25 Қаңтар, 2019

Жастың қуаты – білім-білігінде

1697 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жастың қуаты – білім-білігінде

Мемлекет басшысының ұсынысымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Жастың қуаты – білімі мен білігінде, бірлігі мен патриоттығында. Біз бабалардан мирас болған атамекенімізді тәуелсіз ел еттік. Тұрмысы шалқып, түтіні түзу ұшқан бақуатты мемлекетке айналдырдық. Елбасының Жар­лы­ғымен биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы – жастар саясатына, жастар проблемасын шешуге көзқарастарды түбегейлі қайта қарауға, өзгертуге бағыт­талған игі іс. 

Жыл бойы әр шараның сипаты, нәтижесі барысына мониторинг жүргізіп, жауапты адамдардың кәсіби дең­гейі дұрыс бағаланып отыру көзделуде. Жақсы нәтиже көр­сет­кендерді марапаттау, елге насихаттаумен қатар, нәтижесіз жұмыс істеп, қаржыны тиім­сіз жаратқан адамға қарсы қолданылатын амал-шараның түрлерін әзірлеу жоспарлануда. Тек осыларды қол­ға алған­да ғана жылдан дұрыс нәтиже күту­ге болады.

Еркебұлан БАЗАРБАЕВ,

Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры

Жамбыл облысы
 

Мамандық таңдауда қателеспейік

Мемлекет басшысы жастарды қолдау жөнінде Үкіметке бұрыннан тапсырма беріп келеді. Осыған орай Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жастарды қолдауда өзге аймақтарға үлгі болатын­дай бастамалар көтерген. Кө­р­ші­лес Ресейде білім алып, елге орал­ған алғашқы түлектер – осы бас­таманың оң нәтижесі.

Мен де облыс әкімдігінің қолдауымен осы мүмкіндікке ие болған жас ретінде салыстыра айтар болсам, екі елдің жастары бірдей деңгейде. Мемлекет тарапынан жасалатын жағдайға келер болсақ, қоғамдық көлік жолақысына жеңілдікке бізде мектеп оқушылары ғана ие болса, Ресейде студенттер мен магистранттарға да жеңілдік қарастырылған. Меніңше, біздің ел жастарына мамандық таңдауда, ЖОО-ға құжат тапсырарда көбірек көмектесу қажет. Оқушы кезінде дұрыс мотивация беріліп, әлемдік деңгейдегі ЖОО-ға не жұмыс орнына керекті құжаттар тізімін көрсете отырып, болашақтағы перспективалармен қызықтыра білсе жақсы болар еді. Әйт­песе бірен-саран әбден ізде­ніп, зерттейтіндер болмаса, көп­шілігі шетелде оқу мүм­кінді­гінен бейхабар қалып жатады. Дәл осы секілді, отандық кәсіп­орындардың қолдауы, жастарға қарастырылатын жеңілдіктер туралы жастар арасында үгіт-насихат жүргізілсе, артықтық ет­пейді. «Сайтта бар, интернет­те тұр ғой» дегенмен, көбі дәл уа­қы­тында білмей қалып жатады.

Елбасының аймақтарда Назарбаев Университет сияқты жетекші оқу орындарының болу қажеттігі туралы айтқан ойы жастарымыздың шетелде алған білімді өзімізде де қол жеткізуге болатындығын көр­сетеді. Өйткені сапалы білім күткен үдеге жеткізеді.

Еламан МЕҢДІҚҰЛ,

«Мәскеу болат және қорытпалар институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің түлегі

Қызылорда облысы