Бұл кесел жөнінен республикада алдыңғы орындардың бірін иеленетін өңір дәрігерлерінің айтуынша айықпас дертке шалдыққандардың 80 проценті – 30 бен 49 жас аралығындағы азаматтар. Дені – жұмыссыздар.
«2017 жылы 230 адамда, былтыр 170 адамда АИТВ инфекциясы анықталды. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен бақылауды бір сәт те босаңсытуға болмайды», дейді СПИД-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігері Айман Сыздықова.
Айлық акция барысында ерікті түрде тексеруден өткен 8 мыңға жуық тұрғынның ішінен тоғыз адамның бойынан АИТВ инфекциясы табылған. Елімізде АИТВ инфекциясына шалдыққан әрбір адамның тегін ретровируске қарсы ем қабылдау мүмкіндігі бола тұра солтүстікқазақстандықтардың 75 проценті ғана тұрақты түрде ем қабылдайды. СПИД орталығы емделушілер санын 90 процентке дейін жеткізуді көздеп отыр.
Мамандар өңірімізде есірткі қолданушылардың есебінен АИТВ инфекциясына шалдығу жағдайлары жиілегенін жасырмайды. Соңғы уақытта белең алған синтетикалық психотропты заттардың саудасына дем беріп тұрған да – осы интернет. “Спайс”, “тұз” деп аталатын заттар есірткіге тәуелділікті қалыптастыратындығымен қауіпті. Бүгіндері мұндай заттарды таратушылармен күрес әзірге жұртшылықтың, белсенді азаматтардың көмегімен жарнамаларды дер кезінде өшіру арқылы ғана жүргізіледі. Оның ақыры қорқынышты дертке әкеліп жатқанын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақсттан»
Солтүстік Қазақстан облысы