін айтады. Соның бірегейі – 1922 жылы Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов Әлихан Бөкейхановты тұтқыннан босату үшін Орталық комитетке ұсыныспен шыққаны.
«Мұндай әрекет жаланың кез келген түрімен айыптауға себеп боларын алдын ала білсе де бастарын бәйгеге тіккен» – дейді Дина Аманжолова.
Дина Аманжолова Кремль архивінде, Сталиннің құжаттары арасында Рысқұловтың Сталинмен қызмет барысындағы хаттары оның қылыштың жүзімен жүріп өткенінен хабар беретінін айтады. Бұл құжаттар да әлі қазақ қоғамына қолжетімді емес.
Ал тарихшы Ордалы Қоңыратбаев Ә.Бөкейхановтың құпия түрде Ташкентке кетуiнен қауiптенген ГПУ-дiң (Мемлекеттiк саяси басқарма) Қарқаралыдағы жергiлiктi бөлiмшесi арқылы1922 жылы 14 қазанда оның тұтқынға алғанын төмендегідей баяндайды:
«ГПУ-дiң Қарқаралы бөлiмшесiнiң iс-әрекетiне наразылық бiлдiрiп, өзiн босатуды талап еткен Ә.Бөкейханов түрмеден таныстары арқылы қол жалғап Мәскеуге, РКФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссариатына «Әлиханов» деп қол қойылған шұғыл жеделхат жолдайды. Жеделхаттың «Әлиханов» деген атпен жiберiлуiнiң өзiндiк сыры бар, өйткенi оның нағыз иесi кiм екенiн бiлсе, Қарқаралының телеграф бөлiмiндегi ГПУ агенттерi тәркiлеп алары сөзсiз едi. Жеделхат үш кiсiнiң – РКФСР Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары И.В.Сталиннiң, халық комиссарының екiншi орынбасары Т.Рысқұловтың және РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесi мен Еңбек және қорғаныс Кеңесi төрағасының орынбасары А.Д.Цурюпаның атына жолданған:
«16-10-22. Мәскеуге. Қарқаралыдан. Жолдас Сталинге. Көшiрмесi – Халық Комиссарлар Кеңесi төрағасының орынбасары А.Д.Цурюпа мен Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссарының орынбасары Т.Рысқұловқа.
14 қазанда Мемлекеттiк саяси басқарма (ГПУ) бұйрығымен тұтқындалдым, менi Семей қаласына аттандырмақ. Мәскеу қаласына өз еркiммен келуiме рұқсат берiлуiн сұраймын. Әлиханов».
Әлихан Бөкейхановқа араша түсiп, абақтыдан алып шыққан Тұрар мен Сұлтанбек бiрден-ақ ГПУ-дiң қара тiзiмiне iлiгедi. ГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлеттi өкiлi И.Д.Каширин мен Құпия бөлiм бастығы Якубовскийдiң ГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң бастығы Я.Х.Петерске 1923 жылы
14 наурызда жолдаған құпия есептi баяндамасында Тұрар мен Сұлтанбектiң iс-әрекеттерiне үлкен саяси мән берiп, былай деп атап көрсеткен: «Бөкейхановтың тұтқындалуына ташкенттiк алашордашылар қызу жауап бердi. Олар Сталиннiң атына Рысқұлов пен Қожановтың басшылығымен және солардың қолы қойылған жеделхат жолдап, Бөкейхановтың жазықсыз тұтқындалуы далалы аймақтарда бүлiншiлiк пен қазақ бұқарасы ортасында түсiнбестiк тудырады да, оларды Кеңес өкiметiнен ажыратады, сондықтан да оны босату үшiн тиiстi мекемелерге ықпал жасау қажет деген талап қойды».
Кеңес заманында қол жетпеген ниетті іске асыруға тәуелсіздік дәуірінде жол ашылды: 2011 жылы 1920-1937 жылдары Мәскеуде Тұрар тұрған пәтерлердің мекенжайы анықталды, ескерткіш белгі қойылды.
Тұрар Рысқұловқа Алматыда ескерткіш қою мәселесі Дінмұхамед Қонаев тұсында 1970 жылдары көтеріліпті.
1970-1980 жылдары Алматы қаласында басшылық қызметте болған қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев бізге 1970 жылдардың аяғында Алматыдағы орталық көшелердің бірінен Рысқұловқа ескерткіш орнату мәселесі шешімін тапқанын, оның орны да белгіленгенін айтты.
«Бірақ Әліби Жангелдиннің мерейтойымен тұспа-тұс келгендіктен, бұл мәселе тағы да кейінге шегерілген. Басқаша айтқанда, Тұрардың ескерткіші тұратын жерге Әліби Жангелдиннің ескерткіші қойылды. 1980 жылдардың ортасында Мәскеудің келісімін алып, ескерткіштің орны белгіленіп қойған кезде Қонаев орнынан кетті», – дейді Кеңес Аухадиев.
1990 жылдары Рысқұловқа ескерткіш орнату мәселесі қайта күн тәртібіне шықты. Қазақ зиялыларының Алматыда Тұрар ескерткішін орнату, Тұрардың шығармалар жинағын толық нұсқасында жариялау туралы ұсынысы Қазақ Үкіметі тарапынан қолдауға ие болды.
Қазақстан Үкiметiнiң 1993 жылғы №198 қаулысы бойынша, Алматыда Рысқұловтың еңселi ескерткiшi орнатылуы тиіс еді
Бірақ арада 25 жыл өтсе де іс орнынан қозғалған жоқ.
Тұрартанушы ғалым, марқұм Молдияр Серікбаевтың осы мәселені көтеріп, жоғарыға жазған хаттарына келген жауап та бір сарынды. Ол құжаттарды Молдияр аға көзі тірісінде көзінің қарашығындай сақтап өтті.
1993 жылғы №198 қаулыны алға тартып, ескерткіш орнату туралы өтінішіне Алматы қаласы мәдениет басқармасын басқарған Е.Әуезов «Алматы қаласы әкімдігінде Тұрар Рысқұловқа ескерткіш орнату бойынша жұмыстар басталғанмен, қазіргі сәтте тоқтап тұр. Өкінішке қарай, бар мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Дегенмен қазақ халқының біртуар перзенті Т.Рысқұловқа алдағы уақытта ескерткіш орнату үшін мүмкіндіктер қарастырылады» деп жауап беріпті.
Ертеректе Шерағамызбен осы тақырыпта сыр-сұхбат құрғанда: «Киноға керек дүниені түгендеп бердім. Сюжет сөйлеп тұр. Кино түсіремін дегендердің қолын кім байлап тұр?» деген еді.Тұрар көкесінің бейнесі кинода сомдалса деген арман күні кеше ғана дүниеден өткен Шерағаның ішінде кетті.
Тұрар бейнесін сомдаған актер Айдос Бектемір актер ретінде танылуына Тұрар Рысқұлов рөлі себепші болғанын айтады. 1980 жылдардың соңында Алматыда «Қызыл жебе» қойылған кезде халықтың залға сыймағаны соншалық, есікті сындырып жібере жаздапты. Алғашқы көрсетіліміне Т.Рысқұловтың жары Әзиза апа, Олжас Сүлейменов, Г.Колбин, Елбасымыз, ол кезде Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған
Н.Назарбаев қатысқан.
«Рысқұловтың қазақтың мұңын жоқтап Сталинге хат жазатыны, Сталиннің қабылдауында үш рет болатын тұстары бар. Премьерадан кейін Геннадий Колбин Нұрсұлтан Әбішұлынан: «Осы рас па, әлде сіздің ұлтыңыздан шыққан автор ойынан шығарып отыр ма?» деп сұрапты. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ол хаттар біздің мұрағатта сақтаулы тұр. Сенбесеңіз көрсете аламын», деп жауап беріпті. Қойылым біткен соң Әзиза апа келіп, менің маңдайымнан сүйіп, «Айналайын Тұрардың бейнесін көз алдымда қайта жаңғырттың» деп батасын берді. «Апа, мені Тұрарға ұқсаттыңыз ба?» деген сауалыма: «Ұқсап тұрсың. Бірақ Тұрардың бойы сенен биігірек еді» деп жауап берді», – дейді Айдос Бектеміров бізбен әңгімесінде.
Тарихшы, тұрартанушы Ордалы Қоңыратбаев айтпақшы, Тұрар Рысқұлов көзі тірісінде-ақ азиялық деңгейдегі мемлекеттік қайраткер ретінде мойындалған тұлға.
Орталық Азия құрлығының ХХ ғасыр басындағы тарихына көз жүгірткен тарихшылар Тұрар тұлғасына, тұрартану ауылына ат шалдырмай кете алмайды.
Ресей ғана емес, моңғол, қырғыз, өзбек елдері мемлекеттілігінің 1920-1937 жылдардағы қалыптасу кезеңінде Тұрардың қолтаңбасы сайрап жатыр. Батыс Еуропа мен Азияға (Иран, Ауғанстан, Пәкістан) жол ашатын Волга-Дон каналын (Қара теңіз, Азов теңізі, Каспий теңізі, Парсы шығанағы, Оман шығанағы) салу туралы да 1923 жылы Т.Рысқұлов айтты. «Ол – әлемдік, ортаазиялық, ресейлік бірнеше экономикалық одақтың негізін қалаушы. Соның бірі – 1923 жылы Ян Эрнест Рудзутак екеуі ұсынған Иран Республикасы мен Түркістан Республикасының арасындағы кедендік одақ. Тұрар 1923 жылы Ресей коммунистік партиясының ХІІ съезінде ұлттық-одақтық кеңес құруды, ұлттық республикаларды экономикалық аудандау керектігі туралы баяндама жасады», дейді Ордалы Қоңыратбаев.
Тарихшылар Т.Рысқұловтың 200-ден аса зерттеу еңбегі бар екенін айтады. Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза Рысқұлова өмірінің соңғы жылдарында ұзақ жыл (1926-1937) РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары болып істеген оның көптеген еңбектері мақсатты түрде жойылып жіберілгенін, «Қазақстан тарихы» деп аталатын зерттеуі Рысқұлов ұсталған күні қолды болғанын айтқан. Осыдан 5-6 жыл бұрын күнделікті басылым беттерінде Рысқұловтың «Қазақстан тарихы» деп аталатын еңбегі АҚШ-тағы кітапханалардың бірінен табылды» деген ақпарат шыққан кезде Тұрар ұсталған кезде қолды болған еңбек сол шығар деп елеңдеп қалғанбыз. Бірақ ізіне түсер зерттеуші болмағандықтан, оның да соңы сиырқұйымшықтанып кетті. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Тарихшы Ордалы Қоңыратбаев бізбен әңгімесінде Мәскеу архивтерінде Тұрар ұсталған кезде тәркіленген құжаттардың тізімімен танысқанын айтты.
«Бірақ ол тізімде «Қазақстан тарихы» жоқ. Демек, оның дерегін басқа жақтан іздеу керек», дейді ол.
Құжаттанған, қағазға түскен еңбектің бәрі тарих екені, күні ертең олардың іздеушісі болатынын Кремль білді, сол үшін аса құнды құжаттарды тәркіленген еңбектердің тізіміне мақсатты түрде қоспауы әбден мүмкін.
Ендеше, Сыртқы істер министрлігі арқылы алыс-жақын шетелдер архивтеріндегі Тұрардың мұраларына іздеу салатын кез келді. Тұрардың қызы Сәуле Рысқұловамен соңғы әңгімелескенімізде әкесінің артында қалған мол мұраның басым көпшілігі Баку, Бішкек, Ташкент, Мәскеу, Ұлан-Батыр архивтерінен табылып қалуы мүмкін дегенді айтады. Себебі Тұрардың қысқа ғұмырында ол елдермен түйіскен нүктелерінің көп болғанын күні кеше ғана дүниеден өткен Шер-аға Шерхан Мұртаза талай рет айтып кетті.
«Іздеуге, сұрау салуға қол қысқа болды» – деген еді Сәуле Тұрарқызы бізбен әңгімесінде. Тұрартанушы ғалым Молдияр Серікбаев қырғыз, өзбек елдерінің 1920-1937 жылдардағы қалыптасу кезеңдерінде Тұрардың қолтаңбасы бар екенін талай рет айтқан. «Сыртқы істер министрлігі арқылы Бішкек, Ташкент қалаларында Тұрар тұрған, жұмыс істеген үйге ескерткіш белгі қоюды қолға алуымыз керек. Бұл мәселені кешеуілдетуге болмайды.
Тұрар Орталық Азия деңгейіндегі тұлға болса да оның жоқтаушысы тек Қазақ елі ғана болып отыр.
Тұрарды жан-жағымызға таныту арқылы Орталық Азия елдері арасындағы позициямыздың тарихын бір ғасырға әрі жылжытамыз.
Біз өзбек, қырғыз, әзербайжан мұражайларындағы Тұрарға қатысты деректерді түгендеп үлгірген жоқпыз әлі. Баку мұражайлары да Тұрарға қатысты көп сырды бүгіп жатыр. Егер барлық деректердің басын қоссақ, оның шығармаларының өзі 30 том болып қалады» деген еді.
Қырықтан енді асқанда қыршын кеткен қазақтың Тұрары туралы тым көп айтылмады, дерек те табылмады,толық, санаулы суреттері ғана болмаса. Қызыл империяның қатты өшіккені сонша, Тұрар Рысқұловты ату туралы бұйрыққа Сталиннің өзі қол қойды. «Халық жауы» деп айыпталған арыс 1938 жылы 10 ақпанда атылды. Тұрардың атылуына Сталин, Ворошилов, Каганович, Молотов сынды төрт адам бірдей қол қойды. Бұл оның кеңестік азулы һәм аяусыз саяси-әкімшілік билігінің негізгі нысанасына айналған дара тұлға екенін білдіреді. Ал жұбайы АЛЖИР-де 18 жыл айдауда болды, ұлы Ескендір түрмеде көз жұмды.
Тұрардың тағдырын толық зерттесе талай тарихи құнды қолжазбалар табылары сөзсіз. Қолжазба демекші, кейбір зерттеушілер Тұрар Рысқұловтың өз қолымен жазған хаттарының бірқатары Американың мұрағаттарында деген ойға басымдық береді.
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист
АЛМАТЫ