Театр • Бүгін, 08:30

Би асқақтатқан Ботай тарихы

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылжардың «Sensitive» (сезімтал) би театры туралы талай жаз­ған­быз. Бұл ұжым қазір би әлемінде өзіндік қолтаң­басымен танылып, шетелдерде мойындалып жүр. Еуропа, Азия елдері­нің талай байқауларына қатысып, үнемі жүлделі орындар алып, бірнеше бас жүлде иеленді.

Би асқақтатқан Ботай тарихы

Бұл театрдың ерекше­лігі сонда, оның биші­лері құлағы естімей­тін жандар. Осыдан жиырма жыл­дай бұрын бойында ұйым­дастырушылық қасиеті зор еке­нін сезінген өнер колледжі би бөлімінің студенті Ольга Рос­товщикова қаладағы құлағы есті­мейтін балалар тәрбиелене­тін мектеп-интернатқа барып, биге ыңғайы бар балалардан ансамбль құрған. Содан бері ансамбльдің жұмысы жалға­сып келеді. Труппаға жаңа үміт­керлер де сол интернаттағы би үйір­месіне қатысатын жастар­мен толықтырылады. «Құлағы естімейтін жандармен жұмыс істеу оңай болған жоқ. Мен алдымен ыммен сөйлесудің тәсілін де білмей, қағазға жазып айтатынмын. Бірақ бұлардың өнерге құштар екенін, бойларындағы бимен байланысты бұла күш­терін сыртқа шығаруға ұмтыла­тындарын көріп, қанша қиын болса да тастап кетпедім», деп еске алған еді Ольга Павелқызы өзінің бір естелігінде.

Sensitive-тің алғашқы тобы мектеп жасынан асып, енді олар­дың труппасын қайда жібере­міз, кімге қосамыз, бөлек театр салу­ға қаражат жоқ деген мәселе тұ­­йыққа тірегенде С.Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драмалық театры өзінің қанатының астына алған. Театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Жалғасбаев труппаның өте еңбекқор екенін айтты. «Таңғы сағат тоғыздан келген олар түнгі 10-11-лерге дейін репетиция жасайды. Таңғала­мыз», деді ол. Әуелі дарын, сосын еңбекқорлық қосылған соң алынбайтын қамал жоқ екені белгілі, жоғарыда айтылған табыстың қайнар көзі сонда болып тұр.

Ал енді «Ботай» этноплас­тикалық перфомансына келе­йік. Перфоманс (performance) ағылшын тілінен аударғанда орындау, ойнау деген сөз. Театр­лық көркем қойылымның бір жанры. Ал бидегі этнопластика дегеніміз этностың сипатын ашуға ұмтылып, өнердің пластикамен орындалуы.

Сөзіне қарағанда, Ольга Рос­товщикова бірде Париждің әлемдік көрмесінде болып, онда Қазақстанды жылқымен ұштастырып, ассоциация жаса­ған композиция көргенін айтады. Ал астында адамзаттың жыл­қыны алғаш қолға үйретуі Қазақстанның «Ботай» деген мекенінде басталған деп жазылған екен. «Оның үстіне «Ботай» Қазақстанның солтүстігінде деген анықтама беріліпті. Туған жерім аталған бұл сөздер маған тоқ ұр­ғандай әсер етіп, «Ботай» туралы қойылым жасауым керек деген ой жаныма маза бермеді. Содан драматург Қолғанат Мұрат­тың шығармасын қолға алып, оны сахналауға республикалық корей­ театрының режиссер-хореографы Анна Цойды шақы­­рып, театрдың директоры Біржан Жал­ғасбаевтың қолдауымен айналасы бір айдың ішінде қо­йылымды сахнаға шығарып отырмыз», деді ол перфоманстың алдында журналистерге берген
брифингте.

Осыдан 5 жарым мың жыл бұрынғы адамдар өмірі, олардың өзара талас-тартысы, жауларымен айқасы, табиғаттың дүлей күшімен алысуы пластикалық би­мен көркем бейнеленді. «Қа­дамым өнбейді, жылдам жүре алмаймын, аңға жете алмаймын» деген мұңлы күңірену де күй­кі тірліктің құтын қашырып тұрады. Жалғыз-ақ өмірден үміт үзбей еңбек қылуға ақыл берген Ұмай ананың ақылы да тайпа тұрғындарын біраз серпілткен болады. Осындайда үйірінен ада­сып, қасқыр талаған буаз бие адамдар арасына келіп құлындайды да өледі. Дәл осы күні тайпадағы бір келіншек дү­ниеге ұл бала әкеледі. Сөйтіп, екі құлын бірге өсіп, адамның жылқыны алғаш рет аналық махаббатпен қолға үйреткені бимен айтылады. Әрине, Күн мен Жер бейнесіндегі киелі әлемнің де әсері, фантазия мен қиял да оқиғаны бірде шиеленістіріп, бірде жаймашуаққа тартып, көр­кемдеп отырады. Ақырында «Ботай елі ерледі, асау мініп тер­леді» деген сарын шығып, қасын­дағы қолғанаты, ішсе қымызы, жесе қазысы, жауға мінсе пырағы, алысқа апаратын қанаты болған қасиетті жылқы мен адамның достығы әйгіленіп, перфоманс тамаша шешіммен ақталды.

Қойылым бір жарым сағаттай уақытқа созылғанымен қызық болған соң тез аяқталғандай әсер қалдырды. Бидің үнін, айтпақ болғанын толық түсінбесе де орындау шеберліктеріне сүйсінген көрермендер өнерпаздарға шынайы алғыстарын жеткізді.

Дәл осы күні Халықаралық театр күні аталып өткен еді, со­ған байланысты «Алтын сақа» деп жарияланған театрішілік байқаудың түрлі аталымдары бойынша жеңімпаз болған әртістерге құрмет қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

ПЕТРОПАВЛ 

Соңғы жаңалықтар

Көктемгі дала жұмысы қарқын алды

Шаруашылық • Бүгін, 09:10

Қаладан ауылға бетбұрыс

Ауыл • Бүгін, 09:05

ЖИ агенттерінің жәрдемі

Жасанды интеллект • Бүгін, 09:00

Таңдайдан кетпес ұлт дәмі

Кәсіпкер • Бүгін, 08:58

Қолжетімді сапалы дерек

Digital • Бүгін, 08:55

Саладағы цифрлық серпін

Білім • Бүгін, 08:53

Пластик қалдығы пайдаға жарады

Аймақтар • Бүгін, 08:48

Жанға жайлы жатақхана

Аймақтар • Бүгін, 08:43

Шынайы өнер шеруі

Театр • Бүгін, 08:40

Терең тағылым

Руханият • Бүгін, 08:38

«Наршаның сөзі – баршаның сөзі»

Руханият • Бүгін, 08:32