Ол 60 спортшының ішінен мәреге бесінші болып келді. Үшінші орын алған спортшыдан небәрі 8 секундқа қалып қойған.
«Жарыс жолы жаман емес. Әрине, оңай болмағаны рас. Мен мейілінше жақсы нәтиже көрсетсем дедім. Иә, қола медальға қол созатын мүмкіндік те болған. Үшінші орындағы спортшыдан 8 секундқа ұтылдым. Бұл спорт дегеннен басқа айтарым жоқ. Мұндай жақсы нәтиже көрсеткенім мені одан әрі рухтандыра түседі. Шыны керек, қатты қобалжыдым. Эмоцияға ерік бергенім сонша, түні бойы көз ілмедім. Тезірек жарыс алаңына шығып, жүйкемді тыныштандыру үшін таңның атқанын күттім», - дейді Валерия.
Спортшының айтуынша, жүлдеге ілігу үшін шектен тыс қобалжу да кері әсерін тигізген.
«Қазір екіұдай сезімдемін. Бір жағынан үздік бестікке енгенім қуантады. Екінші жағынан медальға қол созым жерден тоқтағаныма өкінемін. Егер қатты қобалжымағанда, мұндай болмас еді. Маған жанкүйер болған баршаңызға алғыс айтамын! Енді 25 қаңтар күні 15 шақырымға классикалық әдіспен жарысамыз», - деді Тюленова.