24 Қаңтар, 2019

Петропавл ЖЭО-ы жаңғырту жұмыстарына 45 миллиард теңге жұмсады

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Аймақ басшысы  Құмар Ақсақалов Петропавл  №2 жылу электр орталығында болып,  тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету барысымен танысты.

Петропавл  ЖЭО-ы жаңғырту жұмыстарына 45 миллиард теңге  жұмсады

«Тарифті инвестицияға алмастыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауқымды шаралар  атқарылғанын мекеме директоры Виктор Бармин айтып берді.

4 қазандық, 3 турбина жаңартылып, 45 миллиард теңге  бағытталды.

Жаңғырту  жұмыстарының арқасында станцияның электрлік қуаттылығы 380 МВт-тан  541 МВт-қа е дейін көбейді. Энергия өндіру көрсеткіші жылына шамамен 831 млн кВт құрайды. Мұның өзі 103 мың тонна қатты отын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, трансформаторлар қалпына келтірілді», деді ол.

Биыл  энергияны жылдам тарату мақсатымен ашық тарату құрылғысын қайта құру жобасы жүзеге асырылады. Бүгінде облыс толыққанды электр энергиясымен  қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар көршілес аймақтарға экспортталатын қуаттың да көлемі артты.

Құмар Ақсақалов «Севказэнергосбыт» серіктестігінде де болды.  Компания бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағындықовтың айтуынша,  электр қуатымен қамту жайлы келісім 1 күннің, жылу тарату бойынша 5 күннің ішінде жасалады. Тұрғындардың өтініші ескеріліп,  «бір терезе» қызметінің саны арттырылыпты.

Құмар  Іргебайұлы кәсіпорын директорына электронды түрде төлем жасау үрдісін дамыту қажеттігін айтты. Себебі, тұтынушылардың 45 проценті орталыққа келіп,  қолма қол есеп айырысады екен. Осының салдарынан  кезек күтіп қалу фактілері аз кездеспейді.

«Мобильдік қосымшаға басымдық беру керек.  Киви-қалтадан ақша аудару ісін де дамытқан абзал» деген облыс әкімі Елбасы тапсырмасы  арқасында  тарифтердің төмендегенін атап көрсетті.  Электр энергиясының тарифі – 9,3, судыкі – 9, кәріздік жүйе – 3, газбен жабдықтау – 1,6, тұрмыстық қалдықтарды шығару 5 процентке арзандаған.  Демек  жылына тұрғындардың 700 миллион теңгесі үнемделеді деген сөз.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы