Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Петропавлдан Мысыр еліне әуе рейсі ашылды

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл халықаралық әуежайынан Мысыр елінің Шарм-Эль-Шейх курортына тікелей әуе рейсі ашылды.

Петропавлдан Мысыр еліне әуе рейсі ашылды

Бұл жөнінде  облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының алқа отырысында белгілі болды.

Петропавл  әуежайының халықаралық мәртебесі болғанымен, ұшақтар әзірше Астана, Алматы, Шымкент шахарларынан ғана қатынайды. Былтыр әуежайдың қызметін 17 мыңнан астам адам пайдаланған.  Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 13  пайызға көп.

«Әуе рейстерінің санын ұлғайту керек. Баға қазір көңілге қонымды.  Астанаға дейін билет құны бар болғаны 10 мың теңге тұрады.  Жолаушылардың саны біршама өсті. Бұл жұмысты  одан әрі ширатуға тиіспіз. Біз әуежайды басқаруды жеке компаниялар мен шетелдік инвесторларға беруге әзірміз», деді алқа отырысында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Биыл  облыста танымал шетелдік курорттарға әуе рейстерін ашу бойынша  жүйелі шаралар атқару белгіленіп отыр. Соның бір мысалы жоғарыда сөз еткеніміздей жазда солтүстікқазақстандықтар Мысыр елінің  Шарм-Эль-Шейх  курортына  Петропавлдан тікелей ұшу мүмкіндігіне ие болады. Жолаушылар  тасымалы және автомобиль жолдары  басқармасының басшысы  Владимир Балахонцевтың айтуынша, бүгінгі таңда Петропавл әуежайы, «Скат» әуе компаниясы мен  жергілікті турфирмалар арасында   Шарм-Эль-Шейх курортына  тікелей  әуе рейсін ашу туралы келісімге қол қойылыпты.

Ұшақтар шілдеден  қыркүйекке дейін, яғни жаз айларында  қатынайтын болады. Бүгінгі күні  турфирмалардың бірі  Қызыл теңіз жағалауындағы  демалыс орындарына  билеттерді  брондап сата бастаған. 19 маусымға жоспарланған онкүндік  демалыс үш жұлдызды қонақ  үйде  шамаман  222  мың теңге тұрады.  Шарам-Эль-Шейх курортына дем алу үшін  ең қымбат баға 343 мың теңгені құрайды.  Бұған ұшу бағасы, трансфер, отельде тұру және толық тамақтану кіреді.   

 Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»