Аймақтар • 28 Қаңтар, 2019

Солтүстік Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен 23 сәби дүниеге келген

994 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдар бойы сәби сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың  экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісі №3 қалалық ауруханада жүзеге асырылады.

Солтүстік Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру әдісімен 23 сәби дүниеге келген

Осында репродукция бөлімшесі ашылғалы жасанды жолмен 23 сәби дүниеге келген. Ақ халаттылардың айтуынша, отбасылардың бала сүйе алмауына көбіне ер мен әйелдің денсаулығындағы дімкәстік немесе физиологиялық үйлесімсіздік себеп болуы мүмкін. Бірақ медицинаның бүгінгідей қарыштап дамыған кезінде бедеулік ақырғы үкім емес. Соңғы жылдары нәзікжандылар арасында экстракорпоралдық ұрықтандырудың көмегіне жүгінушілер қатары артып келеді. Жұртшылыққа бұл процедура “ЭКО” деген қысқартылған атаумен таныс. Мұндай жасанды репродукция бөлімшесі қалалық №3 аурухана базасында 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Зертханалық жолмен дүниеге келген алғашқы солтүстікқазақстандық егіз ұл мен қыз биыл 6 жасқа толады. Бұдан кейін өңірде экстракорпоралдық ұрықтандыру арқылы тағы 21 сәби туған.

«Жұртшылыққа олардың табиғи жолмен туған балалардан еш айырмашылығы жоқ екендігін түсіндіру өте қиын. Сондықтан, ата-аналар қоғамның қызу талқысына ұшыраймыз деп жасқаншақтайды. Экстракорпоралдық ұрықтандыру бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптылардың арманына қол жеткізулеріне мүмкіндік беретінін баса айтқым келеді», дейді  репродуктолог дәрігер Ольга  Звягина.

Ол зертханада дәрігер-репродуктолог ерлі-зайыптының жыныстық жасушаларын жасанды жолмен ұрықтандыратынын, нәтижесінде пайда болған эмбриондардың бірнешеуі болашақ ананың құрсағына ендірілетінін жеткізді. Әйел жатырында эмбриондардың екіге бөлінуі де ғажап емес. Ондайда өмірге егіз сәбилер дүниеге келеді. Ал сынамада қалған өзге эмбриондарды қалаулары  бойынша консервілеуге болады. Олар 25 жылға дейін сақталады. Консервіленген эмбриондарды пайдалану мүмкіндігі бар.

Бүгінде экстракорпоралдық ұрықтандыруды бір рет жасау құны 424 мың  теңгені құрайды. Бұдан бөлек “Эко плюс Икси” бағдарламасы бар. Оның бағасы – 524 мың 682 теңге.

Петропавлдағы репродукция бөлімшесі экстракорпоралдық ұрықтандыру процедурасын тек ақылы түрде жүргізеді.  Сәби сүйе алмай жүрген жұптардың мемлекеттік квотаға ие болу мүмкіндігі де жоқ емес. Биылғы жылы ел қазынасының қаражаты есебінен 25 солтүстікқазақстандық отбасы эко жасатқан. Бірақ, тегін ұрықтандыру  тек Алматы, Астана және Тараз қалаларында жасалады.

Өңірде әйелдерді жүкті етудің тағы бірнеше әдісі қолданылады. Солардың бірі – жатырішілік инсеминация. Бұл жағдайда  көбіне жалғызбасты нәзікжандылар донордың көмегімен балалы болады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облыс