Полиция департаменті қызметкерлері бұл қылмыстық топтың 2018 жылы-ақ көзге түскенін айтып отыр.Қостанай қаласының іргесіндегі Киев поселкесінен ұсталған 47 жастағы ер адам мен 35 жастағы әйел есірткі заттарын тығып, заңсыз саудалап келген. Ер адам көшедегі дәретхана еденінің астына есірткіні шегемен бекітіп, тығып ұстаған. Табылған героиннің салмағы 1 килограмм 615 грамм болды.
Оның 35 жастағы сыбайлас әйелі үйіне 13 грамм тартатын 81 героин түйіншегін жасырған. Қазір осы істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Заңсыз есірткі саудасымен айналысқан сыбайластар енді ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлімі бойынша заң алдында жауап беретін болады. Бұл бап бойынша олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, мүлкі тәркіленеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Egemen Qazaqstan
Қостанай