Кездесуде студенттердің биылғы Жастар жылында ұйымдастыратын іс-шарлары, мақсат-міндеттері, ұсыныстары тыңдалып, сараланды. Ректор барлық білімгерлер үшін қуанышты хабар, оқу орны жанынан Жастар орталығы ашылғанын айтты. Университеттің құрылымдық бөлімінің бірі болатын осы орталыққа 12 студент штат бойынша қызметке алынбақшы. Олар білім ордасындағы түрлі ұйымдардың жетекшісі ретінде еңбек сіңіретін болады. Мәселен, еріктілер тобына, дебат ұйымдарына, әр бағыттағы клубтарға жетекшілік етіп, студенттік декан қызметін де белсенді жастар атқармақ.
Сонымен қатар университет әкімшілігі шығармашылық бағытта ізденіп жүрген студенттердің халықаралық, республикалық деңгейде өткізілетін түрлі байқауларға қатысуына екі есе қолдау көрсетеді. Жиында кәсіппен, ғылыми зерттеулермен айналысқысы келген студенттер үшін ерекше жағдай жасалатындығы да айтылды. Студенттердің шетелге шығу сапарлары да назардан тыс қалмады. Мысалға, алдағы демалыс кезінде Эстония елімен тәжірибе алмасу мақсатында 10 күндік жазғы мектеп ұйымдастырылатын болды.
Кездесу соңында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев белсенді студенттерді Елбасы артқан сенім үдесінен шығып, Отанымыздың гүлденуіне қызмет ететін ұлт патриоты болуға шақырды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы