Былтыр алғаш рет Қытай нарығына қазақстандық балмұздақ пен ет шығарылса, Біріккен Араб Әмірліктеріне бал өнімдері экспортталды. Еліміздің сыртқы сауда нарығына ұсынатын өнімдері жайлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, экспортқа шығарылатын өнімдер саны жыл сайын 8-10 өнімге артуда. Биыл отандық темір жол өнімдерін Мысыр, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты елдердің нарығына шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар аммиак селитрасын Грузияға экспорттау көзделген.
− Бұған қоса, сары фосфор мен фосфорлы-калий тыңайтқыштары АҚШ, Германия, Польша, Чехия нарығына шығарылса, Ауғанстан, Сингапур мен Қытайға су, сүт, ет өнімдері экспортталады. Қырғызстанға жеңіл автокөліктер, Тәжікстанға арматура, Татарстанға жарма, Жапонияға мақсары майы жіберілмек, – деді А.Қабыкенов.
Еліміздің былтырғы жалпы экспорт көлемі 54,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 26,4 процентке артық. Сонымен қатар шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 3 процентке артқан. Айта кетерлігі, соңғы 5 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт үлесі 9%-ке өсті.
Сондай-ақ ол өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі экспорттық өнімдердің қатарында легирленген болат, пішінделген және арнайы профиль, құбыр, жіксіз профиль және басқа да металлургиялық өнімдер бар екенін атап көрсетті.
Экспортты дамытуға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Оған дәлел, шикізаттық емес экспортты ұлғайту шараларын күшейту мақсатында 2019-2021 жылдарға бөлінген қаражат көлемі – 500 млрд теңге. 2018 жылдың қорытындысы бойынша KazakhExport компаниясы тарапынан қолдау көрсетілген экспорттық келісімшарт сомасы 419,7 млрд теңгені құрады.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»