28 Қаңтар, 2019

Әскери қызметшілер ұстаханасы

434 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту қажеттігін баса айтты. Президент осы орайда Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.  

Әскери қызметшілер ұстаханасы

Сапалы білімге басымдық беріледі

Халқымыз ежелден балаларды ат жалын тартып мінетін балғын шағынан мергендікке, қару ұстауға, соғыс өнеріне машықтандырып, елін, жерін қорғайтын нағыз ер азаматтарды тәрбиелеуге ерекше мән берген. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті шамалы. Ұлы даланың ұландары кез келген қысылтаяң шақта бес қаруын асынып, жұртының малы мен жанын қорғап, ең бастысы намысын таптатпауға дайын болған. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әркез жастардың әске­ри-патриоттық тәрбиесі деңгейін көтеруге ерекше мән беріп келе­ді. Ел­ба­­сы­ның бұл тұрғыдағы тап­сыр­­ма­­лары 2011 жылдан бастап жұмыс істей бастаған «Арыстан» маман­дан­ды­­рылған лицейінің мүдделерімен біте қайнасып жатыр. 
Аталған оқу орнының құрылтай­шысы – Қазақстан Президентінің бас­та­масы бойынша құрылған «Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қоры. Тиісін­ше, атал­ған қордың дирек­торы Динара Құ­лы­­баева мен Қамқоршылық кеңе­сінің төрағасы Тимур Құлыбаев­тар оқу-тәрбие үде­рістерін назарға алып, Елбасының ө­с­ке­лең ұрпақ тәр­бие­сіне қатысты тап­сыр­малары­н бұлжыт­пай орындауды бақылауда ұстап отыр. 

Жалпы, лицей әскери өмір салтын ұстанатын, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп үйрететін мем­лекеттік емес орта білім беретін оқу орны. Сондай-ақ бұл жобаның әлеу­мет­тік басымдығын да айта кеткен жөн. Ли­цей­ліктердің оқуы тегін (қа­йы­рым­ды­лық) негізде жүзеге асы­рылады, оқу­ға қабылдау барысында көп бала­лы және жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға артықшылық беріледі. 

– Оқу орнын құруға Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық қоры құрыл­тайшы болып, ізгі ниеттерді мақсат етті. Негізгі міндет – балаларға, әсіресе әлеу­м­еттік аз қамтылған отбасы ба­лары­на сапалы, тиянақты білім беру. Біздің оқушыларымызға қойылар талап қатал болса да, ұстаздардың басты міндеті – балаларға мейірімділік таны­ту, – дейді «Арыстан» лицейінің бас­тығы, педагогика ғылымдарының докторы, генерал-майор Сәбит Тауланов.

Күштік құрылымдар қолдаған

Оқу орны басшылығының айтуынша, «арыстандықтар» еліміздегі басты күштік құрылымдардың қолдауына ие болған. 

– Ең бастысы, бізге Қорғаныс ми­нистрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік коми­теті қолдау білдіріп отыр. Біз оларға қажетті кадр даярлауға мән бер­сек, олар полигондарын, танкодром­да­рын, оқытушыларын жіберіп тұруға келіс­­­ті. Біз мұндай келісімге қол жет­кіз­ген жалғыз оқу орнымыз, – дейді С.Тауланов. 
Ал 1993-96 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған генерал-майор Айтқали Есенғұловтың айтуынша, «Арыстан» мамандандырылған лицейі – әскери білім беру жүйесіндегі ең табысты жобалардың бірі. 

– Лицейдің орналасқан жері, оқу бағдарламасы ерекше. Мен мұндай оқу орны ТМД көлемінде жоқ деп ойлаймын, – дейді А.Есенғұлов. 
Әлбетте, кез келген мемлекеттің қор­ғаныс әлеуеті, қабілеттілігі сапалы мамандарына байланысты. Ал әлем­дік тәжірибе әскери өнерге ерте жастан баулудың тиімділігін көрсетіп отыр. Өмірлік ұстанымы ерте жастан қа­лыптасып, дүниеге көзқарасының аясы кеңіп, патриоттық сезімдері тулаған жастар «Арыстанның» сапында жүр. 

Оқу орнының басшылығы мен шә­кір­ттер қауымы «Арыстанға» Мем­­­ле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың арнайы келгендігін, Қа­зақ­­стан­ның тұңғыш Қорғаныс ми­нистрі Сағадат Нұрмағамбетовтің ақ бата­­сын берген­дігін ерекше мақтан тұтады. 

Ең бастысы, «Арыстанның» қа­тары­на қабылдану талабы қатал бол­ғаны­мен, жолы болған жігіттер білімін тереңдетуге мүмкіндік алады. Оқу бағдарламасы мен әдістемесінің заманауи талаптарға сай келетіндігін көрген талай шетелдік қонақтар да таң­даныспен бас шайқаған. Өйт­кені, оқу үдерісінде ғылым мен тех­ни­­каның озық үлгілерін қолда­нат­ын жасөспірімдер жаңа заманның кез келген құралы мен қаруын бес сау­са­ғындай біледі десек, артық айт­қандық болмас. Оның үстіне лицей түлектерінің шетелдерде білімін жетілдіруіне де мүмкіндік жасалған. Жалпы білім беретін мектептерге тән пәндермен қатар, жас өрендер саясаттану, бағдарламалау негіздерінен де тәлім алады. Оқытудың бұрынғы тәсілдеріне қазіргі ақпаратқа қол­жетім­­ділік серпін беруде. Сондық­тан болар, «арыстандықтар» ҰБТ­мен қатар, өзге де пәндік сайыстарда қатарластарынан әркез озық тұрады. 

Лицейге оқытушылар да қатал тәртіп бойынша қабылданған. Май­талман мамандар арасынан ең үз­дік офицерлер іріктеліп алынған. Қазір олардың бірқатары авторлық оқы­ту бағдарламаларын әзірлеп, оқу про­цесіне енгізілген. 

– Балалардың бойына алдымен адалдық, шыншылдық, отаншылдық қасиеттерін сіңіруге күш саламыз. Бұл – Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас Қол­басшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талабы. Біздің оқушы­ларымыз бір үйдің баласындай тату, ағайынды адамдардай мейірлі болып өседі. Тіпті еңбектерін олар ертеңгі күні білік­ті офи­цер атанған кездің өзінде бір-бірі­не қолдау білдіріп, сүйеу бола­тын­­ды­ғына сенімдіміз, – дейді лицей бастығы.

Генерал-майордың бұл пікірінің бекер еместігін жастармен тілдесу бары­сында да ұғына түстік. Лицей оқушыларының бірі Данил Куле­шов офицерлердің алдымен ауызбір­ші­лікке үндейтіндігін айтады. 

– Қатарластарымызбен бірге жүріп, бірге тұрғаннан кейін ағайынды адамдардай бауыр басып қалдық. Біздің қатарымызда кең байтақ еліміздің әр облысының өкілдері бар. Өз басым оқу үдерісіне ризамын. Бізге әркезде Ауған соғы­сы­ның ардагерлері, генералдар келіп өздерінің өмір жолы, әскери әдіс-тәсіл­дер туралы әңгімелеп отырады. Біз олардың даңқты жолдарын жал­ғас­тыруға дайынбыз, – дейді Данил. 

Данил айтса айтқандай, оның ішінде, жасөспірімдердің тамақтануы, денсаулығы, тұрмыстық жағдайына ерек­ше көңіл бөлінгендіктен, «Арыс­тан» тәрбиеленушілердің екінші үйіне айналып кеткен. 

Батырлар жыры оқытылады

Әдетте, тұлғаның толық адам болып қалыптасуы жасөспірім шағын­да ерекше мәнге ие болатындық­тан, оқу­шы­ларға әдебиет, театр, музыка­н­ың түбіне терең бойлап, рухани шөлдерін басуына да жағдай жасалған. Ең бастысы, «арландар» қазақтың батырлар жырынан нәр алып, сусындауда. 
Оған қоса, еліміздің даңқты спорт­­­шылары мен өнер адамдары да «Арыстан» лицейіне жиі бас сұғатын қонақ­тардың қатарында. Елімізге таны­мал әншілердің көбі осы лицейге келіп шығармашылық кештерін өткізіп тұрады екен. 

Ал оқушылардың дене тәрбиесіне тіпті ерекше көңіл бөлінуде. Оларды кәсіби спортшылар жаттықтырып, әскери спорттың қыр-сырын терең меңгеріп жатыр. 

– Бүгінгі курсанттардың ертеңгі күні үлгілі офицерлерге айналып, Қа­зақ­­стан армиясының элитасы болары­на ешқандай күмәнім жоқ. Олар қазір­дің өзінде офицерлік өмір­дің ащы-тұщысын татуға әзір. Жалпы, әскери ғылым оңайлықпен бағынбайды. Оның үстіне заманауи шайқастар тек ұш­қыр қиял мен терең білімге негізде­леді. Сондықтан да, біздің міндеті­міз ел әскерін сапалы офицерлермен толықтыру, – дейді С.Тауланов.
Сайып келгенде, міндет, абырой мен ерлікті ту еткен жастарымызға артылар жүк жеңіл емес, ал мемлекет қазірдің өзінде білікті офицерлер іргетасының берік болуына мүдделілік танытып келеді. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»