Фотоны түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Бұған дейін аяң түрлері, желіс түрлері туралы жариялаған едік. Бұл жолы шабыс түрлері жөнінде әңгімелейміз.
Шабыс түрлері. Шабыс – жылқы малының ең шапшаң қозғалысы, яғни, жылқының желістен де тез жүрісін айтады. Жылқы шабыспен ұзақ жолды тез алады, бірақ тым ұзаққа шыдамайды. Шапқан кезде аттың аяқ тастауы алысқа кетіп, қозғалыстың қуаты артып, күші қосылады. Шабыстың жылдамдығы артқан сайын аяқ тастауы жиілейді.
● Жай шабыс – Қысылмай еркімен шабады. Баптаған жүйрік жылқыларды жабаттап тер алғанда жай шабыспен жүргізеді. Жай шабыспен жүрген жылқы аяғын еркін тастайды.
● Текірек – Қосаяқ шабыс деп те айтады. Жылқы алдыңғы және артқы екі аяғын парлап тең тастайды. Текірек шабысқа үйренген жылқы шалдықпай өнімді жүріп, барар жерге жылдам жеткізеді.
● Шапқын – Орташа шабыс түрі. Жылқы аяғын шадырлай тастап қозғалады. Яғни, оң жақ алды және сол жақ артын қайшылап шабады. Жүйрік жылқыларды тер алып, бой жаздыру үшін шапқын жасайды.
● Көсіле шабыс – Ұзақ қашықтыққа шабатын бәйге аттарына тән қозғалыс. Алдыңғы және артқы аяқтарын көсіле тастайды да, қайта бауырына жинап шабады. Артқы аяқтың ізі алдыңғы аяқ ізінен асып түседі.
● Ағынды шабыс – Жылқының бар мүмкіндігінше қатты шабуын айтады. Яғни, қысқа қашықтыққа шабатын бәйге аттарына тән қозғалыс. Ағындап шапқан жылқы аяғын қайшылап тастап, қатты екпінмен омыраулап жел жарады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»