Қазақстан • 28 Қаңтар, 2019

«Нұр Отанның» жергілікті қабылдауына 5500 адам өтініш білдірген

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының бастауымен қолға алынған «Жергілікті халықтың мәселелерін шешеміз!» атты айлық аясында халық қалаулылары, сондай-ақ  басқарма басшылары қала іргесіндегі Красный яр кентінің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында кез келген азамат партияның қоғамдық қабылдауына келіп, өздерін толғандырып жүрген түрлі сауалдарын қойды.

«Нұр Отанның» жергілікті қабылдауына 5500 адам өтініш білдірген

Қоғамдық қабылдау «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Шараға партия өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, ішкі істер органдары, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері қатысты. Кездесуге келген тұрғындардың басым көпшілігін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, балабақша, жол, жылу сынды әлеуметтік мәселелер толғандыратын көрінеді.  

– «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Красный Яр селосында тұрғындармен кездесіп, олардың күнделікті өмірлерінде қандай мәселелер бар екендігін өз ауыздарынан естіп білдік. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту үшін көкейтесті мәселелерді шешуге бар күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Бұл орайда, уәде бермес бұрын егжей-тегжейлі зерттеп, біліп алуымыз керек, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғанов.

Нұрлы көш ауылында тұратын Бақытгүл Күлизаның тұрғын үйі апатты жағдайда тұрған көрінеді. Өткен түнде қабырғасы құлап қалған. Аталған ауыл тұрғындарының да құрылысқа жауапты компания өкілдеріне өкпесі қара қазандай.   

– Он жылдан бері үй мәселесі бойынша шешілмейтін дау болып келе жатыр. Жол мәселесі бойынша сауал жолдағым келеді. Он жыл бақпақ кешіп келеміз. Жүру мүмкін емес, – дейді Нұрлы көш ауылының тұрғыны Бақытгүл Күлиза. 

«Нұр Отан» партиясы жыл сайын халық арасында жоспарлы түрде көшпелі қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыруды игі дәстүрге айналған. Айта кетейік, өткен 2018 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша қоғамдық қабылдауға 5 жарым мыңнан адам келіп өтініш білдірген.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы