Аймақтар • 24 Қаңтар, 2019

Өрт каскаларын жинаумен айналысатын подполковник

681 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азаматтық қорғау офицері өрт каскаларының коллекциясын  жинауды қызметтік кәсібінен бөле-жара қараған емес.

Өрт каскаларын жинаумен айналысатын подполковник

Коллекциялау – қызықты хоббилердің бірі. Әр нәрсенің өз тарихы бар, ол туралы коллекционер таң атқанша айтуға бейіл. Мұражайлар мен көрмелерді жиі тамашалайтындар стеллаждарда қойылған заттар мен өнер туындыларының иелерін ерекше құрметтейтіні сондықтан. Кейбіреулер коллекциялау ісін кәсіби қызметпен байланыстырады. Солардың бірі – петропавлдық Болатжан Асқарбеков. Оның осы хоббиге деген  қызығушылығы кейін басталса да, мамандығымен байланыстыруы кездейсоқ емес. Коллекция заттары өмір бойы ұқыпты сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін құнды жәдігерлер екенін білгендіктен, көпке дейін жүрегі дауалай қоймаған  секілді. Бастапқыда әуесқойлық сезім жеңсе, кейін тірнектеп жинауға көшкен. Жүрген-тұрған жерлерінде яки  іссапарларға шыға қалса, коллекция қатарын толықтыруға аңсары ауып тұратын қасиет қалыптасты.

Сегіз жыл бойы көз майын тауысып жинаған дүниелерін әріптестерінен, таныстарынан аттай қалап алғанынан бөлек интернет арқылы іздеп, жинастырған, сатып алған, айырбастаған. Кәсіби өрт сөндірушінің киім-кешегінің бір «бөлшегі» ол үшін ерекше ыстық. Үй ішін өзіндік орны бар «экспонатқа» толтырғанына еш өкінбейді.

Тағдырдың жазуымен талай рет «ыстық нүктелерде»  болған сәттерде  өрт каскасына құтқарушы тәңіріндей «сыйынғанын», әріптестерін де ажал құшағынан сақтап қалғанын ұмытар емес. Оған сол кездегі ескі фотосуреттер куә. Тіл бітсе, шытырманға толы талай оқиғаны тізбелеп айтып берер еді.

Қазір  подполковниктің үйінде әр түрлі елдерден әкелінген өрт сөндіру каскалары сақтаулы. Германия, Белорусь, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан,Чехия... Тізім осылай жалғаса береді. Кейбірі жылтыраған мыспен құйылса, төзімді пластикпен қапталғандары да кездеседі.

«Мына бірі –менің жауынгерлік каскам. Үш жыл кидім. Өрт сөндіру кезінде әр түрлі жағдайлар болады, мәселен, бөренелер құлайды, газ баллоны жарылады дегендей. Сондай арпалысты сәттерде басымдағы басты қорғаным болды», – дейді коллекционер.

Ол ширек ғасырға жуық кәсіби өрт сөндіруші ретінде танылып, талай мәрте адамдарды құтқаруға басшылық еткен. Қазір де сүйікті кәсібінен қол үзген емес. Төтенше жағдайлар департаментінде төтенше жағдайларды жою бөліміне жетекшілік етеді.

Отты апаттарға қалай қарсы тұрғанын ол жадынан ешқашан шығармайды. Оның коллекциясы - сол күндерді еске алудың, әртүрлі елдер мен халықтардың өрт сөндірушілерінің бірігуінің символы тәріздес.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы