Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Абылайхан Қайроллаев: Жастар жылында іргелі міндеттер белгілеп отырмыз

240 реткөрсетілді

«Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын»,  деген болатын Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында  сөйлеген сөзінде Мемлекет Басшысы жастарға қатысты  өзекті мәселелерді тарата айтып, түрлі салалар бойынша қолға алынатын бастамаларға қолдау көрсетілетінін атап көрсетті. 

Бүгінде  қоғамның дамуы да, технологияның өсуі де өте шапшаң, қарқынды.  Көз ілеспес жылдамдықпен барлық салаларда пайда болып, орнықты. Алдымызда Қазақстанды  алдыңғы қатарлы мемлекеттердің сапына қосу секілді  іргелі міндеттер тұр. Бағдарымыз айқын. Осыған орай биыл да маңызды шешімдердің орындалып, қордаланған  мәселелердің түйіні тарқатыларына сенімдіміз. Қарап отырсақ, елімізде өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан қамқорлықтар көп.  Оған біз нақты іспен жауап беріп, мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, бастамаларды қолдауға  жеке үлесімізді қаншалықты қосып жүрміз деген сауал төңірегінде бір сәт ойланған артықтық етпейді. Өйткені, Президентіміз атап өткендей  жастар белсене араласатын  шаруалар жетіп артылады. Біз де бірқатар озық  жобаларды жүзеге  асыруды ойластырып отырмыз. Мәселен, осы жылы «Жас Отан» мобильдік қосымшасын іске қоспақ ойымыз бар.  Сонымен қатар «CUBER арена» бағдарламасына қатысушылар құрамын жасақтап, жастар арасында киберспорттық ойындар желісін  кеңінен таратуға жедел кірісетін боламыз.

Бүгінгі таңда  «Жас Отан» жастар қанатына  он мыңнан астам адам мүше. Облыс орталығында, барлық аудандарда, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ мен  сегіз колледжде «Жас Отан» орталықтары жұмыс істейді. «Нұр Отан» партиясының үстіміздегі жылы қолға алған «English for jastar» қанатқақты жобасы бойынша шетелден келген еріктілермен бірге біздің жасотандықтар алты ауданда 500-ден аса мектеп оқушысының ағылшынша сөйлеу шеберліктерін жетілдірді. Алдағы уақытта жобаны оқушылардың жазғы демалысы кезінде үрдіске айналдырамыз. Үздік IT-жобалар мен ақпараттық технологияларды қолдауға бағытталған «NURINTECH» жобасы да жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашары анық.

Қолданыстағы кітапханаларды заманауи білім тарату орталықтарына айналдыру шараларын одан әрі жандандыра түсеміз. Бүгінде облыста осындай 14 орталық жұмыс істейді. Заманауи орталықтарда түрлі тақырыптық кездесулер, пікірсайыстар мен тренингтер ұйымдастырылып,  ерекше толғандыратын өзекті де өткір мәселелер талқыланады.

Былтыр «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында  ардагерлерге, тыл еңбеккерлері мен жалғызілікті зейнеткерлерге жүйелі қайырымдылық шаралары көрсетілсе, биыл әр үйге жеке қамқоршылар бекітіліп берілді. Жетім балалар үйлеріне де барып, аз қамтылған отбасыларға да көмек қолын созуды назардан тыс қалдырған емеспіз. Соколов, Полудин балалар үйлеріне, Петропавл қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылына және кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жиі барып тұрамыз.

Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыстың артары сөзсіз.  Жасыратыны жоқ, кей жастарымыз  Үкімет тарапынан ұсынылатын жеңілдікті бағдарламаларға қатысудың жай-жапсарын біле бермейді.  Осы себепті Елбасы «Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесінде барлық өңірде жас кәсіпкер бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл жоба  шеңберінде  жыл сайын  білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын 100 мыңға дейін жеткізу міндеті қойылды.  Біз осы бағыт бойынша  «Бизнес-ментор» жобасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырамыз. Оның тиімділігін тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Жастар диалогтық алаңдарда өңіріміздегі тәжірибелі кәсіпкерлермен кездесіп, өз істерін ашу үшін ақыл-кеңестерге жүгінеді.  Бағыт-бағдарлар беріледі.  Бірнеше  кездесу ұйымдастырылып, қатысушылар қатарында бизнестің қыр-сырын меңгеріп шыққандары,  жаңа  мамандыққа икемделгендері , кәсіп ашқандары жоқ емес.

Президент жастардың  жұмыссыздық мәселесіне алаңдаушылық білдірді.  Жастар саясатындағы негізгі мәселелердің бірі осы санаттағыларды тұрақты жұмыспен қамту. Мектеп бітіруші түлектердің Ресейге, басқа елдерге кетуінің бір сыры–жұмыссыздық. Сондықтан шекара асқан жастарды елге оралтудың, мүмкіндігінше  аттестат алғаннан кейін елде қалдырудың жолдарын  ұтымды жүргізбей болмайды.  Қазір  техникалық мамандықтарға сұраныстың артып отырғанын ескере отырып, көп профильді кәсіп иелері болуына жан-жақты жағдай тудырған ләзім.

Жастар жылында қолға алынатын тиімді жобалар мен игі істеріміз жетерлік. Бізге үлкен сенім артылған екен, үмітті ақтау–басты міндетіміз.

Абылайхан ҚАЙРОЛЛАЕВ,

«Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Күлкі керуені № 24

Руханият • Кеше

Рейтингте жоғарылады

Кәсіпқой бокс • Кеше

Ұқсас жаңалықтар